Аймақтар • 10 Мамыр, 2018

Қазақстандағы ең ірі «Апорт» молы тағы 2 мың адамды жұмыспен қамтыды

1133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері еліміздегі ең ірі «Апорт» молының үшінші жаңа бөлігі жұмысқа қосылуда. Аумағы жағынан Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы аса ірі ойын-сауық, сауда орталығының жаңа кезегінің ашылуына орай, қазіргі 3 мың жұмыс орнына қоса тағы 2 мың адам үшін қосымша жұмыс орындары құрылды. Және мұнда бірінші рет Алматы облысының Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады.

Қазақстандағы ең ірі «Апорт» молы тағы 2 мың адамды жұмыспен қамтыды

Аса ірі молды салуға еліміздің кәсіпкерлері 100 миллион долларға жуық қаражат салып отыр.

Алматы қаласымен іргелес облыста орналасқан, теңдесі жоқ жаңа жобаның үшінші кезегін қоса алғанда, енді «Апорт» молының жалпы ауданы 210 000 шаршы метрден асады. Сондықтан аталмыш молдың бір мезетте 5 мың көлікке автотұрақ ұсына алатын мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, қалаға және қала шетіне қатынайтын 20-дан аса автобустық бағыт іске қосылмақ. Бұл бастама Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесе отырып дайындалды.

«Апорттың» алғашқы кезегі 2009 жылы ашылған болатын. Бар болғаны бір жыл ішінде молға 3,2 миллион адам келді. Молдың екінші кезегі келушілер санын екі есе көбейтті. 2017 жылдың наурыз айында орын жетіспегендіктен, үшінші кезеңнің құрылысы басталды. 2020 жылға қарай мұнда келетін халықтың саны жылына 15 миллионға дейін жетеді деп ойлаймыз», деді «Home Mart» ЖШС атқарушы директоры Дмитрий Ревин.

Өз кезегінде «Апорт» молы әлеуметтік маңызға ие жобаларды қолдауға қашанда дайын екендігін білдіріп отыр. Осы жазда молдың 5 гектарлық аумағында спорттық алаңдары, демалыс аймақтары, жасанды көл мен амфитеатры бар мәдениет және демалыс саябағының құрылысы басталады. Бұл саябақ молл қонақтарына бүкіл отбасымен демалысты қызықты өткізіп, спортпен шұғылдануы үшін толықтай тегін қызмет көрсетеді. Және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлеріндегі сәбилер үшін ұдайы тегін демалуға жағдай туғызылып, қайырымдылық шаралары жалғасатын болады.

Сондай-ақ, мұнда «Магнум» желісі ішіндегі ең кең тауар түрлерін сататын «гипермаркет» форматындағы Қазақстандағы ең ірі «Магнум» орналасты.

Оған қоса Mohito, Cropp, Sinsey, House, Reserved брендтері аясында жұмыс істейтін дүние жүзіне белгілі LLP компаниясы Қазақстанда тұңғыш рет өз өнімдер топтамасын 2018 жылдың қыркүйегінде тек «Апорт» моллында ғана ұсынғалы отыр. LLP компаниясына тиесілі Еуропадағы ең үздік жаңа бес бренд заманауи ритейлде жұртшылықтың зор қызығушылығын тудыратын ерекше брендтер саналады

Ал дүние жүзіне әйгілі француздық Leroy Merlin бренді үйге арналған тауарлар гипермаркетін Қазақстанда тұңғыш рет осы жазда осы молда ашқалы отыр. Ол «Апорт» молына іргелес орналасатын болады.

Еліміздегі тұңғыш дүкендерін «Апорт» молында ашқан еуропалық, түрік, ресейлік брендтер бұрынғысынша молдың алдыңғы қатарлы жалгерлері ретінде өз қызметтерін жалғастырады. Олардың қатарында Ostin, LC Waikiki, Koton, Kari, DeFacto, «ТВОЕ», FLO, Miniso, «Детский мир», «Спортмастер», Sman, Glasman, Kari Kids, Us Polo сынды тағы да басқа көптеген «ізашар» брендтер бар.

Осы айтулы оқиға орай, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Апорт»  молында жаңа форматтағы концептуалды бірқатар нысандардың тұсаукесері өтті. Олардың қатарында отбасылық «Funky World» ойын-сауық саябағы, ең үлкен SPA орталығымен жабдықталған (ауданы 2000 шаршы метр) Орталық Азия және ТМД аумағындағы ең ірі «Miami Aquapark» аквасаябағы, «махаббат баспалдағы» және «тілектер фонтаны» орналасқан нағыз италиялық Пьяцца алаңында Food Gallery мейрамханалар галереясы бар.

«Miami Aquapark&SPA» және «Funky World» саябақтарының салтанатты тұсаукесері Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 1 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ