Бұл ретте 1941 жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде құрыла бастаған әрі толық жасақталу мерзімі 1942 жылдың мамыр айына дейін созылған №101 ұлттық атқыштар бригадасы ауызға бірінші оралады. Калинин майданы құрамына кіретін №101 ұлттық атқыштар бригадасының сапында 5007 сарбаз болғанын интернет деректері айғақтайды. Оның 80 пайыздан астамы қазақтар, қалған бөлігін орыстар мен украиндер құраған. Бригада командирі болып ең алғашқыда С.Я.Яковленко тағайындалса, кейіннен бұл міндетті А.И.Серебряков атқарған. Бригада комиссары болып М.Әлиев бекітілген. 1942 жылдың 28 қарашасында басталып, екі айға дейін созылған Ржевтегі қанды қырғын шайқаста бригада жауынгерлерінің елу пайыздан астамы ерлікпен қаза тапты.
Сондай-ақ №101 атқыштар бригадасының сайыпқыран сарбаздары Калинин майданында жау тұтқынында қалған 158 елді-мекенді азат ету кезінде өзінің жеке құрамының тағы да 30 пайызынан айырылған. Олар өздеріне жүктелген жауынгерлік тапсырманы толығымен атқарып шықты. Алайда бұл тойтарыс оларға тым қымбатқа түскенін, ұрыс операциялары кезінде адам шығыны өте көп болғанын жоғарыда көрсетілген деректер айғақтайды.
Ұлы Отан соғысының арғы-бергі тарихында қазақстандықтар нақ осы Ржев түбінде болған шайқастағыдай 80 пайыздан асып түсетін мол шығынға ұшырамапты. Оның басты себептері жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Ресейдегі Тверь облысының Ржев қаласында Қазақстанда құрылған №100-ші және №101-ші ұлттық атқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенінің қайтадан жаңғыртылу рәсімі кезінде айтылды да. Бұл мәселеге сәл кейінірек тоқталмақпыз. Осы арада 1941 жылдың күзінде Алматыда жасақталған №100-ші атқыштар бригадасының құрамында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова және майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтар болғанын айта кеткен жөн.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастап барған қазақстандық делегациямен Қазақстан республикасының Ресей Федерациясындағы өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовты Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя, Ресейдің ежелгі орманды өлкесіндегі көздері тірі соғыс және еңбек ардагерлері, барша Ржев қаласының жұртшылығы жылы жүзбен қарсы алды. Бұл өзі көзге жас, көңілге мұң әкелген жүздесу болды. Ржевті қорғаймын, оны жаудан сақтап қаламын деп қанын төккен қазақстандықтардың осы топырақта көрсеткен өшпес ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Қаламызда бұдан 8 жыл бұрын қазақ халқының батыр перзенттерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында арнайы мемориалдық кешен жасақталған кезде ржевтіктер оның ашылу рәсімін үлкен тебіреніс үстінде атап өткен еді. Мұндай қасиетті де киелі сауабы мол істің басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және Ақтөбе облысының әкімдігі тұрғаны біз үшін мақтаныш. Бұл кешен көрші мемлекеттердің бүгінгі ұрпақтарын ерлік дәстүрлері мен отанды қорғау ісін бойларына сіңіруі үшін баға жетпес рөл атқарып келеді деді өз сөзінде Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя.
Ржевте адам танымастай болып қайта жаңғыртылған мемориалға келушілер легі толастар емес. Қасиетті орын қосымша ескерткіш бағаналармен байытылыпты. Бұған дейінгі тастардың орын табиғатты кез-келген сынына төтеп бере алатын мызғымастай гранит пен мрамор плиталар ауыстырылған. Сондай-ақ нысанның күндізге кескін-келбеті мен түнгі жарықтандыру жүйелерінде де сәулеттік-шығармашылық ұшқыр ойдың жемістері атойлап тұр. Кешен құрамындағы «Туған жер» тұғыры да өзгеше бір айшықты реңге еніпті. Аталған аумақтағы қосымша құрылымдық қондырғылар -тізе бүгіп тынығатын арқалы орындықтар мен граниттік вазалар, мамыр айында жаңадан шешек бүр ата бастаған гүлдер кешеннің ажарын одан әрі арттыра түскендей әсер қалдырады. Ежелгі Тверь топырағындағы қазақстандық жауынгерлер рухы жаңа бір жігер берген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та терең тебіреніс пен толқу үстінде тіл қатты.
-Тверь түбіндегі №101 ұлттық атқыштар бригадасының жанқиярлық еріктері жүрегімізден өшпейді. Ерлік –барша адамзаттық баға жетпес рухани құндылық. Ол ұлт таңдамайды. Соғыстың алғышқы жылдарында қайсарлық пен батылдық үлгілерін көрсете білген №101 атқыштар бригадасының атында Ақтөбе қаласында үлкен көше бар. 1944 жылы қатары әбден сиреген соған қарамастан жауға өліспей беріспеген №100 және №101 атқыштар бригадасының қалған құрамалары №47 және №90 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қосылғаны да олардың алдыңғы ерлік дәстүрлерінің одан әрі жалғасқанын көрсетеді деп түйін жасады өңір басшысы.
Қазақстан республикасының Ресейдегі өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов мемориалдық кешеннің қайтадан жаңғыртылуына мол үлес қосқан, атап айтқанда оған қажетті барлық құрылыс материалдарын жеткізіп беруге ықпалын тигізген Ақтөбе блысының әкімдігіне ризашылығын жеткізді. Бұдан әрі ол Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы тарихында қан ең көп төгілген шайқас болғанын, оның басты самағы қазақстандық екі атқыштар бригадасының жауынгерлеріне түскенін атап көрсетті.
Міне, Ржевтегі қанды қырғын шайқастың тарих қойнауына кеткеніне де 75 жыл өтіпті. Алайда сол уақыттан бері мұнда қаза тапқандардың саны әлі толық анықталмай келеді. Біздің парызымыз соғыстың осындай айтылмаған ақиқатын балаларымыз бен немерелеріміздің санасына сіңіру. Тек соғыс тарихына байланысты бұған дейін жинақталған белгілі деректерді айтып берумен шектелмей, мына біздің өзімізге, әкелеріміз бен аталарымыз өз ауыздарымен әңгімелеп беріп кеткен соғыстың шындығын оларға айтуға тиіспіз деді одан әрі Иманғали Нұрғалиұлы.
Біз кәрі де көне, жаңа да жасампаз Тверь топырағындағы №100 және №101 атқыштар бригадасының жауынгерлеріне қойылған кешеннің қайтадан жаңғыртылуына байланысты өткізілген мемориалдық рәсім аяқталғаннан кейін бір топ отандық және ресейлік соғыс тарихын зерттеуші ғалымдарға бірер сауал қойған едік. Оның мәнісі Ржев түбінде орынсыз шығынның неліктен орын алғанынан туындаған-ды. Бұған қайтарылған жауаптардың түп-төркіні төмендегідей.
Яғни олардың тұжырымдауынша соғыс жылдарында өл-тіріл мейлі, қайткенде де белгілі бір шепті алу міндеті қойылған. Осы орайда амал, айла, қорғана білу, тіпті қажет кезінде шегіне білу тәсілдерінің ескермей қалған кездері де кездескен көрінеді. Мол адам шығыны арқылы көзделген нысананы қолға көшіруге де болар. Алайда мұның өзі ең сенімді, әрі оңтайлы, ең ұтымды соғыс пен ұрыс тактикасы болып табылмайтыны тағы да аян. Зерттеушілер Ржев қырғынының басты себептерінің бірін осы тұстан іздестіреді.
... Ржев жерінде жеңіс мерексі қарсаңында болған қауышу мен жүздесу қорытындысында №100 және №101 қазақстандық атқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлеріне қойылған мемориалдық кешенді Ржев қаласының муниципиалдық меншігіне енгізу жөніндегі екі жақты келісімге қол қойылды.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе