Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

Бес жасар Рақымжан Қошқарбаев

1041 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Рақымжан – отбасында екі апасының соңынан ерген ұл. Қазақ сағындырып келген ұл баланы еркелетіп өсіретіні белгілі, алайда Рақымжан есі шыққан ерке, шектен шыққан тентек емес, ақылды бала. 

Бес жасар Рақымжан Қошқарбаев

Рейхстагқа ту тіккен қазақ, Ха­лық Қаһарманы Рақымжан атасы 1924 жылы 19 қазанда өмірге келсе, кішкентай Қошқарбаев 2013 жылы 19 қазанда дүние есігін ашыпты. Тегі мен туған күні сәйкес келіп тұрған ұлға ата-анасы, бауырлары ырым етіп, қаһарман атаның есімін еншілетті. Әрине қарт Рақымжанның тағдыры емес тағы­лымы, батырлығы, азаматтығы мен қайсарлығы дарысын деген тілек, халық үшін кеудесін оқ пен отқа төсеп, ерен ерлік үлгісін көрсет­кен батыр бабаға деген шексіз құрмет. Бүгінде кішкентай Рақымжан Ақтау қаласындағы «Сұл­тан» атты балабақшаға барады. «Бала тілі – бал» дегендей, «Мен Нұрсұлтан бақшасына барамын!» дейді мақ­танышпен. Ақылды, жігерлі, байсалды, белсенді бала балабақшада өтетін түрлі шараларда алдыңғы лекте жүреді.

– Есте сақтау қабілеті өте жоғары, алғыр. Теледидардан бір көрген нәр­сені сол күйінде қайталап бергенде, өзіміз қайран қаламыз. Ең бас­тысы, аман болсын, елін сүйген азамат болсын, – дейді әкесі Қанат Жұма­баев. Қанат Қошқарбайұлы – жаттықтырушылар арасында самбо күресінен үш дүркін Әлем чемпионы, қазақ күресінен бірнеше дүркін түйе балуан, халықаралық дәре­жедегі спорт шебері. Қазіргі таңда Ақтау қалалық әкімдігінде қалалық спорт бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып жүр. Ол ұлының өзі секілді спортшы бол­ғанын қалайды, алайда қай спорт түрін баланың ыңғайына, қабілетіне қарай анықтамақ.

Еркін еліміздің ертеңіне қызмет етер жеткіншектер желкілдеп жетіле бергей, дедік біз де әке тілегіне ортақтасып.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы