Өнер • 05 Мамыр, 2018

Астанада «Temps Lie» атты ха­лықаралық балет фес­ти­­валі басталды

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жас арудай жасанған Астана қазір өзінің жиырма жылдық тойына қызу дай­­ын­дық үстінде. Мерейлі ме­реке қарсаңында жер-жерде мәнді мәдени-көп­ші­лік шаралар легі басталып та кетті. Бұл күндері мың бұралған билерімен кө­рер­мен көзайымына ай­нал­ған «Temps Lie» атты ха­лықаралық балет фес­ти­­валі соның бір айғағы. Оны Мәдениет және спорт ми­­нистрлігінің қолдауымен ұй­ым­дастырған Қазақ ұлт­тық хореография академиясы. 

Астанада «Temps Lie» атты ха­лықаралық балет фес­ти­­валі басталды

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

Осынау айтулы оқиғаға орай «Астана балет» театры­ның сахнасында өткен сал­та­нат­ты рәсімде сөз сөй­леген Мәде­ниет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұха­ме­д­иұлы алыс-жақын­нан кел­ген қонақтарды қызу құт­тық­тап, бас қалаға бас­қан қадам­дарына сәттілік тіледі. Әлемнің әр шалғайынан жинал­ған әріптестеріне ұтым­­ды жоба­сын ұсынып отырған аталмыш акаде­мия тікелей Елбасы Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың қол­дауымен құрылғанын және оның мәдени-рухани ке­ңіс­тігімізден ойып өз орнын алғанын айрықша екпінмен айтты.

Ал Орталық Азияда теңдесі жоқ Қазақ ұлттық хореография академиясының рек­торы, қазақты дүйім дү­ниеге танытқан тұлға Ал­ты­най Асылмұратова ша­р­­тарап­тан шақырылған би мек­тептерінің өкілдеріне ат са­былтып жеткендері үшін ал­ғысын білдірді.

– Біздің фестивальде жең­ген­дер де, жеңілгендер де бол­майды. Өздеріңізді тек өнер шекарасын кеңейте түсу, емен-жарқын пікірлесу, тә­жі­рибе алмасу, алаңсыз ара­ласып-құраласу, әсемдікті әспеттеу мақсатында шақыр­дық. Одан соң әрине қарыш­ты даму даңғылына түскен Қазақ­станды, ажарлы А­стана­ны, келешекке қол соз­­ған керемет академиямызды көрсеткіміз келді. Егер сіз­­дер елдеріңізге бұл жақ­тан жа­сам­паздық энергиясын алып қайтсаңыздар ойдағы ісіміздің орындалғаны, – деді ол жарқын жүзі қуаныштан бал-бұл жанып.

Төбе бидей болып фес­тиваль төрінде отырған мәр­те­белі меймандар арасында көзімізге жылыұшырай кө­рін­ген әлемдік балет жұлдыздары: кезінде Мәс­кеудің Үлкен театрын­да жә­не Лондонның Король­дік балетінде жаһұттай жар­қыраған жампоз Ирек Мұхамедов пен Ресей­дің халық әртісі, РФ Мем­ле­кет­тік сыйлығының лауре­аты, көптеген көрнекті жүл­де­лердің иесі, күні кешеге дейін Санкт-Петербургтегі әйгілі Мария театры­ның прима-балеринасы болған Ульяна Лопаткинаны бөле-жара атағымыз келіп тұр.

Қатты қайран қалға­ны­­мыз, сахнаның қос саң­лағы тым қара­пайым екен. «Жал бітсе, жанына тор­сық байлатпайтын» біз­дің кей­­бір ісіп-кепкен жұл­дыз­­сымақтарымызға ұқ­са­­майды. Әсіресе Ульяна Вячеславовна жан-жағынан жа­патармағай қау­ма­лаған қар­шадай ұл-қыздар­ды бе­тінен қақпай, ұзақ уақыт қол­­таңба бергеніне еріксіз елжі­рей қарадық. Жер жарған атақ-даң­қына қарамай, ешкімді жа­тыр­­қап жатпады. Тасыр мінез та­нытпады. Тіп­ті залға оралуын өтінген ұй­ым­дастырушылардың құ­лақ­қағысынан кейін де асыға қоймады.

Бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарына берген сұхбаттарында қай мемлекетте жүрсе де, өзінің татар екенін ұдайы назарда ұстай­тын Ирек Мұхамедов те, ашық­-жарқын көрінді.

– Жалпы, Қазақстанға бұған дейін жолым түс­пеп­ті. Аста­на­ларыңызға аспан­да­ғы ай қызық­қан­дай. Ака­де­мияларыңыз ше... Ба­ла­лардың балетпен айна­лысу­ына қажет жағдайдың бар­лығы жасалыпты. Енді тек, ең­бектене білулері керек. Сосын болашақ балетшілерге сәт­тілік серік болуын тілей­мін. Онсыз болмайды, – деді та­лайды көрген тарланбоз әңгіме тізгінін тартып.

Фестиваль барысында бал­ғын балет бишілері атақ­ты ағалары мен апайларынан шеберлік са­бақтарын алып, талаптарын ұш­тайтын бола­ды. Он бір мем­ле­кеттің үкіле­ген үміттері өз өнер­лерін көр­­­сетіп, қаламыздың кө­рікті жер­лерімен танысады.

Фестиваль үздік нөмір­лер­ден құрастырылған Гала-кон­цертпен аяқталады.