«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы:
кеше, бүгін және ертең
![071211-8](http://old.egemen.kz/2011img/071211-8.jpg)
БИЗНЕС МАЙТАЛМАНЫ
Отандық мұнай өндіруші алпауыт кәсіпорынның бірі – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының Лондон қор биржасына шыққанына жуырда ғана 5 жыл толды. Халықаралық қор рыногына шыққан қазақстандық алғашқы қарлығаштың осы жылдар аралығында атқарған шаруалары жетерлік. Осы орайда компания басшысы Асқар Балжанов әлемнің әр түкпірінде инвесторлармен және сарапшылармен кездесулер өткізіп, компанияның қол жеткізген жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы ой бөліскен-тін. Одан қалды, еліміздің ірі қалаларында журналистермен брифингтер, баспасөз мәслихаттарын өткізіп, компания туралы көпшілікті жан-жақты құлағдар еткен болатын. Елімізде мұнай өндірудің жүз жылдан аса, ал газ өндірудің алпыс жылдай тарихы бар. Десе де, оларды әлемдік рынокқа шығару, инвесторлар тарту бертінде, яғни еліміз тәуелсіздік алған тұста қалыптасты. Міне, еліміз тәуелсіздігіне жиырма жыл толды, саланың жетістігі де қорытындыланатын мезгіл жеткендей. Бұл тұрғыда «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамында қандай ілгерілеушілік байқалады дегенге жауап беріп көрейік. Акционерлік қоғам «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ-тың бірігуімен 2004 жылдың наурызында құрылып, содан бері нәтижелі жұмыс істеп келеді. Олай дейтін себебіміз, еліміздегі мұнай өндіретін көшбасшылардың үштігіне кіреді. Компания көмірсутек шикізатынан мұнай мен газ өндіреді және кен орындарындағы қорларды сақтау мен дамыту барысында түрлі жұмыстарды атқарады. Бүгінде компания активінде соңғы жылдары жасалған сатып алуларды қоспағанда, 41 кен орны бар. Олардың ішінде ең ірісі Өзен кен орны болып табылады. Компания бизнесінің негізгі бөліктерін барлау активтері, теңіз жобалары және таза ақшалай қаржы секілді компоненттер құрайтынын атап өтуіміз керек. Барлау активтері үш еселенген. Ең бастысы, жаңадан мұнай орны ашылған. Теңіз жобалары туралы. Осыдан бес жыл бұрын теңіз жобасы туралы әңгіме қозғау мүмкін емес еді. Қазір компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен меморандум аясында бірқатар блоктарды зерттеп жатыр. «Солтүстік теңіз» жобасымен бірлесіп алғашқы сынақтарын жасауда. Таза ақшалай қаржының жағдайына келер болсақ, бұл осыдан бес жыл бұрын екі миллиард доллар болған, қазір төрт млрд. долларды құрайды. Бес жылдық жұмыс қорытындысын шығарғанда акциялардың көбейгені байқалады. Өткен жылы компанияның директорлар кеңесі 2011-2020 жылдарға арналған онжылдық даму стратегиясын бірауыздан мақұлдаған болатын. Ол алдыңғы стратегиялардан акционерлік құнды көтеру арқылы ерекшеленеді. Оған жету үшін тиімділік артып, бизнес көлемінің өсуі шарт. Бизнес көлемі қалай өседі? Қазақстанда да, шетелде де компания қанатын жайған кезде. Ол үшін ең алдымен геологиялық барлау мен Каспий аймағындағы операцияны жеделдете жүргізу қажет. Стратегияда дәл осы геологиялық барлау мен теңіз операцияларына баса мән беріліп отыр. Компанияның көне активтері де әлеуетті күшке ие. Кен орындары қанша жерден ескірді дегенмен, әлі де жиырма жылға жететін шикізат бар. Бұл ескі көзқарас бойынша осылай. Ал, сала мамандары болашақта бұл қордың көбею мүмкіндігін айтады. Акционерлік қоғам жанындағы Инженерлік орталық пен кеңесші-компаниялардың жұмысының арқасында мүмкін болмақ. Сонда ғана экономикалық тиімділікке қол жеткізуге болатын сыңайлы. Келер жылы Өзен кен орнындағы өнімді 5,8 млн. тоннаға дейін, 2013 жылы 6 млн.тоннаға арттыру, ал, жалпы ескі кен орнындағы өнімді 9 млн. тоннаға дейін жеткізу компания жоспарында тұр.![071211-17](http://old.egemen.kz/2011img/071211-17.jpg)
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ТАБЫСҚА АПАРАР ТӨТЕ ЖОЛ
Әлемдегі ірі 30 мұнай өндіруші алпауыт компаниялардың қатарына қосылуды мақсат тұтатын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының алдында көмірсутегі қорлары мен өндіру көлемін ұлғайту міндеті тұр. Бұл қалай жүзеге асады, оның үстіне мұнайды игерген сайын ол сарқыла береді емес пе дейтін дәстүрлі түсінік бар. Расында қоғамдық сана «мұнай ертең-ақ таусылады, сосын қайтер екенбіз» деп абыржулы болса, инновациялық өндірісті пайдалану арқылы пессимизмді жойып, мақсатқа жету мүмкіндігін зорайтуға болатынын аңғарған ұжым бүгінде Инженерлік орталықтың жұмысын іске қосқан. Бұл орталық осыдан үш жыл бұрын Ақтау қаласында ашылған еді. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорынның жұмысын ілгерілендіріп, белсенділігін арттыру болып табылады. Инженерлік орталықта қазіргі күні үш өлшемді моделді кеніштер құрылып жатыр. Моделді кеніштердің ерекшелігі – бұрынғыдай емес, қазір мамандарға кенішті көруге мүмкіндік туған. Яғни, компьютер арқылы оның түрлі-түсті гаммасының құбылуына қарап, кеніште қандай құбылыстар орын алып жатқаны туралы қорытынды жасауға болады. Геологиялық модельдер негізінде Өзен кенішіндегі жер қойнауы қабаттарының құрылымы және көмірсутек қоры нақтыланды. Соған орай жеті ұңғыма қазылып, оның алтауы оң нәтижелер берді. Оған қоса осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы теңдесі жоқ айрықша бағдарлама – аумақтық-бөлінген деректер банкі пайдалануға берілді. Аумақтық бөлінген деректер банкі (АБДБ) ақпаратпен қамтамасыз етудің сапасын арттыру, бұрғылау орындарының жұмысын жақсарту, мұнай өндірудің коэффициентін үстемелеу, еңбек ресурстарын басқаруды озықтандыру сияқты төрт бағытта жұмыс істейді. Бүгінгі таңда геология-гидродинамикалық үлгілер қолданатын кен ошақтарының өндірістік көрсеткіштері көтеріліп келеді. Компания өкілдерінің айтуынша, Шығыс Молдабек кен орнының 4 ұңғымасы бойынша өнім мөлшері жеті есеге артқан болса, Өзен кен ошағының бірнеше ұңғымасы бойынша 1,7 есеге, ал, 7 ұңғымасы бойынша 4,2 есеге жетіп отыр. Забұрын кен орнынан өндірілетін өнім 8,3 есеге өссе, Ботақан кен ошағы бойынша мұнай 4,5 еселенген. Ал, Досмұхамбет кен ошағының бір ұңғымасы 7,6 есеге дейін өсім берген көрінеді. Жалпы алғанда, Өзен кен ошағының қоры соңғы есеп бойынша 40%-ға өскен. Бұл жоғарыда айтқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Инженерлік орталығы жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.![071211-18](http://old.egemen.kz/2011img/071211-18.jpg)
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Отандық және шетелдік қор рыногындағы еркін саудаға өз акцияларын шығарған тұңғыш отандық мұнай компаниясы биыл Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдерінің 79 компаниясы арасынан 41-ші орынды иеленсе, қазіргі таңда Platts агенттігінің бағасы бойынша ҚМГ БӨ «Әлемдегі 250 ірі мұнай компанияларының» арасындағы жалпы рейтингте 101-ші орынды иеленеді. ҚМГ БӨ 2008 жылы Қазақстанда мұнай өндіру деңгейі бойынша екінші орынға тұрақтады. 2020 жылға қарай компания әлемдегі ірі 30 мұнай өндіруші компанияның қатарына қосылуды мақсат тұтып отыр. Өндіру көлемі «Қазгермұнай» БК ЖШС мен CCEL («Қаражанбасмұнай») және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерді есептегенде, 2010 жылы 13,3 млн. тоннаны (тәулігіне 270 мың баррель) құрады. Мұнайдың дәлелденген және болжамды қорларының көлемі 232 млн. тоннаны (1,7 млрд. баррелді), ал еншілес компаниялардағы үлесті есептегенде 2,2 млрд. баррельден астамды құрайды. Компанияның жай және артықшылықты акциялары Қазақстан Қор биржасында, ал ғаламдық депозитарлық қолхаттары – Лондонның Қор биржасында листингтен өтті. 2006 жылдың қыркүйегіндегі ІРО кезінде компания 2 миллиардтан астам АҚШ долларын тартты. 2011 жылдың маусымында халықаралық Standard & Poor’s агенттігі ҚМГ БӨ несиелік рейтингін «ВВ+» деңгейінде және 2011 жылдың қыркүйегінде GAMMA корпоративтік басқару рейтингін «GAMMA-6» деңгейінде растады.![071211-19](http://old.egemen.kz/2011img/071211-19.jpg)
![071211-20](http://old.egemen.kz/2011img/071211-20.jpg)
БІЛІКТІЛЕР БІРІКСЕ, БІТЕР ІС КӨП
Бақытты балалар... Кезінде ақын Төлеген Айбергеновтің «Табанымның астында қара дария» деп тебірене жыр жазуына себеп болған ұлан-ғайыр қазақ даласының шұрайлы мекен, мұнайлы өлкелері еді. «Кезім менің жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қырат қашып, Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып», - деп ағылған жыр жолдары байлығы батпан жердің сол кездегі тыныс-тіршілгін көз алдыңа алып келетін еді. Баяғыдан ырысы ортаймаған ол өңірлердің думаны тәуелсіздіктің таңы атқалы бері тіптен қыза түскен. Мұнаралар басына шырақ тасыған жиырмасыншы ғасыр өз міндетін ада қылып, тарих доңғалағының артында қала берді. Бүгінде сол тұтас бір ғасырдың жүгін иығына алмастырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы ондағы елдің мерейін өсіріп, мейманасын тасытып тұр. Соңғы жылдары акционерлік қоғам Маңғыстау және Атырау облыстары әкімдіктерімен Әлеуметтік әріптестік туралы келісімге отырған болатын. Соның арқасында «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы 1 млрд.169 млн. теңге қаржы жұмсап, Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағасындағы Кендірлі демалыс аймағында 250 орындық «Ақбөбек» балалар демалыс орталығын салып берді. Мұнда балаларға қажетті дүниенің бәрі бар. Әу биссіміллә асханадан бастап, жазғы бассейн, спорт залы, балалар бос уақытын өткізетін арнайы орталық, амфитеатр, волейбол, мини-футбол, баскетбол ойнау үшін де спорттық алаңқайлар жасалған. Сонымен қатар, компания әр жаз сайын Жаңаөзен қаласынан екі мың баланың жазғы демалысын қамтамасыз ететін болады. Лагерге осында жұмыс істейтін жұмысшылардың балалары да барады. Компания бұл демалысты қамтамасыз етуге әр жазға 150 миллион теңге жұмсайды. Тағы бір табысты жұмыс – Жаңаөзен қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданынан 1200 орындық орта мектеп ашылды. Сонымен қатар 140 орындық «Шынар» балалар бақшасы да тәй-тәй басып тұсауын кесті. Сөйтіп, «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамының қомақты қаржы беріп, балаларға барынша көңіл аударуының арқасында сабақ оқитыны – мектепке, асыр салып ойнайтын мезгілде – лагерьге, одан кішкенелері балабақшасында құлындай құлдыраңдап шауып жүр. Сонымен қатар, Атырау облысының Доссор поселкесінде де компания «Ботақан» балабақшасының құрылысын қаржыландырды. Жоғары дәрежедегі сапамен іске қосылған бұл нысанның жалпы құны 180 млн. теңгегеден асып жығылады. Бақытты балалар, бақуатты елдің нышаны осы емес пе! Тәуелсіздіктің тәтті жемісі осындай-ақ болар. Ендеше, келешегімізді кемелдендіре түсетін ұл-қыздардың осы арадан түлеп ұшатынына күмәніңіз болмасын. Қашанда ел игілігіндегі игі шаруалардың басы-қасында жүретін «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы осылай егемен елдің ертеңгі жүйріктерін баптауға атсалысты. Бағы үстем, базары думан елдің бақытын ең алдымен балаларының күлкісіне қарап бағалайтын болар. Осындайда өткеніміз ойға оралады екен. Қазір ұмыт болғаны болмаса, қазақтың басынан өткен қилы-қилы қиын тағдырлар бармақтай балаларының басынан да өткен. Ашаршылық жылдардағы бір үзім нанға зар болып қынадай қырылған жүз мыңдаған сәбилер, соғыс жылдарындағы аяғын басар-баспастан атыз басында жұмысқа жегілген қарасирақ жетімдер, тіпті жоқшылықтан көз ашпаған жұтаңқы жылдар осы күнгі ел бастаған ағаларымыздың бала кезінде бастарынан өткен еді-ау... Кендірлідегі келелі іс Кендірлідегі келелі іс балалар лагерімен ғана біткен жоқ. Демалыс аймағынан оңалту орталығы бой көтерді. Бұл нысандар бір жағынан Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін Үкіметтің кешенді жоспары аясында тұрғызылды. Оңалту орталығында айына 300 адам, жылына 3 жарым мың адам денсаулығын жақсартуына мүмкіндік бар. Каспийдің толқындары жамырай келіп жағаны соққылағанын көзімен көріп, көңілін көтерген жандардың есінен бұл демалыс орны ешқашан кете қоймас-ау! Сол үшін де бұл демалыс орталығы тек Маңғыстау маңайы немесе мұнайшы-қазаншы, ардагер-саудагерлердің ғана емес, тұтас Қазақстан жұртына арналған. Оңалту орталығындағы емдеу негізінен аурулардың профилактикасына арналған. «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары облыстан алысқа бармай-ақ жыл сайын сауықтыру, емдеу шаралары бойынша ем қабылдайтын болады. Мәселен, бұрын мұнайшылардың емделуі, үшін «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ 60 айлық есептік көрсеткіш бойынша жыл сайын материалдық көмек беріп тұрған. Сондай-ақ, олардың 7 мен 14 жас аралығындағы балаларының Қазақстан мен Украина лагерлерінде демалуына жағдай жасаған. Бұл – тегін қызмет көрсету. Мұны жаңадан ашылған нысандар мұнайшыларға жасалған тағы бір үлкен қамқорлық демей не дерсің. Оңалту орталығында мұнайшылар мен басқа да демалушылар үшін емдеу мен оңалтудың он төрт түрі ұсынылады. Мұндай әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру мемлекет үшін де пайдалы екені белгілі. Бұл жобаларды іске асыру халықтың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтуіне жол ашады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да, оның еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы да жалпы халықтың, оның ішінде, мұнайшылардың әлеуметтік мәселелеріне баса мән беріп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан ұйымдар. Ауыл спортының абыройы Денсаулықты қорғайтын ең алдымен емдеу жолы емес, оны қорғау жолы екені әмбеге аян. Компанияның бұл жағында істеген істері де жетерлік. Бірер мысал келтіре кетсек, акционерлік қоғам 210 миллион теңге жұмсап Атырау облысының Доссор поселкесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін толықтай жаңартып жасап шықты. Бұлардан сырт Миялы поселкесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға да атсалысты. Осы жылы акционерлік қоғам қарап отырған жоқ. Атырау облысында тағы бес дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыстарын қаржымен қамтамасыз етті. Бұл құрылыстар жайында ерекше айта кететін жәйт, олардың шағын елді мекендерде салынуы. Алыс ауылдарда спортты жандандыру аса маңызға ие жұмыс екенін жұрттың бәрі айтады. Бірақ соған орай жұмыс жасап отырған ұйымдар мен жекелер жоқтың қасы десек те болады. Акционерлік қоғамның бұл жұмысы осы олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізері сөзсіз. Оған 301,5 млн. теңге жұмсалды. Компанияның арқасында Атырау және Ақсай селолық округтерінде, Индер ауданының Есбол ауылында, Жылыой ауданының Жаңақаратон ауылында, сондай-ақ, Махамбет ауданының Алмалы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Қандастарға қамқорлық «Төңірекшің» аумағында ауыл шаруашылығымен шұғылданатын шеттен келген қандастарға арнап 1500 жұмыс орнын құру үшін үшжақты келісімге сәйкес, «Жарылқау» қорына 40 млн. теңге бөлінді. Және де Маңғыстау облысы әкімдігімен бекітілген әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарт бойынша Жаңаөзен қаласындағы «Жанарыс» тігін фабрикасынан арнайы жұмысшылар киімдерін тігу үшін оралман әйелдердің қолы бос отырмасы үшін 703,5 млн. теңге жұмсап, қосымша жұмыс орнын ашып берді. Қандастар үшін жасалған қайырлы іске халық қашанда риза. Тізе қосқан тірлік оң «ҚМГ»БӨ» АҚ жыл сайын Маңғыстау облысы әкімдігімен бекітілген әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарт бойынша біраз жобаларды қаржыландырды. Осы жылы таза пайда есебінен 200 млн. теңгеге Жаңаөзен қаласынан 850 әлеуметтік жұмыс орнын құрды, 813,5 млн. теңгеге 200 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қаржыландырды. Жалпы алғанда, әлеуметтік әріптестік бағдарламалары аясында Маңғыстау облысына акционерлік қоғам соңғы үш жылда 2,2 млрд. теңге бөлді. Осы бағдарлама аясында 2011 жылы сегіз шаруашылық-тұрмыстық кешен, үш асхана, он операторлар блогын салып, пайдалануға берді. Ал үш жыл ішінде, яғни 2009-2011 жылдары осы бағдарлама бойынша акционерлік қоғам 4,5 млрд. теңгеден аса ақша жұмсады. Нәтижесінде жиырмадан астам ірі нысандар бой көтерді. Компания сондай-ақ жыл сайын коммерциялық емес ұйымдар мен жеке тұлғаларға қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетумен қатар, еліміз аумағында әлеуметтік-маңызды іс-шаралар өткізуге демеушілік жасайды. 2011 жылы «ҚМГ» БӨ» акционерлік қоғамы осындай істерге 700 млн. теңге бөлді. Осындай негіздегі игі шаралардың анық көрсеткіші ретінде компания былтыр «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының «Жыл ұйымы» номинациясы бойынша лауреаты атанды.![071211-22](http://old.egemen.kz/2011img/071211-22.jpg)
ЕГЕМЕНДІК – ТӘҢІР СЫЙЫ!
Биыл барша Қазақстан халқы үшін өте қастерлі де мерекелі жыл. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қолымыз жетті. Бақ құсы басымызға қонды. Көк туы желбіреген егемен елдің ауасымен тыныстауға тағдыр жазбаған талай аталарымыз көкірегін бостандыққа деген сағыныш сарғайтып, бұл жалғаннан өтті.
Әрине, пенде болғасын күнделікті күйбең тіршілікпен бас қатырып жүріп, елдік туралы, егемендіктің қаншалықты қиындықпен келгені туралы көп ойлана бермейміз. Ой мұхитына сүңгісең тәуелсіздіктің қадірін түсінгендей боласың. Себебі, егемен ел болу – кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған Тәңір сыйы. Таяуда ғана Франция астанасы – Париж қаласында ауыр атлеттердің әлемдік додасы өтті. Мұны телеэкран арқылы бәріміз тамашаладық. Біздің отандас спортшыларымыздың жеңісіне қуандық, мүлт кеткен жерін көргенде солармен бірге қиналдық. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің көк туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда чемпион атанған Илья Ильиннің көз жасын тия алмай, үлкен тебіреністе тұрғанын көріп, менің көңілім толқыды. Өйткені, кеше ғана тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, дербес мемлекет болған елдің ұландарының жеңіс шыңын бағындыруы біздің әлем алдындағы абыройымызды тағы бір көтеріп тастады. Әрине, әр қазақ азаматының спортшы болып, Әнұранымызды шырқатып, чемпион болуы мүмкін емес. Сондықтан, менің ойымша, егер біз Отан алдындағы жауапкершілігімізді сезініп, мұнайымызды өндіріп жүрсек, біз бағындырған жеңіс шыңы сол болмақ. Барша мұнайшылар қауымын, отандастарымды қастерлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Туымыз мәңгі көкте желбіресін, азаттық рухы асқақтай бергей! Нұрбибі ЕРБОЛАТОВА,«Өзенмұнайгаз» ӨФ МӨҚжТКЖБ токарь-темір тесуші.* * *
Тәуелсіздік алып, төл теңгемізді шығарып, қуанышпен толқып жүргеніміз кеше ғана сияқты еді. Міне, осы жылы азаттықтың арайлы таңы атқанына да 20 жыл болды. Егемендіктің алғашқы жылдарында болған қоғамдағы қиындықты ешкім ұмыта қоймаған болар. Жалақының орнына аз ғана мөлшерде азық-түлік алып, нан алу үшін дүкендерде шетсіз-шексіз кезектерде тұрдық. Дегенмен, ел тұрмысының тұңғиыққа құлауы бізді еш жасытқан жоқ болатын. Себебі, ол кезде бізді қайраттандырған тәуелсіздік рухы еді. Біз болашағымыздың жарқын болатынына сендік. Кеңес мемлекетінің қанатында болған Қазақстанның азғантай ғана жылдың ішінде дамудың даңғыл жолынан өтеді деп ол кезде кім ойлаған?! Дәл осыдан 20 жыл бұрын мұнайшылар да елмен бірге қиындықты көрді. Жұмыста қоректенетін тағамымызды үйден пісіріп алып кетіп іштік, асханаларда ыдыс-аяқтың жетіспеушілігінен шыны банкілермен шай да ішкенбіз. Қазір Өзен кен орнының түкпір-түкпірінен салынып жатқан сәулетті асханалар мен тұрмыстық-шаруашылық кешендерді көргенде қуанамын. Толарсақтан саз кешіп, мұнай өндірген бұрынғы мұнайшы аға-апаларымыз мұндай игіліктің бірінде көрген жоқ. Барша отандас бауырларымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Елімізде бейбітшілік болсын, халқымыз бай-қуатты болғай! Жеткізген САҚТАҒАНОВ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ ХжЭБ мотор жөндеуші.![071211-21](http://old.egemen.kz/2011img/071211-21.jpg)