Қаржы • 10 Мамыр, 2018

Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап қайтару мүмкіндігі

545 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Беделді халықаралық саясат­кер­лердің, экономистердің, ғалым­дардың, бизнес өкілдерінің басын бас қалада біріктіретін Астана экономикалық форумы жақын қалды. Аузы дуалы халық­аралық сарапшылар үш күн бойы өз білімдерін, идеялары мен тәжірибелерін ортаға салатын алқа­лы жиынның күн тәртібін­де қан­дай маңызды мәселелер қаралмақ?

Жаһандық сын-тегеуріндерге жауап қайтару мүмкіндігі

Астана экономикалық форумының базасында Global Challenges Summit-2018 жетекші экономикалық конгресі барша адамзат үшін өзекті жаһандық сын-тегеуріндерді талқылайтын болады. Форумның биылғы жылы әлемдік Global Challenges Summit еуразиялық конгресі болып өзгеруі әлемдік дамудың сын-тегеуріндерін ғаламдық тұрғыда пайымдаудағы Қазақстанның биік мәртебесін көрсетсе керек.

Таяуда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында «ХІ Астана экономикалық форумы: ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-тегеуріндер және Қа­зақстан» деген тақырып аясында сарап­шылық дөңгелек үстел өткен болатын. Аталған шараға қатысушылар елордада өтетін дәстүрлі форумның күн тәр­тібінде қарастырылатын мәселелер, олар­дың Қазақстан үшін және жаһандық дең­гейдегі мән-маңызы туралы ой-пайым­дарын ортаға салды.

Дөңгелек үстел модераторы, Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институ­тының директоры Зарема Шәукенова сөз басында еліміздің жаһандық про­цес­тердің белсенді қатысушысы екенін, қазіргі таңда әлемдік трендтерге сай даму мен бейімделуді жылдамдату керектігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы үнемі Қазақ­станды дамудың жаңа биік дең­гейіне көтеретін ауқымды мәсе­лелерді күн тәртібіне шығарады. Қазақстанның дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы, бес институттық реформа, Жаңғыру 3.0, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері, қоғамдық сананы жаңғырту, 5 әлеуметтік бастама – осының барлығы Қазақстанның жаһандық сын-тегеуріндерге инновациялық даму, батыл институттық реформалар және әлем елдерімен ықпалдасу арқылы жауап беруі болып табылады,– деді Зарема Шәукенова.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Санат Көшкімбаевтың пайымдауынша, Астана форумындағы талқылаулар, пікір­таластар қазақстандық сарапшы­лар мен ел Үкіметіне 2019-2020 жыл­дар­­дағы ұлттық стратегиялық даму бары­­сын айқындауға және бола­­шақ­қа болжам жасауға септігін тигізеді. Ал «Экономикалық зерттеулер инс­ти­туты» АҚ басқарма төрағасы, эко­но­­мика ғылымдарының докторы Шахар­бану Жақыпова форум күн тәр­ті­бін­де ай­қындалған мәселелердің ма­ңызды­лығына тоқталды.

– Күн тәртібіндегі 11 тақырыптың ішінде Цифрлы әлемді ерекше атап өту керек деп ойлаймын. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың үлкен бөлігі ретінде осы жаһандық үдерістен тыс қалмауға тиіс. Бүгінде біздің еліміздегі барлық реформалар таяу болашақта жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуге, оған лайықты жауап беруге қабілетті болуға келіп тіреледі. Егер осы межеден көріне алсақ, Қазақстанның даму қарқыны да күшейе түсетіні сөзсіз,– деді ол.

Экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаеваның пікірінше, жаһандық экономикадағы өсімнің баяу­лау құбылысы қазір аяқталу кезеңінде тұр. Қазақстан Мемлекет басшысының бастамасымен дер уақытында қолға алынған шаралардың арқасында бұл қиындықтан сүрінбей өтті деп санауға болады.

– 2017 жылы экономикалық өсім 4 пайызды құрағаны белгілі, бұл бұрынғы кеңестік елдердің арасындағы жақсы көрсеткіш. Көрсеткіштердің алдағы уақы­тта жақсара түсуі үшін әлемдік нарық­тағы бәсекеге қабілеттілігімізді сақ­тауымыз керек,– деді С.Алпысбаева.

Мамыр айының 17-19 жұлдызындағы Global Challenges Summit-2018 бұрнағы жылдардағыдай Тәуелсіздік сарайында емес, ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі Конгресс орталығында өтетінін айта кетейік. Ауқымды жиынға шақырылған шетелдік мәртебелі меймандардың қарасы қалың. Олардың арасында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, бүгінде Халықаралық олимпиадалық коми­теттің Этика жөніндегі комиссия­сының төрағасы Пан Ги Мун, БҰҰ Тұрақ­ты үйлестіру­шісі Норимаса Шимомура, Францияның бұрынғы президен­ті Франсуа Олланд, Венеция кинофес­ти­валі «Алтын арыс­тан» сыйлығының лауреаты Кшиштов Занусси, Ита­лияның экс-премьер-министрі Романо Проди, Малайзияның экс-премьер-ми­нистрі Идрис Джала, World Bank-тің Қа­зақ­стандағы тұрақты өкілі Ато Браун, тағы басқалар бар. Пан Ги Мун халықаралық дау­ларды реттеу құралдары деген тақы­рыпта баяндама жасайды деп күтілуде.

Global Challenges Summit-2018-ді ұйымдастырушылардың хабарлауынша, үш күнге созылатын жиын барысында бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған 11 тақырып төңірегінде сөз қозғалады. Әлемнің аузымен құс тіс­теген әйгілі тұлғалары біртұтас эко­­но­­мика, жаңа таза энергия әлемі, жаһан­­­дық қауіпсіздік, болашаққа болжам, жаһандық стратегия, жаңа адамзат әлемі, цифрлы әлем, ресурстар әлемі, бола­шақ­тың ақшасы, болашақтың қаласы сынды тақырыптар бойынша ой-пайымдарын ортаға салады.

Жалпы, халықаралық қоғамдас­тықтың маңызды бөлігі ретінде Global Challenges Summit-2018 аясында тал­қыланатын тақырыптардың қай-қайсысының да Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар екендігі күмән тудырмайды. Бұл аталған тақырыптардың басым бөлігі бұған дейін де елімізде талқыланып, тиісті жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, цифр­ландыруды тілге тиек етейік. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған бағдарламаның аясында ел өмірінің барлық саласын, экономи­каны, әлеуметтік саланы, ғылымды, мәде­ниетті цифрландыру жұмыстары қар­қынды жүргізілуде. Ол үшін арнайы бағдарлама да қабылданған.

Global Challenges Summit-2018 аясында талқыланатын тақырыптардың қай-қайсысының да біздің ел үшін өмірлік маңызы бар екендігі күмән тудырмайды. Мәселен, цифрландыруды тілге тиек етейік. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша қолға алынған бағдарламаның аясында ел өмірінің барлық саласын, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылымды, мәде­­­ниетті цифрландыру жұмыстары қар­қын­ды жүргізілуде. Ол үшін арнайы бағдар­лама да қабылданған.

Бүгінгі таңда мобильді құрылғылар, үлкен мәліметтер, әлеуметтік желілер және адамзаттың жаңа сандық өмірінің қалған бөліктері қарым-қатынастың тәртібін, ақпараттың сақтау әдістерін, трендтер мен бизнесті ұйымдастыруды болжаудың жолдарын өзертіп жатыр. Мәселен, 2005 жылдан бергі аралықта әлемдегі интернет-қолданушылардың үлесі 16 %-дан 47%-ға дейін өскені осыны көрсетеді. Бүгінгі таңда дамыған елдерде тұрғындардың 81%-ы интернетті қолданады, еңбектеген баладан бас­тап еңкейген кәріге дейін цифрлы құрылғылардың құлағында ойнайтын күнге жеттік.

Интернет біртіндеп өмірдің барлық саласына дендеп ене бастады. Деректерге жүгінсек, заттар интернетінің, яғни Internet of Things-тің үлесі жыл сайын 30%-ға өсуде.

Әлем экономикасы да цифрлы типке көшіп жатқаны айқын аңғарылады. Сингапур, Нидерланд, Швеция мен Франция секілді елдерде қаржылық тран­закциялардың шамамен 60%-ы қолма-қол ақшасыз жасалады екен. Осы орайда үкіметтік құрылымдардың интернет мүмкіндіктерін бизнеске қарағанда, баяу қолданатыны байқалып отыр. 2003 жылы тек 45 елде біртұтас үкіметтік портал болса, 2016 жылы мұндай ұлттық порталдар саны 90-нан асыпты. Бүгінгі таңда әлемнің 148 елінде мемлекет­тік қызметтердің онлайн-төлем жасау мүмкіндігі бар. Жетекші халықаралық сарапшылардың болжамына сенсек, 2020 жылға қарай әлемдік экономика­ның 25%-ы цифр­лы экономика болады. Бүгінгі таңда әлемнің 15 елі цифрландырудың ұлт­тық бағдарламасын енгізуде. Бұл қатарда Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Канада, Германия, Сауд Арабиясы, Үнді­стан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Малай­зия, Сингапур, Аустралия, Жаңа Зелан­дия сынды мемлекеттердің аты озып тұр.

Халықаралық The Boston Consulting Group консалтингтік компаниясы­ның e-intensity рейтингінде Қазақстан ағымдағы цифрландыру қарқыны бо­йынша алдыңғы қатарлы елдерді қуып жетуге ерекше талпыныс танытып отырған ел болып саналады. Елімізде инновациялық экожүйенің бірқатар элементтері жасалып жатыр, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі, «Назарбаев Университеті» АҚ осы бағытта жұмыс істейді, халықаралық Astana hub технопаркін де атап өткен ләзім.

«Болашақтың қаласы» да біздің ел үшін таңсық емес. Smart қала деген ұғым еліміздегі ірі қалалардың көпшілігінің тыныс-тіршілігіне дендеп еніп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. БҰҰ бағалауы бойынша, алдағы 15 жылда урбанизация үрдісі адамзат­тың бүкіл өткен тарихындағы үрдіспен салыстырғанда әлдеқайда қарқынды жүрмек. Бүгінде дүниежүзі бойынша 3,5 миллиард адам қалалық жерлерде тұрады, ал 2050 жылға қарай екі есеге дейін өседі деп күтілуде. Қалалық инфрақұрылымға бұл орасан зор салмақ түсіріп, көптеген проблемалар туындайды. Мәселен, қалалар мұндай қарқынмен өсуге бейімделмеген, аса көп халықты азық-түлікпен және сумен қамтамасыз ету қажеттігі туындайды. Сондық­тан ауыл­дық жерлер де қатты өзгереді, бар­лық қалаларға қызмет көрсетуіне тура келеді.

«Ақылды қалалар» экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты аумақтық құралымдарды білдіреді, бұл өз кезегінде дарынды мамандар мен инновацияларды тартады. «Ақылды қалаларды» құрудағы көшбасшылар – АҚШ, Еуропа елдері, Жапония, Оңтүстік Корея сынды дәс­түрлі технологиялық державалар.

Қазақстанда халықтың орналасу тығыздығы төмен, орта есеппен 1 шаршы/км-ге 6,6 адамнан келеді. Урбандалу деңгейі де орташа, 56 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіш Ресейде 74 па­йыз, Малайзияда 77 пайыз екенін айта кетейік. Әлемнің дамыған 30 елінің қата­рына кіру тұжырымдамасын іске асыру аясында экономикалық өсу орта­лық­тарының дамуына ерекше назар аударылатын болады. Осыған орай Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе агломерациясын құруды жеделдету жоспарланған. Аталған қалаларды ұлттық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде айқындайтын микроаймаққа айналдыру арқылы Қазақстанда бірыңғай экономикалық нарық құруға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы өзінің Жол­дауында «Ақылды қалалар» еліміздің бүкіл аумағында өңірлік дамудың, инновацияларды тартудың және өмір сүру сапасын арттырудың қозғаушы күші болатынын атап өтті. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында елі­міздің 5 ірі қаласында «Smartcity» жо­­б­асын дамыту көзделген. Бұл қа­та­р­­да SmartAstana, SmartAlmaty, SmartKaraganda, SmartOntystuk, SmartAktobe сынды жоба­лар табысты жүзеге асырылып жатқанын айта кетейік.

Елорда төрінде өтетін форум тақы­рып­тарының Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейде қаншалықты өзек­ті екендігін көрсететін осы тектес дерек­терді көптеп келтіруге болады.

Астана экономикалық форумы ең алғаш 2008 жылы өткізілген-ді. Алғашқы басқосуда дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселері талқыланған болатын. Содан бергі аралықта алқалы жиын ықпалды халықаралық алаңдардың біріне айналды. Жаһандық жаңа идеялар­дың қайнар көзі ретінде танылды. Жүйелі түрде өткізілуі мен көтерілетін мәселе­лердің ауқымдылығына, өзектілігіне байланысты халықаралық аренада соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа да ие бола бастады.

Еуразияның кіндігінде орналасқан мемлекет ретінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Корея, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан сынды елдердің іскерлік орталығына айнала бастағаны мәлім. Биылғы жылы Global Challenges Summit-2018 аясында жаһандық сын-тегеуріндер тақырыбын қозғау арқылы Қазақстан халықаралық ықпалдастықты дамыту бағытында маңызды қадам жасауға ниетті.

Төменде Астана экономикалық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қатысатын халықаралық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.

Пан Ги МУН, Халықаралық олимпиадалық комитеттің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы

40 жылдан астам уақыт дипломатиялық қызметте жұмыс істеген. БҰҰ Бас хатшысының қыз­метінде жаһандық жылыну мәсе­лесі мен ғаламшарда бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселесіне баса көңіл бөліп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Пан Ги Мун Корея Республикасының сыртқы істер министрі, сыртқы сауда министрі, ел президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі және басқа да лауазымды қызметтер атқарған. Ол 2017 жылдың қыркүйек айында Халықаралық олимпиадалық комитеттің сессиясында Халықаралық олимпиадалық комитеттің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды.

Франсуа ОЛЛАНД, Францияның бұрынғы президенті

2012 жылғы мамырдан бастап 2017 жылғы мамырға дейін Франция Республикасының президенті қызметін атқарды. Министрлік лауазымын атқармай бірден президент болып сайланған Францияның алғашқы президенті. Елдің экономикасының бәсекеге қабілеттігі мен өсімін тұрақтандыруға негіз болған маңызды реформаларды жүзеге асырды. Олландтың төрағалығымен 2015 жылғы желтоқсанда Парижде Жаһандық климаттық келісім қабылданды. 

Бүгінгі таңда Франсуа Олланд «Айнымас Франция» қорын басқарады. Қордың міндеті азаматтар арасында тілектестікті нығайтуға және байланыстар жасауға жағдай жасайтын бастамаларды қолдау болып табылады.

«Сайлау сағаты», «Француз түсі», «Франция тағдыры», «Билік сабақтары» сынды танымал кітаптардың авторы. 

Стив ВОЗНЯК, Apple Inc.

Сликон алқабының аңызына айналған тұлға, отыз жылдық өтілі бар әйгілі меценат. Apple компаниясының алғашқы өнімдері желісінің дизайнын әзірлеуге қатысқан, сондай-ақ Макинтош компьютерін жасауға атсалысқан. 1985 жылы технологиялар саласындағы еңбегі үшін АҚШ президенті инновациялар индустриясындағы ең жоғары марапат – Ұлттық медальмен марапаттады. 2000 жылы Өнертапқыштардың Ұлттық Даңқ Залына енді. Сонымен қатар алғашқы дербес компьютерді ойлап тапқаны үшін, сондай-ақ математика ғылымына оқушылар мен ұстаздарды жігерлендіргені үшін Heinz Award сыйлығымен марапатталған. 

Митио КАКУ, Физик, футурист және ғылымды дәріптеуші

Америкалық физик Митио Каку теориялық физика мен әлем құрылысы туралы қазіргі тұжырымдамалардың дәріптеушісі болып табылады. «Параллель әлемдер: Әлемдік құрылым, жоғары өлшемдер және Космос туралы», «Мүмкін еместер физикасы», «Болашақтың физикасы», «Ақыл-ой келешегі», «Эйнштейн космосы. Альберт Эйнштейннің жаңалықтары кеңістік пен уақыт туралы ойымызды қалай өзгертті» және тағы да басқа танымал кітаптардың авторы. 

Ол аудиторияға қоршаған әлемді барынша түсінікті әрі қарапайым етіп көрсету үшін күрделі ғылыми теорияларды қарапайым тілмен жеткізуді өзінің басты міндеті деп есептейді.

Джим О'НИЛ, британдық қаржыгер, экономист, философ

Goldman Sachs банкінің бұрынғы бас экономисі, БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай) термин-акронимінің авторы. «Өсу картасы. БРИК елдерінің және басқа дамып жатқан нарықтардың келешегі» кітабының авторы, 2014 жылы ВВС-дің тапсырысымен түсірілген «MINT:The Next Economic Giants» деректі фильмінің авторы. Британдық SHINE білім беру ұйымының негізін салушысы, қамқоршысы әрі оның президенті.

Жаһандық қаржылық, экономикалық зерттеулерге жетекшілік жасаған. 
 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»