Ерлан Әлібекұлының сөзіне сүйенсек, Алматы қаласының аумағы сел-тасқынға қауіпті, оған қоса Алматы қаласының маңайында 36 мореналық көл бар, олардың он жетісі бұзылу қаупі бар көл ретінде белгіленген.
Жыл сайын осы мақсат бойынша жергілікті бюджеттен, сондай-ақ, республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.
2017 жылы 9 бұзылу қаупі бар морена көлдерін босату үшін бірінші рет диаметрі 315 мм болатын сифон құбырлары (ұзындығы 1,5 шақырым), сондай-ақ Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасы бойынша 2016 жылы әкімдіктен алынған сағатына 400 м.3 су соратын жоғары өнімді сорғылар қолданылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 4 көл толықтай босатылды. Қалған көлдерде су деңгейі 2-ден 9 метрге дейін төмендеді. Және жергілікті бюджеттен бөлінген 13 млн. теңгеге «Қазселденқорғау» АҚПБ ММ жоғары таулы су бекеттеріне 10 тұрғын үй модулі сатып алынды.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласын селден қорғау мәселесін түбегейлі шешу үшін 4 аса қауіпті учаскені тексерді. Олардың ішінде біреуінде қорғаныс құрылымдары мүлдем жоқ болып шықты. Бұл кемшілікті жою үшін төмендегіде шаралар жүргізу қажет деп танылды:
– Үлкен Алматы өзеннің жоғарғы жағынан Аюсай өзенінің төменгі жағына дейін сел ағынды бөгет құрылысын жүргізу;
– Ақсай өзеніне сел ағынды бөгет құрылысын салу;
– Қолданыстағы Мыңжылқы (Кіші Алматы) бөгетін қайта құру;
Аталған учаскелер бойынша 2016 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген (169,1 млн.теңге) қаражатқа жобалық- сметалық құжаттар жасалды.
2017 жылы трансферт тәсілімен бөлінген қаражатқа қолданыстағы Мыңжылқы бөгетінің бірінші кезеңіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді және ГЭС-1 ҮАӨ автожолындағы қауіпті учаскелерге қорғаныс құрылыстары салынып, қауіпті аймақтардағы аса қауіпті жерлер нығайтылды. Мыңжылқы бөгетін қайта жөндеудің 2-ші кезеңі 2018 жылға жоспарланған.
Селге қауіпті Үлкен Алматы өзені арнасының су жіберу мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында 2017 жылы республикалық бюджеттен бөлінген (11 млн. 858 мың теңге) қаржыға өзеннің айналасына өскен 2268 жабайы ағаштар мен бұталар кесілді. Сонымен қатар, бүгінгі күні өзеннің техникалық жағдайы көңіл көншітпейді(аралас темірбетон құрылыстары бұзылып, соның салдарынан су ағынының жылдамдығы тұрақтандырылмайды және судың қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілмеген). Сондықтан қайта жөндеуді талап етеді.
Бұл мәселелерді жою үшін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жобалық- сметалық құжаттар үшін 2018 жылға жергілікті бюджеттен 36,7 млн.теңге бөлуге бастама көтерді, – деп хабарлады Ерлан Әлібекұлы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ