Аймақтар • 03 Мамыр, 2018

Отарда деңгейі жоғары жауынгерлік шеру өтеді

528 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз Тәуелсіздік алғалы игі дәстүрге айналған 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Қордай ауданындағы Отар 40-шы әскери базасында жауынгерлік шеру өтеді. Бүгінгі таңда әскери база аумағында жауынгерлік шерудің жоғары деңгейде өтуі үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде. 

Отарда деңгейі жоғары жауынгерлік шеру өтеді

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы басшысының орынбасары Адылбек Алдабергенов, Әскери әуе күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Қосанов, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мұрат Бектанов және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Дулат Адырбековтің қатысуымен жауынгерлік шеруге дайындық барысы туралы баспасөз мәслихаты өтті.

  Отан қорғаушылар күніне орай өткелі отырған әскери шеруде Қарулы Күштердің заманауи техникалық жабдықталуы көрсетілетін болады. Сонымен қатар, шеруге 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300 бірліктен аса қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 30 бірлік ұшу аппараты тартылған. Ал ауқымды шараға қатысатын офицерлер мен жауынгерлер сәуір айының басынан бастап Отар әскери базасында дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді.

  Аталған жауынгерлік шеруде еліміздің Қорғаныс саласының бүгінгі таңдағы әлеуеті мен күші жан-жақты көрсетілетін болады. Мұнда майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясы, С-295 су жаңа әскери-көлік ұшақтары мен Су-30 көп нысаналы жойғыштар өзінің жоғары мүмкіндігін көрсетеді. Сондай-ақ, аумақтық қорғаныс әскерлеріне тұңғыш рет жауынгерлік тулар табыс етіледі.

 Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында жауынгерлердің қатаң сүзгіден өткені де айтылды. Нәтижесінде әскери дайындығы жоғары сарбаздар ғана шеруге қатысу мүмкіндігіне ие болған. Оларды іріктеу психологиялық және саптық дайындық негізінде жүргізілген.

 Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінен келген әскери қызметшілер база аумағындағы шатырларда тұрып жатыр. Әскери сарбаздар үшін палаткалар, медициналық, тамақтану пункттері және жуыну орындары қарастырылған. Қалашықтың аумағында бос уақытты ұйымдастыру үшін жылжымалы ақпараттық кешен де орналастырылыпты.

 Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл өңірінде өткелі отырған шерудің биылғы ерекшелігі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы, авиацияны жауынгерлік тұрғыда қолдана отырып, барлау бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылдарын көрсету болып отыр. Егемен еліміздің абыройын арттырып, мәртебесін биіктететін шараның биік деңгейде өтуі үшін бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, аталған әскери шараны ел тұрғындары республикалық телеарналардан тікелей эфир арқылы тамашалай алады. Аталған жауынгерлік шерудің Тәуелсіз ел жастары үшін де маңызы зор болмақ.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы