Калинин майданы құрамына кіретін №101 ұлттық атқыштар бригадасының сапында 5007 сарбаз болғанын интернет деректері айғақтайды. Оның 80 пайыздан астамы қазақтар, қалған бөлігін орыстар мен украиндар құраған. Бригада командирі болып ең алғашқыда С.Я.Яковленко тағайындалса, кейіннен бұл міндетті А.И.Серебряков атқарған. Бригада комиссары болып М.Әлиев бекітілген. 1942 жылдың 28 қарашасында басталып, екі айға дейін созылған Ржевтегі қанды қырғын шайқаста бригада жауынгерлерінің 50 пайыздан астамы ерлікпен қаза тауыпты.
Ұлы Отан соғысының арғы-бергі тарихында қазақстандықтар нақ осы Ржев түбінде болған шайқастағыдай 80 пайыздан асып түсетін мол шығынға ұшырамапты. Оның басты себептері Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Ресейдегі Тверь облысының Ржев қаласында Қазақстанда құрылған №100 және №101 ұлттық атқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешеннің қайтадан жаңғыртылу рәсімі кезінде айтылды да. Бұл мәселеге сәл кейінірек тоқталмақпыз. Осы арада 1941 жылдың күзінде Алматыда жасақталған №100 атқыштар бригадасының құрамында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова және майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов болғанын айта кеткен жөн.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастап барған қазақстандық делегация мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовті Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя, Ресейдің ежелгі орманды өлкесіндегі көздері тірі соғыс және еңбек ардагерлері, барша Ржев қаласының жұртшылығы жылы жүзбен қарсы алды. Бұл өзі көзге жас, көңілге мұң әкелген жүздесу болды. Ржевті қорғаймын, оны жаудан сақтап қаламын деп қанын төккен қазақстандықтардың осы топырақта көрсеткен өшпес ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Қаламызда бұдан 8 жыл бұрын қазақ халқының батыр перзенттерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында арнайы мемориалдық кешен жасақталған кезде ржевтіктер оның ашылу рәсімін үлкен тебіреніс үстінде атап өткен еді. Мұндай қасиетті де киелі сауабы мол істің басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және Ақтөбе облысының әкімдігі тұрғаны біз үшін мақтаныш. Бұл сөзді Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя айтты.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та терең тебіреніс пен толқу үстінде тіл қатты:
– Тверь түбіндегі №101 ұлттық атқыштар бригадасының жанқиярлық ерліктері жүрегімізден өшпейді. Ерлік – барша адамзаттық баға жетпес рухани құндылық. Ол ұлт таңдамайды. Соғыстың алғашқы жылдарында қайсарлық пен батылдық үлгілерін көрсете білген №101 атқыштар бригадасының атында Ақтөбе қаласында үлкен көше бар. 1944 жылы қатары әбден сиреген соған қарамастан жауға өліспей беріспеген №100 және №101 атқыштар бригадасының қалған құрамалары №47 және №90 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қосылғаны да олардың алдыңғы ерлік дәстүрлерінің одан әрі жалғасқанын көрсетеді, – деп түйін жасады Бердібек Мәшбекұлы.
И.Тасмағамбетов мемориалдық кешеннің қайтадан жаңғыртылуына мол үлес қосқан, атап айтқанда, оған қажетті барлық құрылыс материалдарын жеткізіп беруге ықпалын тигізген Ақтөбе облысының әкімдігіне ризашылығын жеткізді. Бұдан әрі ол Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы тарихында қан ең көп төгілген шайқас болғанын, оның басты салмағы қазақстандық екі атқыштар бригадасының жауынгерлеріне түскенін атап көрсетті.
Біз көне де жаңа Тверь топырағындағы №100 және №101 атқыштар бригадасының жауынгерлеріне қойылған кешеннің қайтадан жаңғыртылуына байланысты өткізілген мемориалдық рәсім аяқталғаннан кейін бір топ отандық және ресейлік соғыс тарихын зерттеуші ғалымға шығынның неге көп болуына орай сауал қойған едік.
Олардың тұжырымдауынша соғыс жылдарында қайткенде де белгілі бір шепті алу міндеті қойылған. Осы орайда амал, айла, қорғана білу, тіпті қажет кезінде шегіне білу тәсілдерінің ескерілмей қалған кездері де кездескен көрінеді. Мол адам шығыны арқылы көзделген нысананы қолға көшіруге де болар. Алайда мұның өзі ең сенімді әрі оңтайлы, ең ұтымды соғыс пен ұрыс тактикасы болып табылмайтыны тағы да аян.
...Ржев жерінде Жеңіс мерекесі қарсаңында болған қауышу мен жүздесу қорытындысында №100 және №101 қазақстандық атқыштар бригадасының қаза тапқан жауынгерлеріне қойылған мемориалдық кешенді Ржев қаласының муниципиалдық меншігіне енгізу жөніндегі екіжақты келісімге қол қойылды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ – РЖЕВ – АҚТӨБЕ