Футбол • 03 Мамыр, 2018

Еуропа лигасы: Ақтық сынға кім лайық?

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін түнде Еуропа ли­га­сының жартылай фи­налдық ойындары өтеді. Ап­та бұрынғы матчтардан соң жауапты кездесулерде финалистердің есімі бел­гілі болмақ. Сонымен жарыста қалған төрттіктің қай­сысында мүмкіндік мо­лырақ. Талдап көрелік.

Еуропа лигасы: Ақтық сынға кім лайық?

Өткен аптада жартылай финалдың алғашқы матч­тарын­да тартысты ойындар өтті. «Арсенал» өз алаңында «Ат­ле­ти­комен» тең түсіп, «Марсель» «Зальц­бургты» жеңді. Бұл екі ойын­ның алғашқысы тартымды әрі шым-шытырық оқиғаға толы болды. Лондоннның «Арсе­налы» кездесу фавориті еді. Ис­паниялықтардың сапында қорғаушы Шимо Врсалько «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуыл­ған соң, «Арсеналдың» ша­буылы күшейе түсті. Алек­сандр Ляказзет есеп ашып, «зеңбірекшілерді» алға шығар­ды. Алайда 80-минутта Ануан Гризман таразы басын теңес­тіріп кетті. Бұл ойында «Ат­лети­коның» бас бапкері Диего Си­мионе де төрешіден «қызыл қа­ғаз» алып, шәкірттеріне жақын жерден ақыл айта алмай қалды. Енді ол өз алаңындағы ойында да, трибуна төрінен орын алады.

Маусым соңында бас бап­керлік қызметінен кететін Ар­сен Венгер 24 жыл басқарған ко­ман­дасымен кетераяқ жасап, бір трофей жеңіп кеткісі ке­леді. Бұл ойын Венгер үшін еуро­кубоктегі 250-ші ойын болып­ты. Сонымен бірге лон­дон­­дықтарға қазір Еуропа лига­сының кубогы ауадай қажет. Се­­бебі олар ішкі біріншілікте үз­дік төрттіктен шығып қалып, Чем­пиондар лигасына қатысу мәр­те­бесінен айырылды. Демек, «Вандо Метропалитано» стадио­нында өтетін ойында Арсен Венгер командасы ештеңеден тайынбайды.

Бірақ «Атлетико» Еуропа ли­гасының соңғы 3 ойынында, өз стадионында мүлде гол жі­бер­мей, жеңіске жетіп отырды. Ал «Арсенал» испан клубтары­на қарсы өткен сырттағы ойындардың басым бөлігінде жеңіліс тапқан. Оның үстіне «Арсенал» Еуропа лигасының дебютанты болып саналады. Жауапты ойында басымдық алаң иелерінде болғанымен, «Атлетикоға» қарсы 7 рет ойнап, 4 гол соққан Месүт Өзіл секілді футболшылар текетірес тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін.

Ал екінші жауапты ойын Аустрияда өтеді. «Зальцбург» Францияның ортаңқол ұжымы «Марсельді» қабылдайды. Алғашқы ойында Димитри Пайе бастаған сайыпқырандар қарсыластың адымын аштырмай, 2:0 есебімен басым түсті. Енді өз алаңында 10 ойын бойы жеңіліп көрмеген «Зальцбург» француздарға не күш көрсетер екен?! Жай жеңіп қана қоймай, аустриялықтарға 3 доп айырмасы керек. Осы жылғы Еуропа лигасында олар 3 ойында 3 доп айырмасымен жеңіске жеткен. Сонымен қатар қос команда топтық деңгейде бір-біріне қарсылас атанған. «Зальцбург» өз алаңында 1:0 жеңіп, сырттағы ойынды тең аяқтаған.

Бұл кездесудің жеңімпазы 16 мамыр күні Лион қаласында өтетін финалда шартты түрде алаң иесі болып саналады.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»