«Қаражанбасмұнай» АҚ-тың алғаш құрылған кезеңінен бастап бүгінге дейіні тұтас бір тарих. Осы жылдар ішінде компания Батыс Қазақстандағы Ақтау қаласынан 230 шақырым жердегі Бозащы ойысымының солтүстік-батыс шетінде орналасқан «Қаражанбас» кен орнында мұнай өндіріп келеді. Мұнда алғаш рет қара алтын 1974 жылдың 24 қаңтарында өндірілді. Геологиялық барлаушылардың, бұрғылаушылардың, өнеркәсіп құрылысшылары мен мамандарының үйлесімді жұмыстарының нәтижесінде кен орнында мұнайдың алғашқы тонналары өндіріле бастады. Бүгінде «Қаражанбасмұнай» АҚ еліміздегі стратегиялық тұрғыда маңызы зор компания саналады. Кәсіпорын өзінің миллион тона мұнайын алғаш рет 1984 жылы өндіріп алды.
Мекеме ұжымы осы жылдар аралығында мұнай өндіру қарқынын арттыра отырып, Қазақстан экономикасының дамуына қомақты үлесін қосты. Тек жабысқақтығы жоғары ғана емес, сонымен бірге сулану құрамы жоғары мұнай қорларын әзірлеу және пайдалану бойынша күрделі міндеттерді жүзеге сәтті асырды. Сауатты ұйымдастырушылық қабілет пен білікті мамандар, сондай-ақ қазіргі заманның озық технологиясын пайдалану мен серіктестермен жақсы қарым-қатынас қалыптастырудың арқасында мұнай өндіру ісі қарқынды дамып келеді. Кәсіпорынның жұмысы жүйелі түрде жолға қойылып, швейцар сағаты сияқты үздіксіз жүріп отыр. Геологтар мен қайта өндірушілер, шеберлер мен технологтар, ауысым басшылары мен операторлар өз жұмыстарын сауатты жүргізіп, жұмыс барысының жауапкершілігін жақсы сезінді. Компания жұмысшылары қара алтынның құнын біліп, біздің еліміз бен халқымыз үшін маңызды екенін жақсы түсінеді. Бүгінгі күні еңбек ұжымы алға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатыр. Біртұтас ұжым ортақ идеямен өмір сүреді, өз тағдырларын соған арнаған, күнбе-күн ұңғыма жұмыстарына жанашырлықпен қарайды.
Ақпараттық-технологиялық қолдау орталығындғы кен орнын орналастыру картасында «Қаражанбас» кен орнының барлық инфрақұрылымы алақандағыдай көрінеді. Ұңғыма көшеті, мұнай әзірлеу және өңдеу қондырғылары, резервуарлар, жылыту пештері, сепараторлар, өзара бірнеше шақырым бойымен жалғасқан түрлі мақсаттағы ішкі өнеркәсіп құбырлары. Мұнай дайындау және айдау цехы да барлық технологиялық жабдықтардың жұмысы көрінеді, «жанды шкала» құрамында мұнай бар сұйықтық тығыздығының, температурасының, қозғалыс жылдамдығының және мұнай резервуарларының толуының сәл-пәл өзгерісін өте сергек сезінеді. Бірақ барлығының назары «Қаражанбас» кен орнынан мұнай дайындау және айдау цехына келетін «қара алтынның» әрбір тоннасын жүйелі өлшеп отыратын «есептегішке» аударылған. Елу миллион тонна мұнай өндірілді. Кәсіпорын ұжымы күткен оқиға болды. Бұл кәсіпорын ұжымының көптен күткен жаңалығы болып отыр.
«Мұнай өндірісі – іркілісті көтермейтін үрдіс. Бірнеше минуттар арасында өндірілген 50 миллионға мұнайдың кезекті тонналары қосылды. Жаңа шыңдарға апаратын жол есебі басталды және уақыт өте келе «Қаражанбас» кен орны тарихында жаңа жеңістер жазылатын болады. Ал бұл дегеніңіз – біздің алдымызда, ең кемі үш ондық жемісті еңбек жылы және тағы бір «мерейтойлық» мұнай тоннасы күтіп тұр деген сөз. Сонымен бірге қазіргі күні кәсіпорында зор тәжірибе жинақталған, біздің жоғары білікті керемет ұжымымыз бар, кәсіпорынның барлық кезеңдерінде – мұнай өндіруден дайындауға және тасымалдауға дейінгі жұмыстардың барлық ретін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін барлық қажетті өндірістік инфрақұрылым бар», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ Геология және игеру департаменті игеру бөлімінің басшысы Владимир Турков.
50 миллион тонна мұнай – бұл ондаған еңбек жылдары, кәсіпорынға өзін арнаған адамдардың тағдыры және жалпы идеямен өмір сүретін біртұтас ұжымды қамтитын өте айтарлықтай сан және айрықша оқиға. Қол жеткізген табыс – сөзсіз, аралық: тағы бір маңызды іс атқарылды, тағы бір биік бағындырылды. Осы жылдар аралығында көптеген жарқын естеліктер қалды, оны ұмытуға болмайды. Сосын сол кезде басталған істің жалғасып келе жатқанын, дамып жатқанын және жаңа сапаға шыққанын көру қуанышты. Осылай деген «Қаражанбасмұнай» АҚ бас геологы Гүлзира Сатанова кәсіпорынның ардагер жұмысшыларына алғыс білдіруді өзінің парызы санайды.
«Қаражанбас» кен орнындағы болжанған қор бойынша мұнай өндірудің коммерциялық келешегі ондаған жылдарға жететінін отандық ғалымдар ғана емес, сонымен қатар жыл сайын халықаралық тәуелсіз аудиторлық компаниялардың тарапынан да бағаланып отыр. Десе де мен «Қаражанбас» кен орнындағы жер қабаты тағы көптеген зерттелмеген құпияларға толы, ашылмаған ресурстар бар екеніне сенімдімін. «Қаражанбастағы» кен орнында 6000-8000 метр тереңдікті барлау мен зерттеуді болашақта жүзеге асыру жоспарларланып отыр. «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың барлық ардагерлері мен ұжымын жарты миллион тонна мұнай өндіруімен құттықтай отырып, компанияға жақын болашақта алғашқы жүз миллион тонна мұнай өндіруін, жер қойнауының жаңа келешектерін ашуын және одан кейінгі кезде өндірілетін мұнайды миллиард баррельдермен есептеуін тілеймін», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас геологы Гүлзира Сатанова.
«Қаражанбасмұнай» АҚ-тың стратегиялық дамуында алдағы он жылдықта 6 мың метр тереңдіктегі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат алуға қол жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта компания «Қаражанбас-теңіз» теңіз құрылымдарын алып, онда жұмыс жүргізуді көздейді. Бүгінде осы мәселені жүзеге асыру жұмыстары қолға алынып, нәтижелі болған жағдайда кәсіпорынға білікті мамандар қажет болады. Оларды кәсіпорынға тарту шараларын қазірден бастап іске асыру жоспарланған.
«Есеп бойынша «Қаражанбас» кен орнында игерілуі тиіс 97 миллион тонна мұнай өнімінің бүгінгі таңда жартысынан астамын «Қаражанбас» мұнайшылары игеріп, елімізге табыстады. Кен орнының тарихын қалыптастыруға, көптеген қиыншылықтарды жеңіп, сонымен қатар жақсы жетістіктеріне қол жеткізуге зейнеткерлікке шыққан аға-апаларымыз бен олардың жолын жалғастырушы білікті мұнайшылар мен жас мамандардың қосқан үлесі зор. Осы азаматтар компаниямыздың өркендеп өсуіне өздерінің ерен еңбектерін аямай қосуының нәтижесінде бүгінгі жетістікке жетіп отырмыз. Біздің осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан, табысты кеніште еңбек етуімізге аптап ыстыққа, боран-суыққа қарамай өздерінің қажырлы еңбектерімен жол ашқан аға буын өкілдерінің еңбегін ерекше ықыласпен еске алып, зор ризашылығымды білдіремін. Қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген «Қаражанбасмұнай» компаниялар тобының жұмыскерлеріне, ардақты ағаларымыз мен апаларымыз еңбек еткен жылы ұямызды одан әрі өркендетіп, келешек жас буынға абыроймен табыстауға жеткізсін дегім келеді», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың Өндіріс директоры Оңғар Қабылов.
Қазақстандық мұнай секторларына бұл күнде кен орындарын тиімді пайдалану мен табыстылығын көтеру мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың орта мерзімді бинзес стратегиясы өндірілген мұнай көлемін біртіндеп арттыруды басты бағыттарының бірі етіп отыр.
«Мұнай компаниясының жетіс-
тігі екі нәрседен – компанияның өзінің ішкі мүмкіндіктерінен және күрделі саяси процестерге, геосаясатқа тәуелді нарықтық конъюнктурадан құралады. Қаражанбасмұнайдың міндеті – отандық экономиканың мүддесі үшін қолда бар әлеуетті мейлінше пайдалану, ішкі мүмкіндіктерді дамыту және қолданыстағы ресурстарды бәсекелестік басымдылыққа шығару. Және бұл міндет, өндірістің негізгі өсімі қазіргі күні компанияның құрамындағы адам капиталы – «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметшілерімен, яғни біздің білікті геологтармен, технологтармен, инженерлермен, басқа бағыттағы мамандармен тікелей байланысты», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ Өндіріс жөніндегі вице-президенті Нұржан Әбдірахманов.
Компанияның алдағы жоспарларында сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселесі де тұр. Бұл бағытта кәсіпорын жыл сайын өндіріске экологиялық залалды азайтатын жаңа прогрессивті технологияларды енгізіп келеді. Компанияда сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен өндірістік басқару жүйелерін сәтті жүзеге асыру ісі де қолға алынған.
«Қырық жылға жуық уақыт бойы кен орнымен бірге тыныстап, өндірістің өрге басуына қажырлы еңбегі мен өмірін арнаған азаматтардың табанды еңбектері бүгінде жемісін беріп отыр. Геолог, шебер, оператор, жөндеуші, жүргізуші сынды мұнай өндірісіндегі жандардың қол жеткізген 50 миллион тонна өнімінде маңдай тері мен білек күші жатыр. Біз үнемі компанияда мамандардың біліктілігі мен олардың атқаратын жұмысына баса мән береміз. Көңілдеріңіздің тоқ болып, жұмысқа деген ынталарыңыздың жоғары болуы аса маңызды. Қатарымызды толықтырып келе жатқан жастардың білікті маман ретінде қалыптасуын назарда ұстап келеміз. Мұнай өнеркәсібі – үздіксіз еңбекті қажет ететін жұмыс. «Қаражанбас» компаниялар тобына кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «АрғымақТрансСервис» ЖШС, «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС еңбек ұжымдарының үлкен отбасы ретінде мұнай өндіруші алпауыт компанияға айналды. 50 миллион тонна. Ауыз толтырып айтуға боларлық бұл көрсеткіш әрбір қаражанбастықтың көкейінде мақтаныш сезімін тудырады. Маңызды іс компанияның бағындырған бір биік белесі», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың президенті Ли Тецян.
Ли Тецян мырза сонымен қатар жетістікке жетудің негізгі шарттары ретінде жоғары тәжірибелі мамандар мен ұйымшыл ұжымның өндірістегі тиімділігі екенін айтады. Ал акционерлік қоғамның сервистік қызмет көрсететін еншілес құрылымдарын қосқанда жұмысшылардың саны 7 мыңды құрайды. Кәсіпорынның серіктестері қатарында арнайы киімдермен, қажетті құрал-жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ететін 300-ге тарта отандық кәсіпорын бар. Бұл ұжымдар да мұнайшылардың кез келген мерекелік іс-шараларына қатысып, қуаныштарымен ортақтасып отырады. Компанияның 50 миллион тонна қара алтын өндіруіне арналған жиынын да серіктес, еншілес компания қызметкерлері қатыстырылды. Өйткені 50 миллион тонна ауыз толтырып айтуға боларлық көрсеткіш. Маңызды іс, компанияның бағындырған бір биік белесі. Алда жылдық жоспарды орындауда осынау ұжымдармен бірлесіп отырып көптеген ауқымды жұмыстарды атқарып, жетістіктерге жету жоспарда бар.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»