Аймақтар • 10 Мамыр, 2018

Қырымбек Көшербаев: Жастарға көп қаражат бөлінеді

524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазалы ауданында өткен жастар саясаты мәселелері жөніндегі көшпелі кеңес отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деді.

Қырымбек Көшербаев: Жастарға көп қаражат бөлінеді

– Облыс халқының басым бөлігін жастар құрайды. Тұрғындардың жалпы санының 24 пайызы жастар болса, олардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады. Біз оларға сапалы білім мен сұранысқа ие мамандық беріп, жұмысқа орналасуға көмектесуіміз керек. Сондықтан, жастар саясатын қаржыландыру жұмысымыздың басымдықтарының бірі. Қызылорда облысы республика бойынша жастарды қолдауға ең көп қаражат бөліп келе жатқан өңір. Осыған байланысты өңірде қазірдің өзінде өзекті деген көптеген мәселелер шешілді, – деді облыс әкімі.

Жиында жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев «Жастар саясатын дамыту бойынша 2021 жылға дейінгі жол картасын» жүзеге асыру барысы туралы баяндады. «Жол картасы» денсаулық сақтаудан бастап үкіметтік емес ұйымдармен әріптестікке дейін барлық салалар бойынша жастармен жұмыс істеудің 10 бағытын қамтиды. Мәселен, жастарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оқыту мақсатында 1515 грант, мемлекеттік тапсырыс бойынша 3088 грант бөлінді.

– Бұған қосымша «Серпін-2050» жобасы бойынша бөлінетін гранттарды қосатын болсақ, 100 пайыз оқумен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Биылғы жылы Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарын бітіретін 76 түлекті жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Еркебұлан Меңлібаев.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы