Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында өңірдегі электр қуатының бағасы көрші Өзбекстанмен салыстырғанда қымбат екендігі, ал ол өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына әсер ететіні айтылып, мәселе көтерілген болатын. Кеңесте келтірген мәліметке қарағанда, Оңтүстікте электр қуатының 1 киловаты 28 теңге болса, біздің ақшаға аударғанда көрші Өзбекстанда – 8 теңге. Өңірлік кеңеске қатысушылар «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтан осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады.
Уақыт өте баға айырмашылығына қатысты туындаған мәселе шешімін табар және бұл орайда өңірде баламалы энергия көздерін дамытудың алар орны үлкен болмақ. Айта кетелік, облыс тұтынатын энергия мөлшерiнiң басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалдануда. Сол себепті де тариф жоғары. Бұл қарапайым тұтынушыларға да, шағын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыртпалық түсiрiп отыр. Өз кезегінде Оңтүстiк баламалы энергия көздерi бойынша әлеуеттi өңiр болып есептеледі. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 су қоймасы бар.
Еске сала кетсек, болашақтың энергиясы туралы бастаманы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында көтерген-ді. Осы бастама бойынша «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдама бекітілді. Мемлекет басшысы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылғанын айтып өтті.
«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін де атап көрсетті.
Баламалы энергия көздерін дамыту бағытында облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стансасының, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасының, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы басталады. Жалпы, алдағы уақытта баламалы энергия көздерін дамыту бойынша Төлеби ауданында 20 МВт электр энергиясын өндіретін ірілі-ұсақты 10 су электр стансасы салынбақ. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласы маңында күн электр стансасы құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары қараша айында басталады деп жоспарлануда. Жобаға германиялық «NwComp Solar GmbH» компаниясы 7 млн еуро инвестиция құйып отыр. Ал Мақтаарал ауданындағы екінші жобаның инвесторы – нидерландтық VTK Investments B.V компаниясы. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екіжақты меморандумға қол қойылған. Жоба құны 150 млн еуро. Сондай-ақ Бәйдібек ауданы Жүзімдік елді мекенінде «Ветропарк Жүзімдік» ЖШС қуаты 40 МВт болатын жел электр стансасының құрылыс жұмыстарын бас-
тайды. Ауданда шетелдік «Emperial Renewabie Energy» ЖШС-ы (қуаты 100 мВт) және «KK-Kiunsen» (қуаттылығы 210 мВт) кәсіпорындары жобалау-сметалық құжаттарын әзірлесе, аталған саладағы жұмыстарды ағымдағы жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Арыс қаласында қуаты 14 МВт болатын күн электр стансасын салу да биылға жоспарланған. Ал Отырар ауданында «Промондис» ЖШС қуаты 35 МВт күн электр стансасының жобалау құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. 100 гектар жер телімі бөлінген жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделуде.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы