Суретті түсірген Мақсат АЙТБАЙ
Соғыс өртін көрген аталарға тағзым жасау – жас ұрпақ парызы. 9 мамыр мерекесі күні жергілікті бюджет есебінен өңірде тұратын соғыс ардагерлеріне 150 мың теңге көлемінде сыйақы мен 10 мың теңгеге азық-түлік жиынтығы берілмек.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, өңірде Ұлы Отан соғысының 104 ардагері бар. Өткен аптада ғана І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері Бұхариден Сермұхамбетұлы 109 жасында өмірден озды.
Ал облыс орталығында тұратын майдангер Ғабдолла Бейсенбаев қазір 100 жасқа келді. Соғыс өртін көрген аталарға тағзым жасап, аудан, қалалар көшелеріне 70-тен астам ардагердің портреттері ілінді. Қазақстандық Жеңіс лентасы жасалды. Аймақтық телеарналардан ішкі саясат басқармасы әзірлеген Кеңес Одағының Батыры атағын алған 23 павлодарлық туралы бейнероликтер көрсетіледі. Іздестіру жасақтарының бастамасымен көктемгі еске алу шаралары өтуде. 27 сәуірде «Батырлар жолымен – Дорогой славы» жобасы шеңберінде облыс делегациясы Волгоград облысы «Мамаев қорғаны» аумағында Сталинград үшін шайқасқан қазақстандықтарға арналған ескерткіштің ашылуына аттанды.
«Славян» этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузинаның айтуынша, Достық үйінде Виктор Бочинге тапсырылған марапат ерекше болды. Соғысқа қатысқан көптеген майдангерлер өздеріне берілген марапаттардың бар екенін біле алмай да кеткенін ескере сөйлесек, соғыста тағайындалған бұл наградалардың бұйрықтары архивтерде сақталуда. Бүгінгі күні майданға аттанғандардың ұрпақтары үшін осы наградалардың куәліктерінің көшірмелерін жасау мүмкіндігі туды. Талай жылдан соң майдангер Захар Бочиннің үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені мен куәлігі оның ұлы Виктор Бочинге табыс етілді. Марапаттау рәсіміне Ресейдің Өскемендегі Бас консулдығының атташесі Даниил Лапач қатысты. Ал В.Бочиннің әкесінің наградасы бар екендігі «Подвиг народа» сайты арқылы анықталыпты.
– Ленинградтағы ауылшаруашылық институтын бітірген менің әкем Павлодар облысына көшіп келеді. Ол кісі 1943 жылы майданға аттанған кезде үйде 3 бала қалдық. Әкем соғыстан оралған соң, тағы да 6 баласы дүниеге келді. Көп жылдар Павлодар өңірінде зоотехник болып еңбек етті. 1979 жылы қайтыс болды. Бүгінгі күн біздің әулет үшін ерекше күн! – дейді Виктор Захарович.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР