Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жәрмеңке жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сондай-ақ, «Дипломмен – жұмысқа» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел халқына арнаған Жолдауында: «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек», дей келе, барлық қазақстандықтарды мемлекет игілігі жолындағы еңбекке шақырды, бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғындырды, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Әлбетте, Мемлекет басшысының бұл стратегиялық тапсырмасын орындауда ел жастарының рөлі зор. Президент өз еңбектерінде жастар реформалардың алғы сапында болуға тиіс және ХХІ ғасырда Қазақстанды құратын да, дамытатын да нақ осы өскелең ұрпақ екенін ерекше атап көрсетті. Жолдауда жүктелген әлеуметтік жаңғыру жолындағы нақты міндеттерді жүзеге асыруда бұл жәрмеңкенің өзіндік маңызы бар екендігін ерекше атап өткім келеді. Іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешетін маңызды механизм болып табылады, – деп атап өтті шара ұйымдастырушылары.
Жәрмеңкеге Алматы облысы мен Алматы қаласындағы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары қатысып, өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады. Сондай-ақ, олар өз жетістіктері тіркелген портфолиоларының көрмесін өткізіп, презентация жасады.
– Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілер үшін де маңызды. Жастар өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біздер үшін түлектердің іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік тудырады. Осы тақылеттес шаралар арқылы түлектерге ақпарат бере аламыз. Орта мектепке қызметке орналасқан жас маманға тәжірибесі мол ұстаздар бағыт-бағдар беріп, жұмысының қыр-сырын терең меңгеруіне әрқашан қолұшын көрсетеді. Сондықтан жастар жұмыс істеуге деген ынта-ықылас танытса, біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді жәрмеңкеге қатысушы жұмыс беруші.