Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

«Нұр Отан» партиясы «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты акцияны қолға алды

515 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты жаңа акцияны қолға алды. Соның аясында Ұлы Отан соғысы кезінде ерен ерлігімен көзге түсіп, ең жоғары награда – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, дегенмен түрлі себептерге байланысты сол марапатқа қол жеткізе алмаған отандастарымызға құрмет көрсетіледі. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласында осындай ардагерлердің бірінің шаңырағына арнайы барып, оның ұрпақтарымен кездесті.

«Нұр Отан» партиясы «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты акцияны қолға алды

Жалпы зұлмат жылдарда Отан үшін отқа түсіп, батыр атағына ұсынылғандардың бәрі бірдей тиісті наградасын ала алмағаны белгілі. Қазақстан бойынша ондай ардагерлердің қатары 100-ден асып жығылады. Осы тақырыпта ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі қоғам қайраткері, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, олардың наградаға ұсынылғанын дәлелдейтін марапат парақтары күні бүгінге дейін сақталған.

Есімі ел есінде мәңгі сақ­талған осындай батыр аталары­мыз­дың бірі – Аманша Жұмаш­ұлы Меңдіғалиев. Ол әйгілі Пан­филов дивизиясының құра­мында Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрысқа қатысқан. Ауыр жара­қатына қарамастан 362-ші өздігінен жүретін артиллерия пол­кін бастап Берлинге дейін жетеді. Сол жерде Аманша атамыздың батареясы жау әскеріне ойсырата соққы беріп, нәтижесінде Кеңес әскері Германия астанасының шығыс бөлігіне басып кіруге мүмкіндік алады. Осы ерлігі үшін ол бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Алайда сол бір алтын жұлдызға қол жеткізе алмай кетті. Бірақ ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Аманша Меңдіғалиевке «Отан» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді. Жеті бала тәрбиелеп өсірген ардагер атамыз 28 немере сүйді. Аманша ата 2008 жылы 90 жасында дүниеден озды.

Бүгінде батырдың отын өшірмей, қарашаңырақта ұлы Асылбек Меңдіғалиев отыр. Ол да әке жолын жалғап, әскери өмірді таңдаған. Мереке күні Аманша атаның шаңырағына арнайы ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары батырдың ұрпақтарымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті.

– Нұротандықтар еліміз бойынша қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетсе де өзіне тиесілі батыр атағын ала алмай кеткен ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, олардың ұрпақтарына құрмет көрсетуде. Партия тарапынан осындай ардагерлердің есімдерін мектептер мен көшелерге беруге қатысты да тиісті жұмыстар жүр­гі­зіледі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өткен мерекелік күндерде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында нұротандықтар еліміз бойынша 8 ардагердің отбасына арнайы барып, олардың ұрпақтарымен кездесті. Аманша Меңдіғалиевпен бірге бұл қатарда атыраулық Жәмилә Жұмашева, шығысқазақстандық Балтабек Жетпісбаева, тараздық Ибраим Сүлейменов, қостанайлық Қасым Ахметов, ақтаулық Исатай Сү­йеу­баев және павлодарлық ардагерлер Сембай Қалиев пен Қа­быш Көктаев бар. Бұлар жоғары наградаға ұсынылып, сол марапатын ала алмай кеткен ардагер ата-әжелеріміз. Әзірге тек 8 ардагер туралы нақты деректер мен мәліметтер бар. Алдағы уақытта партияның қолдауымен жоғарыда айтқан жүзден астам ардагердің бәрі анықталатын болады. Осы бастаманың нәтижесі ретінде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген кітап басылмақ.

Сонымен қатар партия Төра­ғасының бірінші орынбасары бүгінде Астана қаласында тұра­тын өзге де Ұлы Отан соғысы арда­герлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттық­тады. Партия тарапынан құрмет көр­сетілген ардагерлердің бірі Сейілбек Әкімбекұлы Усин биыл 97 жасқа толады. Соғысқа 1942 жылы аттанған ол әйгілі Курск шайқасына қатысқан.

Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев соғыс ардагері Екатерина Писареваны да арнайы құт­тық­тады. Е.Писарева соғыс жылдары госпитальда жұмыс істеген. Май­данға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберу жұмыстарына да аралас­ты. Кейін 2-ші Украина майданында қызмет еткен Екатерина әжей Жеңіс күнін Братиславада қарсы алды.

Жалпы мереке күні нұротан­дықтар еліміз бойынша екі мыңнан астам соғыс арда­герінің үйлеріне арнайы барып құттықтады. Одан бөлек, пар­тия Жеңіс күніне орай тағы бас­қа да көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Солардың бірі «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қолға алынған «Қаһарман даңғылы» акциясы. Бұл бастама арқылы нұротандықтар мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері Ұлы Отан соғысының батырлары және ардагерлерінің есімдерімен аталған көшелерді абаттандырып, сенбіліктер өткізді. Аталған акцияға еліміз бойынша 6 мыңнан астам нұротандық пен жасотандық қатысты.

Осы ретте айта кетер жайт, бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан со­ғысының батырлары мен арда­герлерінің есімдері берілген 1000-ға жуық көше бар. «Қаһарман даң­ғылы» акциясы аясында бұл көшелердің барлығында кө­шет­тер отырғызу, аулаларды қалпы­на келтіру, қоқыстардан тазарту сияқты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»