– Апай, алғашқы ұстазыңыз есіңізде ме, сауатыңызды қай әліпбимен аштыңыз?
– Мектепке барған жылы латын графикасы болатын, бірден латынмен сауат ашуға тура келді. Дәл 1932 жылдың жаз айының басында Ақтөбеде жұмыс істеп жүрген әкемізді облыста сол жылы құрылып жатқан Табын ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп жіберді. Табын – қазіргі Байғанин ауданы. Ол ең шеткі, көлік бара бермейтін, тек ат арбамен ғана баратын жер. Әлі есімде ат арбаның үстіне күрке тігіп, алаша, киізбен жауып, астына жұмсақ төсеніш төсеп анамыз, 10-нан аса бастаған Хамит деген ағам, 8-ге келетін мен және 3 жас кіші сіңілім арбада отырамыз. Әкеміз бен қалғандары салт атпен 4-5 күн жүріп бардық. Сонда жолдан ауырып бардым ба, әлде Ақтөбеден ауырып шықтым ба, жол бойы жөтелумен болдым. Барғанда басымды көтере алмай жатып қалдым. Барғасын көп ұзамай, оқу басталды. Мені 1-класқа жазды. Жазғанын қайтейін, мектепті көрмедім. Күндіз-түні жөтелем де отырамын. Ағам мен сіңілім сап-сау. Ағамыз ұрыспайтын, төбелеспейтін, айқайламайтын жақсы бала болып өсті. Ағам таңертең сабаққа кетеді, мен үйде ауырып жатамын. Түсте келіп, Жеміс анамыздың дайындаған дәмді тағамдарын, шайын ішіп алып, сабақ дайындауға отырады. Қасында мен де отырамын. Сөйтіп біртіндеп әріп, сан үйрете бастады. Анамыз оқымаған кісі болғанымен, біздерге сабақты жақсы оқуымыз үшін бар жағдайды жасауға тырысатын.
– Сонымен қашан жазылдыңыз?
– Көпке дейін жөтеліп жүрдім. Әкеміз бен шешеміз айтады екен: «Бұл баламыз да бұл дүниелік емес-ау» деп. Өйткені менің алдымда 2 қыз, 1 ұлдары шетінен кеткен. Бірақ бұл көкжөтел деген ауру бір жерден екінші жерге көшкенде қалады екен ғой. Бір жыл өткеннен кейін, 1933 жылға қараған аштық басталған жылы отбасымызбен қазіргі Арал қаласына жіберді. Сол жерде де алақыстай ауырып, бірақ жазылыппын. Аралда мектеп бар екен, едені кәдімгі тақтай, терезелері үлкен.
– Сонда сіз әріпті ағаңыздан, үйде отырып үйрендіңіз бе?
– Мен оқиын деген ниетпен оқыған жоқпын. Күндіз тамақ ішіп болғаннан кейін ағамның қасына отырып алып, ол не, бұл не деп үйрендім. Ауырған баланың ойында жұмысы болмайды. Бір нәрсеге қадалып қалса, соны ермек қылады. Маған сол ағамның оқығаны ермек болды. Ағамның мектептен келгенін сарғайып күтіп отыратынмын. Ағам 3-класта оқитын. Сонда алғашқы ұстазым ағам болды. Мені мектепке тіркеп қойғаннан кейін 2-3 айда, сірә, мектеп жіберген болар, бір ұзын бойлы, қара торы ер адам келіп тұратын. Мынау қандай әріп, мынау қалай оқылады деп сұрайтын. Бірақ алғаш мектеп, парта, тақта, мұғалім дегенді көргенім 2-класта.
Мұғаліміміз бір семізше келген, бойы аласалау татардың әйелі болды. Қап-қара киінетін. Басында қара орамал, аяғында қара бәтіңке, үстіндегі бешпеті де, көйлегі де қара. Аз сөйлейтін, тіпті сөйлемейтін десем де болады. Оқулықтағы барлық өлеңді оқытып, жаттататын, тақтаға есеп шығартатын. Осы күні ойлаймын, сол мұғалім не тіл білмеді, не оқытушылық тәжірибесі жоқ. Бізге ұрыспайтын, оны анамыз сияқты жақсы көретінбіз. Шашымыздан сипап, мақтап жүретін. Екі нәрседен пайдасы тиді. Жаттатып үйретті. Қазірде мен бір оқыған өлеңім есімде қалып қояды. Мысалы, 90-жылдар Шәкәрімнің мына бір өлеңі газетке алғаш жарияланғанда оқыдым да, бірден жатталып қалды, әлі есімде бар:
«Кейбіреу өзін мақтап былжырайды, Шамаңа өлшеп сөйлесең нең құрайды. Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!». Тура бірінші оқығаннан жаттап алғаным. Сөйтіп 2-класта есеп шығаратын болдым, есепті сол қолыммен, әріптерді оң қолыммен жазамын. Математикадан жақсы болдым. Бір ғажабы, сол кезде ең күшті мұғалім математика мен қазақ тілден беретін ер мұғалімдер еді. Ер мұғалім болғанның пайдасы қатты тиді.
– Әліпби өзгерген соң халықаралық термин сөздердің жазылуы да өзгермек, бүгінде. Термин сөздерді қазақ тілінің үндесім заңына сәйкес сындырып жазамыз ба, әлде ағылшын емлесімен бірдей жазамыз ба, қай жолды таңдайтынымыз даулы. Сізден бір білгіміз келетіні сол кезде «сындырылып» жазылған емле қалай қабылданып еді? Әлде сіздерге мүлде білінбеді ме?
– Ол кезде термин дегеннен хабарымыз жоқ. Бірақ сөздерді үндестіріп жазу сол кезден болатын. Әлі есімде, ашудас деген сөз – ащытастан айта келе өзгеріп кеткен. Бүгін деген бұл күн деген сөз, биыл деген бұл жыл деген сөз деп мектептен бастап үйретті. Мына екі сөз бірігіп кетіп айтылғанда бір сөз болып шығады. Мағынасы өзгеріссіз, дәл сондай мағынаны беріп тұр деп оқытты. Мысалы, кәсіподақ, өнеркәсіп дегендер сол кезде пайда болды. Ол сөздер тіпті түсініксіз еді. Кәсіп деген не, өнер деген не, кәсіптің өнерге қатысы не деген сияқты сұрақтар пайда болатын. Ереже шығарушылар жаңа сөздердің тұлғалары анық, түсінікті болып тұру үшін сақталып жазылсын деп, содан осы күнгі морфологиялық принципіміз жол алып кетті. Халықаралық сөздер өте ауыр қалыптасты. Бірақ альбом дегенді әлбом деп, қиындықсыз жаза бердік.
– Қалай ойлайсыз, егер сол орфография бүгінге дейін сақталса, біз ұтар ма едік, ұтпас па едік?
– Ұтар едік. Өйткені тілімізде қалай айтылса солай жазу бар ғой. Дағды деген бар жазуда, не нәрсеге дағдылансаң соны автоматты түрде қайталай аласың. Мысалы, кірме сөздердің көбі орыс тілі арқылы келді бізге. Барлығы десек те болады. Сонда осы альбом дегендерді «ь»-мен жазу дағдыға айналды да, осы күні дұрыс екен деп ойлаймыз. Ал латын кезінде әлбом деп жазылды. Солай қалыптасып кетсе еш ұтылмас едік. Әлбом дегенде жіңішкелік белгісінсіз-ақ «ә» әрпі «л» әрпін жіңішкертіп тұр. Жазылу мен айтылуды әлдеқайда жақындастырар едік. Әлбом деп жазсақ, орысша айтқандағы альбом шығады. Мен жазу ережелерін жасағанда көмектесер едім дегенде осыларды айттым.
– Кирилге көшкендегі кез есіңізде ме?
– Мен 15 жасымда мұғалім болдым. Күз басталғанда кирилді қолға алды. Тез арада жасына да, кәрісіне де үйретіңдер деді. Кейбіреулер тек арабша білді, латынды да әлі үйреніп бітпеген, ал мен 1-кластан латынды білемін. Латынға келгенде ешкімді алдыма салмаймын. Ал кирилге келгенде бізде орыс тілі жүретін. Орысша әріптерді білеміз, сондықтан маған қиын болмады. Біздерді, жастарды кеңселерде жұмыс істейтіндерге кириллицаны үйретесің деп сабақтан босатып, кейде демалыс күндері жұмсайтын. Үлкен-үлкен аталарымызға үйрететінбіз.
– 42 әріптен тұратын қазіргі әліпбимен біз жаппай сауаттылыққа жеттік. Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары шашауы шықпай белгіленді. Әріптердің таңбасы да бірден танылады, өйткені жүйелі. Бір әріп – бір дыбыс принципі сақталған. Осы жетістікке қалай жетті?
– Ол кезде де қазіргідей ұзақ тартыстар болып жататын. Ондағы тартыстан мынаны білемін, біздің әліпбиді орыс ғалымдары, дүниежүзіне танымал түркологтардың өзі қатты жазғырды. 42 әріп деген не сұмдық, қысқартыңдар, деп. Қазақтар қырсық, бір айтқаннан қайтпайды, мәдениетсіз деп көрсетті. Соған қарамастан І.Кеңесбаев, М.Балақаевтар тілімізді сақтап қаламыз деп өз айтқандарынан қайтпай тұрып алды. Шынында да тіліміз сақталды. Кейін де конференциялар жиі болатын болды. Әсіресе у және и дыбыстары жөнінде көп талас болды. Шындығында олар жарты дауысты немесе сонор дыбыстар. Тілімізді сақтадық дегенге мынаны айтып отырмын. Мысалы, татарлар тау, бау дегендегі у дыбысын орыстың в дыбысымен берді. Енді қазіргі жастары тауықты тавук деп, тауды тав деп сөйлеп кетті. Осы күні татарлар бізге қызығады. Сендер айтқандарыңнан қайтпай, тілдеріңді сақтадыңдар ғой деп.
– Апай, дауысты у дегенді бұрын ұу деп жаздық. Мысалы, барұу деп. Осылай жазу дұрыс па?
– Байтұрсыновтың арабты жаңартудағы пікірі дұрыс болды. Әсіресе кейбір сөздерді буынға бөлу арқылы жазу керек дегені. Еш уақыт 2, 3 буындар дауыстыдан басталмайды, дауыссыздан басталады. Мысалы, дауыс деген сөз да-уыс деп бөлінеді, сол сияқты қуыс деген сөзді қу-ыс деп буынға бөле алмаймыз. Сондықтан құ-уыс деп бөлінеді. Бұлардың бір әріппен жазылып кеткені – кирилдегі у әрпіне байланысты. Ал мый дегенді ми деп жазуға болмайды. Оны тавуқ деген сияқты, ми деп оқиды. О баста у-ды жуан дауысты, и-ді жіңішке дауысты дыбыс деп алдық та, соған дағды алып кеттік. Ұу, ый деп жазудың бір қиындығы әріп саны көбейіп кетеді. Латынға көшкенде көп қиындықтың келмегені, көбі тіпті орыс алфавитін білмейді. Тек арабша білді. Қарсылық істей алмады. Қазір енді орысшаға үйреніп қалды, қарсылық көп. 80 жылдан аса көз үйреніп қалған жазуға жат болып тұрады. Бірақ жазу керек.
Кирилді қабылдаған кезде де өте күшті ғалымдар қызмет етті. Латынға көшкенде де күштілер болды. Байтұрсынұлының мектебі ғой. Қанша дүние шықты XIX ғасырдың екінші жартысында. Латынға көшкенге дейін қаншама газет-журналдар шығып жатты. Біреуін оқи алмаймыз. Ал қазір орысшадан латынға көшсек оңай. Өйткені орыс әріптерін де, тілін де білеміз. Ал арабшадан латынға көшкен ауыр болды. Өйткені араб жазуының фигуралары мүлде басқа ғой, ал орыс жазуы мен латын жазуы фигуралары бір. Бірақ басқа болса да, оңтайлы болды. Мысалы, ғ дыбысын жазу үшін қ дыбысының таңбасына сәл өзгеріс салды да, қойды. Сондықтан тануға жеңіл. Латыншаны үйрену енді ғана мектепке барғандарға қолайлы болды. Қазір үйрену тіптен қиын болмайды. Сосын жазуды тек компьютерде болады деп ойламау керек. Мысалы, мен бір бөлмеде отырған адамға хат жазғым келеді, сол кезде мен компьютерді тасып жүремін бе? Компьютерге тіпті жолағылары келмейтіндер болады, көздері ауыратындар болады. Мысалы, мен әдейі үйренбедім. Сондықтан әріптер қолмен жазғанға да ыңғайлы болу керек. Қаламды дәптер бетінен үзбей жазу керек. Қазақтың әрбір дыбысына арнайы бір таңба қажет. Латын әліпбиін пайдаланатын басқа халықтарға біздің әріптеріміз оғаш көрінбегені жөн, басқа халықтарға латында жоқ таңбалардың кездесіп қалуы кеселдік келтіреді деген пікірлерге келіспеймін. Адамның санасы тез үйренеді. Одан қорықпау керек.
Әңгімелескен
Құралай КҮДЕРИНОВА,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
PS. Апайдың бір ерекше сөзі бар: «Бір ғажабы» деген. Бұл кісі де Байтұрсынұлы заманының ғажабы. Көзі нашарлап, оқи алмағанына, елдегі жаңалықтарды өз көзімен оқи алмағанына қатты уайымдайды.
Ғажап.