Біздің қатарымыз орта буыннан өтіп, аға буынға аяқ басқандар екі ғасырдың куәсі болдық, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңестік қамсыз, бейбіт қоғамның екінші жартысында армансыз өмір сүрдік. Біздің бақытымыз – туған халқымыздың бодандықтан бостандыққа қалай өткенін көзімізбен көрдік, көп нәрсеге сенер-сенбесімізді білмей жүрген кезіміз де болды. Студенттік кезімізде (1980 жылдары) Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанының 250 жылдығы тойланды, сол жылдары барымызды, байлығымызды, ең бастысы тағдырымызды да Ресейсіз елестете алмайтын күйге жеткен едік. Бәрінен де зоры Ресейден бөлініп, тәуелсіздікке жетуді ойламайтынбыз, ал ең сорақысы 1917 жылғы төңкерістен кейін біз «тәуелсіздікке» жеттік деп өзімізді-өзіміз алдайтынбыз.
Хош, Тәуелсіздік алғалы да 20 жыл өтті, бұл ата тарих үшін қас қағым сәт. Ендігі арман не? Үш жүз жылға жуық қанын төгіп, жанын пида етіп, азап пен қасіреттен құтылу үшін күрескен бабаларымыз жете алмаған бостандыққа біз жеттік. Биылғы 2011 жыл Елбасы Жарлығымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Бұл мерейтойдың басты ұраны Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткендей: «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы».
Тәуелсіздік атты қасиетті тойдың 20 жылдығы қарсаңында қалың оқырман қауыммен аз-кем ой бөліскенді жөн санадық. Тәуелсіздік, бостандық жайында жадыда жүрген кейбір жағдаяттарды ортаға салудың реті енді келгендей.
Қазақ халқы 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларация қабылдады, одан әрі 1991 жылы 16 желтоқсан күні Тәуелсіздігін жариялап, заң жүзінде шынайы бостандыққа жеттік. Жетпіс жыл бойы үстемдік еткен кеңестік қоғамның күйреу кезеңіне тап болған біздің ел көптеген қиыншылықтарға тап болды. Бір қуанарлығы бабаларымыз айтқандай: «күннің жаманы кетті»… «Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін» (Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан) дейтін Елбасы аманатының жүзеге асып жатқанына баршамыз куәміз. Қазақ халқының алдында мәңгілік мұраттар мен ұлы міндеттер бар, соның бірі, ең бастысы – бостандықты баянды ету, сақтап қалу, одан әрі нығайту.
Тәуелсіздікті жаңадан алып жатқан жылдары, яғни тоқсаныншы жылдардың бас кезінде естіген бір аңыз әңгіме әлі есімнен кетпейді, қысқаша мазмұны мынадай: Орман ішінде қорек іздеп келе жатқан аш қасқыр ойда жоқта жал жүні күдірейген, семіздіктен найқалып жүре алмай қалған бір итке кездеседі. Бір-біріне тұқымдас жануарлар болғандықтан тез тіл табысып, аш қасқыр иттің мұндай тоқтығына сүйсініп, семіздіктің сырын сұрайды. Ит өз кезегінде мақтанып, «менімен бірге жүр», «жегенің алдыңда, жемегенің артыңда, яғни аштықтан құтыласың» деп жұбатады. Аштықтан көзі қарауытып жүрген қасқыр бірден келісіп, ере жөнеледі. Жолай келе жатып иттің мойнындағы қарғыбауды көзі шалып қалады да, қарғыбаудың қандай қажеттілігі бар екенін сұрайды. Сонда әлгі тоқ ит керек кезінде өз иесінің қарғыбауға шынжыр тағып қазыққа байлап қоятынын ескертеді. Мұны естіген әлгі қасқыр «аш жүрсем де, бостандығым қымбат» деп кілт бұрылып, өз жөнімен кете берген екен. Ұзақтау болса да тәптіштеп баяндап жатқан бұл мысалды келтіріп жатқан себебіміз, әлі күнге дейін кешегі күнді аңсап, «анау арзан» еді, «мынау бар» еді, «айлығымыз жақсы» еді, бәріне жететін, кезекте тұрып сүт-май алушы едік іспетті әңгімені айтушылар жоқ емес, қысқасы Кеңес Одағынан бөлінбеу керек еді, осы Тәуелсіздік бізге не береді дегенге дейін саяды. Осындай әңгімені естігенде жоғарыдағы мысал ойыма еріксіз түседі. Бізге керегі тек тоқшылық па? Ең қымбат байлық бостандық емес пе, сол бостандықты бағалауға келгенде неге енжарлық танытамыз, қастерлі бостандықты қарын тоқтығымен өлшеуге бола ма?
Ендігі ретте ең басты байлығымыз бостандық, тәуелсіздіктің қымбат қасиеті жайында ой өрбітсек. Ең алдымен, қол жеткен жетістік бостандық жайында бірер сөз. Тәуелсіздікке қол жеткен халықтың бостандығын айғақтайтын қасиетті Ата Заңымыз бар. Одан әрі мемлекет екенімізді әлемге танытатын елтаңба, ту, әнұран бар. Қаншама ғасырлар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерімізді, шекарамызды түгелге жуық белгіледік, бұл да ең қымбат бостандықтың басты сипаты. Экономикалық өрлеу үстіндеміз, құрсақ тойып, киім бүтінделіп, мәшине мініп, жекеменшік иесі, жер иесі болып шыққан халық бостандықтың тәтті жемісін көруде. Білім-ғылымда да бостандық исі аңқып тұр, күні кеше ғана (1990 жылдары) екі ғана университет болса, енді екі институт табу қиын, білімді толығымен университет, академия дәрежесіне жеткіздік, бостандық емей немене, Мәскеуді менсінбей теңіздің ар жағында бала оқытып жатырмыз. Білім туралы айтқанда тілді де ұмытпайық, «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», бұл да есіктегі тілімізді төрге шығарудағы игілікті қадам, тіл бостандығына қамқор болатын Ата Заңның бір бабы бар. Бостандықтың ең үлкен жетістігі – енді өз байлығымызға өзіміз ие болдық, кеңес кезіндегі алып зауыттар, комбинаттар, мұнай, газ, мыс, алтын қорларына өз қолымыз жетті, Мәскеудің нұсқауымен, шешімімен миллиардтаған пұт астығымызға дейін батыстағы батыр қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін кетіп жататын, соңғы жетпіс жылда Қазақстаннан тасылып кеткен байлықты айтып тауыса алмайсың, қалғанына береке берсін, қайта дер кезінде бостандыққа жетіп үлгердік пе деп ойлаймын, әйтпесе жаулап алушылар жердің үстіндегіні тауысып, астындағыға ауыз салып жатыр еді.
Ең соңғы тәуелсіздіктің бір жемісі – ол ел билеу жүйесі, патшалық кезеңде «болдым-толдым» деген бабаларымыздың қолы болыстыққа жеткен екен, алғашындағы аға сұлтандықтың өмірі тым қысқа болды. Кеңестік кезеңдегі 70 жылда елі бай, жері бай Қазақстанды грузин, еврей, орыс, армян, украин, ұйғыр т.б. бауырлар армансыз биледі, қазақтан шыққан Мырзағалиев, Шаяхметов, Қонаев сынды санаулы ғана тұлғалар болды, көбірек ел билеу ісінде болғаны Д.А.Қонаев, ол кісінің өзін де он сегіз минөттік пленуммен тақтан тайдырды. Мәскеу не деген тасбауыр, қатал едің, Колбинді әкеп қонжитқаныңа не жорық? Еске түскенде «қайнайды қаның, ашиды жаның». Бұл күндері бостандыққа шын мәнінде жеттік, бүкіл халық болып сыйлаған Елбасымыз, Парламентіміз бар, Үкімет, Сенат, әкім – бәрі де өз билігімізде, өз билеушілеріміз, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Билік – халықтың қамын ойлап, халық билік басындағыларға қолдау көрсетіп тәуелсіз, азат ел екенімізді дәлелдеп келеміз. Баяғы партия келмеске кетті, онға жуық партия бар, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» екенін көріп те, естіп те жүрміз, бодандықтан бостандыққа жеткен еліміздің қандай партия мүшесі болғысы келсе таңдау жасауға мүмкіндігі бар, ерік өзіңде.
Тәуелсіздік тағылымы жайында айтқанда бар даусымызбен мақтанып, шаттанып айтатын бір белгі – өз Астанамыз бар. Ұлы хандарымыз ту тіккен Ұлытау, Көкшетау, Түркістан аймағы мен кеңес билігі Қазақстанның астанасы еткен Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары тарих қойнауына өтіп, ғасырлар тоғысында өз Тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттердің ішінде біз тұңғыш рет ғажайып Астана қаласын асқақтаттық. Бұл Тәуелсіздігімізді әлемге танытудағы басты көрсеткішіміз, жетістігіміз болды. Жұрт тығырықтан шығудың жолын іздеп жүргенде, біз қырандай самғап, Азия барысына айналуды алдымызға мақсат етіп қойып, әсем қала тұрғыздық. Астана өр рухтың, асқақ сезімнің, ұлттық мақтаныштың басты көрсеткіші.
Тәуелсіздің аренасына өз желкенін көтеріп шыққан еліміздің халықаралық қатынастағы жеңісі мен жетістігі де бостандығымызды айқындайтын биік өлшем. Бұл күндері бізді әлемнің түкпір-түкпірі таниды, жүзден астам елдермен елшілік қатынас орнатқан салиқалы, салмақты елдер санатындамыз. Халықаралық аренадағы барша жетістіктің бір биігі өткен жылғы Саммит екені ел тарихындағы, Тәуелсіздік тарихындағы алтын әріппен жазылатын жетістіктер десек артық айтқандық болмас. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Бұл тағы да біздің елдің дәрежесін көтереді, Қазақстанды дүние жүзіне таныта түседі», – деген пікірін еске сала отырып, азат ел ретінде тарих төріне ұмтылған еліміз өзінің тәй-тәй қадамын дәл осылай нық, досы сүйініп, дұшпаны күйініп отыратын Саммит самғауымен бастауына шын жүрегімізбен қуандық.
Біз бостандықтың ең қастерлі, ең қымбат, ең үлгілі жағын санамалап қана көрсеттік, ал бостандықтың асыл қасиеті, ізгі мұраты жөнінде айтып тауысу мүмкін емес. Өкінішке орай, Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымға көлеңке түсіретін, сол тәуелсіздікті бағалауда енжарлық танытатын жәйттер де кездесіп жататыны жасырын емес, әйтседе ол баянды, көңіл түкпіріндегі кірбіңді мерейтой қарсаңында жұрттың көңіліне қаяу түсірмеу үшін іркіп қалдық. Ондағы мақсат бәріміз, баршамыз жақсы жәйттар мен жетістіктерді айту арқылы да алға ұмтылып, биікке самғауға болады деп сендім.
Тәуелсіздік, Бостандық бір күннің әңгімесі емес, немесе Тәуелсіздікті айтулы тойдың 20 жылдығы күндері ғана мерекелік лебіздермен, кейде-кейде мақтангөйлік әңгімеге жеткізілетін шара деуге болмайды. Өр рухты бабаларымыздың арманы болған, бүгінгі бақытты ұрпақтың келешегін баянды ететін бостандықты биік көтеріп тағзым ету – ұлттық парызымыз. Тәуелсіздік, азаттық, бостандық – ең қымбат байлығымыз.
Қорыта келіп айтқанда, қазақ халқының кәрі тарих алдында жүзі таза, пейілі ақ, ниеті түзу болды. Халқымыздың дәл осы пейіліне ғасырлар бойы күткен, іздеген тәуелсіздік, бостандық ақ періштедей («Бостандық ізгі періште...» М.Жұмабаев) өзі келіп қолымызға қонды. Енді осы пейілімізге келген Тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Шымкент.