Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

Соғыста жеті орден алған қазақ

1212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс­та отандас­тарымыз, ерліктің ерен үлгісін көрсет­ке­нін жақ­сы білеміз. Бірақ аласа­пыран болып жататын соғыс жағ­­дайында қазақтардың көп ер­лігі ескерілмей, кейде тіпті тиіс­ті мара­паттары басқа­лар­дың қан­жы­­ғасында кетіп жатқан жайлар да жиі болғанын естігенбіз. Ал біз бүгін әңгіме еткелі отыр­ған Қабдолла Көшербаев аға­мыз, құдайға шүкір дейік, өзінің жаса­ған ерліктерінің бәріне тиісті марапаттарын түгел алған екен.

Соғыста жеті орден алған қазақ

Қазақтың жеті орден алуы мүмкін емес, қоспасы бар шығар деп ойлап қалатын ағайынға тек деректермен сөйлеуді мақ­сат етіп отырмыз. Жеті орден алған Қабдолла Көшербаев 1916 жылы Ақмола облысының қазіргі Біржан сал (бұрынғы Еңбек­шілдер) ауданындағы Үлгі ауылында дүниеге келген. Орысша-қазақша білім ал­ған, соның ішін­де Қотыркөл село­сындағы бух­галтерлік курсты да бітірген оны 1937 жылы Қызыл Армия қата­рына шақырады. Осында жүріп, 1939 жылдың көктемінен күзге дейін жалғасқан Моңғолия аума­ғындағы Халхин-Гол өзені­нің бойындағы Кеңес-Жапон соғысына да қатысқан.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ әскери комиссариаты (ол кезде ағамыз сол жақ­та тұрған) оны бірден әскерге шақырып, әрі соғыс көрген, әрі сауатты болғандықтан кіші офицерлер дайындайтын жедел курсқа жібереді. Одан кіші лейтенант атағын алып шыққан Қабдолла 1939 жылы құрылған Қызыл тулы Рыльск-Киев 121 диви­зия­сы­ның құрамындағы 385-ші ат­қыш­тар полкының 5-ші рота­сын­дағы барлау взводының командирлігіне тағайындалады. Осы шағын құраманың командирі болып жүргенде, 1942 жылдың 14 қыркүйегінде кеудесіне алғашқы Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені қадалады.

1941 жылдың желтоқсан айында Алматыда 100-ші атқыштар бригадасы құрылғанын білеміз. Сол құраманың жауынгерлерін дайындау үшін майданнан білікті қазақ офицерлерін шақырған ғой. Соның бірі – Киев-Рыльск дивизиясында жүрген орденді лейтенант Қабдолла Көшербаев екен. Ағамыз 1943 жылдың 21 желтоқсанында осы бригаданың екінші батальонындағы барлау­шылар взводының командирі болып жүргенде Молодотуд ауда­ны­ның Калинин деревнясы үшін болған соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.

Ал үшінші орденін (бұл жолы да «Қызыл Жұлдыз») Қ.Көшербаев 73-ші Новозыбков дивизия­сының құрамындағы 392-ат­қыштар полкының 8-ші ротасы­н­ың командирі болып жүр­генде, Полесск облы­сы Па­ричевка ауданының Сосновка дерев­нясы түбінде болған соғыс­та көрсеткен ерлігі үшін алады.

1944 жылы Қабдолла Көшер­баев қызмет еткен әскери құрама Ленинград облысы, Балтық бойы республикаларының аума­­ғын­дағы соғыстарға қаты­са­ды. 1944 жылдың 17 науры­зын­дағы 48-ші Армия бойын­ша берілген бұйрықта ол өзі­нен басқа екі офицермен бірге «Александр Невский» орденімен марапатталады. Бұл азаматтың төртінші ордені, ал өзі бұл уақытта рота ко­ман­дирі, аға лейтенант болатын.

Бесінші орденін батыр ағамыз 1944 жылдың қазан айында алады. Бұл жолы ке­зек­­­ті «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі.

Алтыншы орденін Қабдолла ағамыз осы Балтық бойы майданында ауыр жараланып, госпи­тальда жатқанда алған екен. 1945 жылдың 6 ақпанындағы бұй­рық­пен берілген Екінші дәре­желі «Отан соғысы» ордені оны Лат­вия­ның Кромеши деген деревнясында тауып, кеудесіне қадалады.

1945 жылы соғыс аяқталғанда ол Түркістан әскери округына батальон командирі болып таға­йын­далады. Осында жүр­генде әскери дайындығы жоға­ры бол­ған оның батальоны мақта­лып, коман­ди­ріне төртінші «Қызыл Жұлдыз» ор­де­ні беріл­еді. Ал бұл Қаб­долла Кө­­шер­­баев ал­ған жетінші орден еді.

Қан майданды белшеден кешкен әрі үш рет ауыр жараланған майор Қ.Көшербаевты әскерден бо­сатпай, ол Түркістан әскери окру­гінде, одан Кенигсберг қа­ла­сын­да әскери қызметін жалғасты­ра­ды. Тек 1956 жылы ғана әскер­ден босап, Степняк қала­сында ДОСААФ төрағасы болып сайла­нып, 1967 жылы демі үзілгенше 11 жыл қызмет етеді. Артында ұрпақ­тары бар.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

СУРЕТТЕ: соғыстан кейін іле түсірілгендіктен 1945 жылдың аяғында алған 7-ші орденін тағып үлгермеген