Қазақстан • 11 Мамыр, 2018

«Үркер» сыйлығына өтінім беру басталды

712 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

«Үркер» сыйлығына өтінім беру басталды

Баспасөз мәслихатында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Маубер­линова биыл «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналып отырғандығын айтты. 

«Өткен жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» сыйлық­тарын тағайындаған болатын. Биыл наурыз айында өткен «Тұ­мар» ұлттық сыйлығы Қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған еді. Ал «Үркер» сый­лығын «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арнауды жоспарлап отырмыз», деді ол. 

Сонымен биыл «Үркер» бай­қауына қатысу үшін үміткерлер el.kz. сайтына үздік фотосурет, үздік репортаж, үздік сарапта­малық материал, үздік журналистік зерттеу, үздік сұхбат, Қазақстан туралы үздік танымдық материал, үздік халықаралық талдамалы материал, үздік өңірлік радиостанса, үздік өңірлік мерзімді басылым, үздік қазақстандық радиостанса, үздік интернет-басылым, үздік республикалық мерзімді басылым аталымдары бойынша өтініштер жібере алады.

Бұл туралы «Qazcontent» АҚ төрағасы Евгений Кочетов: «Биыл байқау 12 аталым бойынша өтеді және тағы бір эксперименттік аталым қосылып отыр. Ең үздік блогерлер мен вайнерлерді, сондай-ақ ең танымал паблик пен жыл хайпын анықтасақ деген ой бар. Әділ болсын деген ниетпен оқырмандар өздері таңдасын деген шешімге келдік. Сол үшін қосымша қандай аталым болатынын дауыс беру арқылы анықтамақпыз. Мұны көпшілік urker.el.kz сайтына кіріп, аталымға дауыс беру арқылы таңдайды», деді. 

Байқаудың қазылар алқасы құрамына танымал қоғам қай­раткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналис­тика саласының майталман мамандары кіреді. Лауреат атанған журналистерге естелік мүсін мен қаржылай жүлде табысталады. Әрбір жеңімпаз 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсінге ие болады. Конкурсқа шығармашылық жұмыстары 2017 жылы жа­рия­ланған баспасөз редакциялары мен интернет-БАҚ өкілдері, сондай-ақ радиостансалардың журналистері қатыса алады.

Баспасөз мәслихатында спикерлер журналистер сауалдарына жауап беріп, былтыр конкурсқа 700-ге жуық өтінім түскенін, сөйтіп байқау жоғары дәрежеде өткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ биылғы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақастан»