Қазақстан • 03 Мамыр, 2018

Жаңа оқулықтар жоғары оқу орындарына жол тартады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымында сөйлеген сөзін талқылауға және бағдарламалық мақаласының жарияланғанына жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.

Жаңа оқулықтар жоғары оқу орындарына жол тартады

Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен өткен жиынға Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ұлттық аударма бюросының және ғылыми-сарапшылық қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының өкілдері қатысып, қызу талқылау жүрілді. Пікір алмасу барысында қатысушылар Ұлттық аударма бюросының қызметімен, қазақ тіліндегі алғашқы 18 таңдаулы оқулықтарды жарыққа шығарудың ерекшеліктерімен жан-жақты танысты.

 «Бұл жиынның мақсаты – 100 жаңа оқулықты қазақ тіліне аудару бойынша жобаның маңыздылығына, сондай-ақ алты жалпыұлттық жобаны іске асыруға қоғамның қатысу перспективасы туралы сараптамалық пікірді жалпылау», деді аталған институттың Шарттық зерттеулер департаментінің директоры  Дәурен Ермекұлы Базаров.

Жиында Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских,  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Шаяхметов және өзге қатысушылар сөз сөйлеп, сана модернизациясы гуманитарлық білімге тікелей байланысты болғандықтан тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, экономика, антропология, мәдениетану, филология мен педагогика ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасау қажеттігі тұрғандығын алға тартты.  

Осы орайда оқулықтың аударылу барысын баяндаған Ұлттық аударма бюросы Жоба жетекшісі Қисыбай Әлібек: «Белгілінген шарттарға сүйене отырып биылға 18 оқулық таңдалды. Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ге жуық маман қатысты. Жоспарға сай, бұл оқулықтар мамыр айының соңына дейін жоғары оқу орындарына  жеткізіледі. 2018-2019 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғарғы білі беру жүйесіне енеді. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары осы оқулықтармен оқыта бастайды», деді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақастан»