Қазақстан • 08 Мамыр, 2018

Астанада жауынгерлер зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

784 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алып, қайтыс болған ақмолалық жауынгерлердің қорымында дәстүрлі түрде гүл себеттерін және «Даңқ гүл шоқтарын» қою рәсімі өтті.

Астанада жауынгерлер зиратына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Жас ұлан мектебінің оқушылары және ардагерлер салтанатпен сап түзеп өтіп, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Марқұмдарды еске алу іс-шарасында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қаза болған марқұмдардың туыстары, Астана қаласы әкімдігінің басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Астана қаласы әкімдігі атынан әкім орынбасары Ермек Аманшаев сөз сөйледі.

«Келер ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне, Отанын қорғауға және одан кейінгі өмірде салтанатты өмір сүру үшін шыбын жандарын қиған ардагерлерді еске алып тұрмыз. Осы Ақмола өңірінен сұрапыл соғысқа аттанғандардың ішінен отыз жауынгер Кеңес одағының батыры атағын алған. Сіздердің ерліктеріңіз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Сіздерге Астана қаласы әкімдігінің және қала тұрғындарының атынан басымызды иіп алғыс айтамыз. Денсаулықтарыңыз зор болып, бізге үлгі көрсетіп арамызда жүре беріңіздер. Мейрамдарыңыз құтты болсын!», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Қазіргі таңда елордамызда тоқсаннан аса ардагер және үш мыңға жуық тыл еңбеккері тұрып жатыр.

Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтың сөзінше өткен жылы Жеңіс мерекесін жүз отызға жуық ардагер қарсы алса биылғы мерекені тоқсаннан аса ардагер қарсы алайын деп отыр.

Елордада тұрып жатқан барлық ардагерлер санаторий-курорттық емдеумен және коммуналды-тұрмыстық қызметтерді өтеуге ай сайын ақшалай өтемақымен қамтамасыз етілген, сондай-ақ ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

Айта кетейік, осы жылы Астана қаласы мәслихатының шешімімен барлық Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне 500 мың тенге көлемінде біржолғы материалдық көмек төленген.