Бүгінгі таңда еліміздегі 817 колледждің 473-і мемлекеттік болып саналады, онда барлық 489 мың оқушының 283 мыңы білім алуда. Бағдарлама есептелген 2021 жылға дейін тағы да 106 мың адам осы оқуға тартылатын болады, бұл – жыл сайын 21 мың оқушы қабылданады деген сөз. Бұл – колледждерде оқитын барлық оқушының 75 пайызы.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, нарыққа жоғары білікті мамандар дайындау үшін бұл оқу орындарының өндірістік-техникалық және оқу базасы заман талабына сай болуы керек. Дәл осы себеппен жоғары білікті жұмысшы кадрларын дайындайтын мемлекеттік колледждер жүйесі қажет. Өйткені жекеменшік колледждерде бұл талап орындалмай жатады. Айталық қазір жекеменшік колледждердің әрбір бесіншісінде ғана шеберханалар, әрбір үшіншісінде ғана зертханалар бар. Бұл – жекеменшік колледж бітірген мамандардың мемлекеттік колледждерді бітірген өздерінің құрдастарынан анағұрлым біліксіз болатынын көрсетеді.
Соған қарамастан, көптеген аймақтардың әкімдіктері осындай мемлекеттік оқу орындарын бәсекелестік ортаға шығаруды қолға алып отыр. Оқу орындарының ресурстарын кешенді түрде бағаламай, мемлекеттік және жекеменшік колледждердің мүмкіншіліктерін сараламай жекеменшікке сатудың өзі – техникалық, технологиялық және қызмет көрсету салаларының мамандарын емес, шығынды аз талап ететін гуманитарлық саланың мамандарын ғана дайындауға соқтыратын түрі бар. Сондай-ақ колледждер жекеменшікке сатылғаннан кейін онда сабақ беретін мамандар азаматтық қызметкер ретінде алатын қосымша ақысынан айырылады және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу мүмкіндігінен қағылады. Әрине мұның бәрі білікті мамандардың басқа жаққа кетуіне соқтырады.
Осы мәселелерді біз Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал арқылы жеткізіп, мына мәселелерді ескеруін өтіндік:
– «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік колледждер жүйесінің сақталуын қарастыру;
– жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік колледждерді бәсекелестік ортаға шығару туралы ұсыныстарының мақсатқа сәйкестігі мен негізділігін қарастыру;
– әлеуметтік сала нысандарын жекешеге беру барысында осы ұйым қызметкерлерінің материалдық қамсыздандырылуында әлеуметтік тәуе-
келдер факторларының туындамауын ескеру.
Айгүл НҰРКИНА,
Мәжіліс депутаты