Қазақстан • 03 Мамыр, 2018

«Цифрлық темір жол» Қазақстанның логистикалық ахуалын жақсартады

573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2 мамырда Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экспорт саясаты, экспортты қолдау шаралары, тұтынушылардың құқығын қорғау, транспорт және логистиканы цифрландыру мәселелері қаралды.

«Цифрлық темір жол» Қазақстанның логистикалық ахуалын жақсартады

2018–2022 жылдарға арналған салалық «Цифрлық темір жол» стратегиясының атқарылу барысы туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» басшысы Қанат Алпысбаев баяндады.

Қ. Алпысбаев Компанияның жүк, жолаушылар тасымалы, темір жол инфрақұрылымы және көлік логистикасы сынды негізгі операциялық сегменттерінде заманауи ақпараттық жүйелердің өндіріске енгізіліп жатқанын хабарлады.

«Цифрлық темір жол» стратегиясы 21 жобаның орындалуын көздейді, оның екеуі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылуда», —деді «ҚТЖ» басшысы.

Жолаушылар тасымалында тапсырыс берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру көзделген. Жолаушылар тасымалында электронды билет алу технологиясы баламалы түрде интернет ресурсын пайдалану арқылы жүргізіледі. Пойыздардағы бос орындар ашық көрсетіледі, «күту парағы» және «пойыздар рейтингі» функциялары бар. Қазіргі таңда 17 мыңнан астам терминал қамтылған. 2017 жыл қорытындысы бойынша жалпы билет сатып алудың 64%-ін электронды билеттер құрады. Мұны 2020 жылға дейін 90% жеткізу жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда клиенттердің өтінімдерін 24/7 режимінде орталықтандырылған басқару желісін енгізу жоспарда бар, бұл клиенттердің арыз, шағымдарына жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, кері байланысты дамытады», — деді Қ. Алпысбаев.

Мультимодальдық тасымалдар саласындағы цифрландыру процестері транзиттік контейнерлік тасымалды дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда электронды биржаға арналған бірыңғай платформа құрылған. Оған 1700-ден астам клиент қатысуда. «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА процестерін автоматтандыру жүйесі енгізілген. Бұл көліктің өтуін 10 минуттан 30 секундқа дейін қысқартты. Қатысушылардың тіркелу кезіндегі шығынын €2000-дан €200-ға дейін қысқартып, жемқорлық қауіптерін төмендетеді.

«Тапсырыс беруді өңдеу уақытын қысқарту мен аса оңтайлы логистикалық бағдарды анықтау мақсатында «бір терезе» қағидасы бойынша мультимодальді тасымалдарды басқарудың біріктірілген платформасы енгізіліп жатыр», — деді Қ. Алпысбаев.

Жүкті теміржол тасымалдарына да ақпараттық жүйелер енгізілуде. Олар тасымалдау процесін ұйымдастырудың тиімділігін арттырады, тауарларды уақытында жеткізуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, басқа теміржол әкімшіліктерінің шекараларын кесіп өту рәсімдерін жеңілдетеді.

«Компания жүктерді онлайн режимде қадағалау қызметтерін енгізді, жүк қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және жүктің рұқсат етілмеген қол жеткізу әрекеттеріне тез арада жауап қайтаратын электронды құлып құрылғыларының жүйесін, « Келісімшарттық және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған жүйесін енгізді. Жүк тасымалдау үшін 100% «қағазсыз» өтініш беру, сондай-ақ ҚР ҚМ ККД «Астана-1» ақпараттық жүйесімен біріктіру жүзеге асырылды», — деп мәлімдеді Қ. Алпысбаев.

Компанияда «Цифрлық темір жол» аясында шығындарды оңтайландыру, жолдың цифрлық диагностика жобасын енгізу, пойыздардың қозғалысын және 17 темір жол вокзалының цифрлық сервистерін басқару орталығының жұмысын жетілдіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Алдын ала бағалау бойынша, Стратегия жобаларын іске асырудан түсетін жалпы экономикалық тиімділік 115 млрд теңгені құрайды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобаларын табысты жүзеге асыру еліміздің логистикалық ахуалын жақсарта түседі», — деп атап өтті Қ. Алпысбаев.