«Құрылғанынан бері 40-тан астам жыл өткен соң ИЫҰ мұсылман әлемінің жан-жақты көпжақты құрылымы ретінде xалықаралық деңгейде өз абыройын нығайтуды жалғастыруда және Ұйым кеңістігінде xалықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұамтамасыз ету мен пайда болатын қауіп-қатерге қарсы тұру жөніндегі стратегиялық диалог бойынша әріптеске айналды», - деп белгіленген қорытынды декларацияда.
ИЫҰ СІМ Кеңесі «Тұрақты әлем, ауызбіршілік пен дамуға қол жеткізу үшін исламдық құндылықтарды ілгерілету» ұранымен өтті.
Қорытынды декларация мұсылман әлемінің өзекті мәселелерінің кең тізімін қамтыды.
Декларация мүше-мемлекеттерді өткен жылы Астанада ұйымдастырылған ИЫҰ-ның Ғылым мен теxнологиялар бойынша тұңғыш саммитінің қорытындыларын белсенді түрде жүзеге асыруға шақырады. Бөлек резолюцияда ғылым, теxнологиялар мен инновацияларды ілгерілету бағытындағы басымдықтар мен ұсынылатын іс-шараларды қамтитын Саммит кезінде қабылданған «2026 күн тәртібінің» рөлі көрсетілген. «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерде ғылым мен теxнологияларды дамыту үшін стимул болатын» «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңызы мойындалған.
Ауыл шаруашылығы, сауда, туризм мен көлік бойынша СІМ Кеңесі резолюциясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі исламдық ұйымның (АҚИҰ) Хатшылығын қысқа мерзімде іске қосуы үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтылған. АҚИҰ 5-жылдық іс-шаралар жоспарын уақытылы және тиімді жүзеге асыру үшін лайықты шаралар қабылдайтын болады. Қазақстан ұсынған «Исламдық инфрақұрылымдық интеграция бастамасы» үшін іс-жүзінде жүзеге асыру мен ресурстарды мобилизациялау жөніндегі жан-жақты стратегиялық бағдарламаны («Жол картасын») жасауға қолдау білдірілген.
СІМ Кеңесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғаламдық дағдарысқа қарсы шешімдерді іздеуге қатысатын елдер санын кеңейту арқылы xалықаралық экономикалық саясатты айқындаудағы ең салмақты күш ретінде жаңа G-Global коммуникациялық платформасын құру» жөніндегі бастамасын қошеметтеді. Резолюция «басқа мекемелермен үйлестіре отырып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мен Ислам Даму Банкінің Бас xатшылықтарының G-Global платформасына қатысу мәселесін қарастыруға шақырады».
Бөлек құжатта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоғанның исламдық татуласу туралы бірлескен декаларациясына қолдаушылық танытылған. «СІМ Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерiнiң съезіне ИЫҰ-ның қолдауын растайды және 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» ұрынымен өтетін VI Съезіне ИЫҰ-ға мүше мемлекеттері мен халықаралық қоғамдастықтың діни көшбасшыларын белсенді қатысуға шақырады», - тақырыптық қарарда айтылған.
Сириядағы жағдай бойынша қарарда ИЫҰ «саяси келіссөздер үшін тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында атысты тоқтату режимін нығайту, деэскалация аймақтарын құру және Астана процесі арқылы сенімді нығайту шараларын қабылдау ісіндегі Түркия, Ресей және Иранның күш-жігері мен ынтымақтастығын» құптады.
Қару-жарақты өңірлік бақылау және қарусыздану жөніндегі қарар «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерінен ғана тұратын бірінші аймақ болған» Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы келісімнің 2009 жылы 21 наурызда күшіне енуін қолдады. Құжат қауіпсіздік кепілдіктері мен аймақтарға қатысушы мемлекеттердің тиісті артықшылық мәртебесін қоса алғанда ядролық қарудан азат аймақтардың халықаралық-құқықтық мәртебесі туралы мәселені одан әрі пысықтау жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайды. 2014 жылғы 6 мамырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес мүшесі қол қойған Келеңсіз қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісімге Хаттама өте жуық арада күшіне енеді деген сенім білдірілді.
Қазақстанның бастамасы бойынша бұрынғы Семей ядролық полигонына, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Арал теңізінің аймағын қалпына келтіруге арналған қарар қабылданды.
ИЫҰ ядролық қаруды толық жою туралы бөлек қарарда «Ядролық қаруға тыйым салу туралы конвенция қабылдау жолындағы маңызды қадам ретінде болашақта ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясын қабылдау туралы Қазақстан Республикасының бастамасын қолдайды».
ИЫҰ СІМ Кеңесі жұмысына Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған Қазақстанның делегациясы қатысты. Даккадағы сессия барысында белгілі Қазақстан дипломатты Асқар Мусинов ИЫҰ Бас хатшысының Ғылым және технологиялар бойынша орынбасары лауазымына сайланды.