Қыс мерзімінде жабдықтардың жұмысында ақау болмады, температуралық кесте сақталды, жоспардан тыс тоқтап қалулар орын алған жоқ. Жылу беру аяқталмай жатып-ақ, ССКӨБ жылу электр орталығының қызметкерлері жабдықтарды жөндеуге кірісіп кеткен. Биыл ЖЭО-ны ауқымды жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Бұл мақсатқа төрт миллиард теңгеден астам қаржы бағытталмақ.
«Алғашқы жөндеу жұмыстарын біз 20-наурызда бастадық . Жөндеулер №4 бу қазандығында, №5 су жылытқыш қазандықта, №1 бу турбинасында жүріп жатыр. Бұл жабдықтардың барлығы қаланы жылумен қамтамасыз етуге қатысады» дейді «ССКӨБ» АҚ ЖЭО директоры Олег Әбілқайыров.
Жаз айларында жылу берушілерді су жылытқыш қазандығы бойынша ауқымды жұмыстар күтуде. №1 және №2 қазандықтарды консервациядан шығару, № 5 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Осылайша, жаңа жылу беру маусымы басталғанша барлық бес су жылытқыш қазандық қайта қалпына келтіріледі. Мұның барлығы жабдық жұмысының тиімділігін, қала мен Горняцк кентіне жылу мен ыстық су берудің сапасы мен сенімділігін арттыру үшін жасалынып отыр. Негізгі жабдықтардан бөлек ЖЭО ұжымы құбырларды да назардан тыс қалдырмайды.Жаңа жылу беру маусымына дайындыққа Алматы мен Қостанайдың мердігер компанияларының мамандары да көмек беруде.Аталған жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына еш жайсыздық тудырмайды.
Келесі жылу беру маусымына дайындықпен бір мезгілде ЖЭО-да ұзақ мерзімді іс-шаралар да жалғаса береді. Павлодар машина жасау зауытымен көмірді жинау үшін пайдаланылатын арту кранын жасау жөнінде келісім шарт жасалған. Қысқы кезеңде станцияның үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін осы кран арқылы орта есеппен 2,5 мың тонна көмір өтеді. №3 турбина цилиндрін әзірлеу бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Ол Рудный мен өнеркәсіптік аумақты жылытуға арналған. Жаңа бұйымды Қарағанды турбомеханикалық зауыты дайындап жатыр.
«ЖЭО-ны жылу беру маусымына дайындау мәселесіне жыл сайын ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы жылдары орталықта көп жаңарулар орын алды және мұның барлығы қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуді жақсарта түсті. Біз өз тұтынушыларымызға тек сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Сондықтан Рудный үшін әлеуметтік маңызы зор нысанды жаңғыртуға қомақты қаражат бөлудеміз» деді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Рудный