Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Бес әлеуметтік бастаманың орындалуы бақылауда

581 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға» қатысты нақты ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелген болатын. Бұл орайда бастамаларды жүзеге асыру бойынша жауапты органдар анықталып, іс-шаралар айқындалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды «Нұр Отан» партиясы бақылауына алды.

Бес әлеуметтік бастаманың орындалуы бақылауда

Мемлекет басшысының тапсырмасы өңірлерде қалай орындалуда? «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында «Білім беру» бағыты бойынша партиялық куратордың комиссиясы көшпелі отырыс өткізіп, жоғарыдағы сұраққа жауап іздеді. Отырыста Мәжіліс депутаты, комиссия төрағасы Ә.Бектұрғанов, Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Н.Оспанова, облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, Мәжіліс депутаты, комиссия мүшесі Б.Хаменова баян­дама жасап, өзекті мәселелер бойынша өз ұсы­ныстарын ортаға салды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ә.Бектұрғановтың айтуына қа­рағанда, еліміздегі колледждерді материал­дық-техникалық қамтамасыз ету 50 пайыз­дың маңында. Кәсіптік білім алушылар­ды шәкіртақымен, жатақханамен, тамақ­пен қамтамасыз етуде де бірқатар мәселе бар. Жоғары оқу орындары, мектеп тура­лы көп айтылады, ал колледждердің жағ­дайы көлеңкеде қалуда. Ал Мәжіліс депу­таты Б.Хаменова өз баяндамасында тех­ни­калық және кәсіптік білім беруде бағдар­лама ескіргенін, жергілікті жерлерде элек­тронды оқулық құралдары жеткіліксіз екенін атап өтті. Еліміздегі 824 колледждің 41%-ы ғана талапқа сай. 2011 жылдан бері кол­ледждерге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеген. Тек жергілікті бюджет қаржысымен және гранттармен күн көріп келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың кәсіптік білім алуы ескерілмеген, яғни арнайы оқу орны да, мамандар да жоқ.

Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында да шешімін күткен мәселелер аз емес. Елбасы биылғы Жолдауында жұмыс берушілерді тарту арқылы халықаралық талаптар мен цифр­лы дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңартуды тапсырған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр осы бағытта бірқатар жұмыс қолға алынғанын атап өтті. Өңірде 12 жоғары, 94 арнаулы оқу ор­ны бар. Арнаулы оқу орындарының 43-і мем­лекеттік болса, 51-і жекеменшік. Облыста жұ­мыс берушілерді тарту арқылы дуалды оқы­ту жүйесі 2 жоғары оқу орнында және 38 колледжде 33 мамандық бойынша 173 кәсіп­орынмен меморандум жасалған. «Кәсіпкер­лер палатасымен бірлесіп құрылыс, техни­калық, ауылшаруашылық және қызмет көр­сету салалары бойынша дуалды оқыту жүйе­сі енгізілді. Дегенмен заман­ауи жабдықтал­ған ірі кәсіпорындар жастарды оқытуға келісе бермейді. Осы орайда студенттерді тәжірибеден өткізу, оқыту үшін оларға түрлі салық жеңілдіктерін қарастыру қажет секілді. Сондай-ақ барлық колледждердің ма­териалдық-техникалық базасын жабдықтау мүмкін емес. Өйткені техника мен технология күнде дамып жат­қан­дықтан, биыл жабдықталған колледж келесі жылы ескіріп қалуы мүмкін», дейді Е.Садыр.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасында жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екені айтылған болатын. Бұл орайда облыста ағымдағы жылдың екінші жартысында 2 жоғары оқу орны – Сырдария университеті (254) және Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті (500) тарапынан 754 орындық 2 жатақхана пайдалануға бе­рілетін болады. Сонымен қатар колледж студенттеріне 11 жатақхана салу жоспарланып, оның 9-на жер телімі бөлінген, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қолданыстағы 21 жатақханада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Облыс әкімінің орынбасары келтірген деректерге қара­ғанда, өңірдегі 12 жоғары оқу орнының күн­дізгі бөлімінде білім алатын 45 мыңнан астам студенттің 15 мыңы жатақханаға мұқ­таж. Бүгінде олардың 48 пайызы немесе 7200 студент жатақханамен қамтылған. Ал кәсіп­тік-техникалық колледждерде күндізгі бөлім­де білім алатын 67 мың студенттің 11500-і жа­тақ­ханаға мұқтаж, қазіргі таңда олардың 70,4 пайызы немесе 8105 студент жатақха­нада тұрады. 

Комиссия отырысында жастардың мамандық таңдауы, ұсыныс пен сұраныстың сәйкессіздігі сынды мәселелер талқыланып, қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жолдау үшін ұсыным қабылданды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы