Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов өткен жылы 120 мың тонна қант өндірген Тараз қант зауытының жүктемесін биылғы жылы 200 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Тапсырмаға сай стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасын егу алқаптарын ұлғайту ісі де жолға қойылды. Сонымен қатар аудандардағы тәтті түбір алқаптары арнайы картаға түсірілді. Бүгінде аудандарда агроқұрылымдардың материалдық-техникалық әлеуеті және тұқым мен тыңайтқыштардың сапасы қандай деген сауалдың күн тәртібінде тұрғаны анық. Суармалы егіс алқаптары толығымен пайдаланылып жатыр ма деген де сұрақтың көлденең шығатыны белгілі. Әзірге қант қызылшасын егуде аудандардағы ахуал тұрақты, жұмыс нәтижелі, дегенмен мәселе де жоқ емес.
Бүгінгі таңда Қордай ауданында қолданыста 38061 гектар суармалы алқап бар. Аталған аймақта қант қызылшасына арналған егістік көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Өткен жылы 17200 тонна тәтті түбірді жинап, қабылдау пунктіне жөнелткен қордайлық диқандар биылғы жылы бұл көрсеткішті 22-23 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр екен. Осы уақытқа дейін шаруалардың бас ауруына айналып келген баға мәселесі де тұрақтанды.
Жұмыс бар жерде мәселенің де болатыны белгілі. Осы орайда алқапты сумен қамтамасыз ететін каналдарды тазарту ісі жергілікті шаруалар үшін өзекті болып тұр. Бірақ оның шешімін табатын күні алыс емес сияқты. Олай дейтініміз, облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев су жүйелерін тазалаумен ағымдағы жылдан бастап механикаландырылған отрядтың айналысатындығын айтты. Отряд жұмысын жүйелеуге 472 миллион теңге қаражат қарастырылған екен. Сонымен қатар әкімнің орынбасары тұтынылған суға ақы төлеуді субсидиялау мәселесінің де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
Биылғы меже бойынша Шу ауданында 2000 гектар жерге қант қызылшасы егілуі тиіс. Аталған ауданда өңірдегі суармалы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету түбегейлі шешілген. Бірақ бүгінде алқаптарды сумен қамтып отырған жекеменшік каналдың техникалық жағдайы сын көтермей тұр. Осы уақытқа дейін жөндеуді қажет етіп тұрған арнаға қаражат қарастырып, оның су өткізу қарқынын арттыруға каналдың жекеменшіктен мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарының жүргізілмеуі себеп болып отыр екен.
Қант қызылшасын егу ерекше қарқынды жүргізіліп жатқан аймақтың бірі – Меркі ауданы. Аталған ауданның Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі «Трансфер» шаруа қожалығы биыл 214 гектар алқапқа қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Айта кетейік, бұл жерде жыл сайын гектарына 800-1000 центнерден өнім алынады. Сонымен қатар «Трансфер» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Бондаренко 12 гектар қызылша алқабына тамшылатып суару әдісін енгізгенін айтып отыр. Ал осындағы «Красный Восток» шаруа қожалығының жетекшісі Зядин Ширадзе 176 гектар сүдігер жерге балтамыр егуді жоспарлаған екен. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда жетекші агроқұрылым болып саналатын «Сыпатай батыр» ЖШС биыл 350 гектар алқапқа қант қызылшасын егуді қолға алыпты. Алайда меркілік шаруаларды алаңдататын мәселелер де бар. Айталық аудандағы 10813 гектар алқапты сумен қамтуы тиіс Үлкен-Шу каналының батыс тармағындағы гидроқұрылымдар жөндеуді қажет етеді. Жөндеу жұмыстарына 43 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынғанымен, Қырғызстан мемлекеті суды қажетті мөлшерде жібермей отыр екен. Алайда облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев аталған мәселені шешу үшін мүдделі мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Жалпы, Жамбыл облысында балтамырдың бабын тауып, бәсін арттыруға мүдделі шаруашылықтар баршылық. Оларға мемлекет тарапынан тиісінше қолдау да көрсетіліп келеді. Ендігі жерде аудан әкімдіктері жергілікті шаруалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, нәтижені арттыруға жұмыс істесе, көрсеткіш жоғары болмақ. Ал диқандардың жоғарыда көрсетілген мәселелері де облыс әкімдігі тарапынан ескеріліп, оң шешімін табады деген сенім бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы