Аймақтар • 11 Мамыр, 2018

Ақтауда зәулім спорт сарайының іргетасы қаланды

473 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдына қара салмаған желаяқ Тұяқов Әмин мен «қазақ боксының атасы» атанған Шоқыр Бөлтекұлын түлеткен, тәуелсіздік түлегі – екі дүр­кін Олимпиада жүлдегері Әділбек Ния­зымбетов өскен Маңғыстауда соңғы жылдары спорт саласы қарқын алып келеді. 

Ақтауда зәулім спорт сарайының іргетасы қаланды

Еліміздің өзге өңірлерінде өткі­зіл­генмен, Маңғыстауда қалыс қалып келе жатқан Мәскеу Олимпиадасының жүл­дегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров жүлдесіне арна­лған грек-рим күресінен жас­тар арасындағы халықаралық гран-при турнирі мамыр айының 4-де Ақтауда алғаш рет  жалауын жел­бі­рет­ті. Турнирдің салтанат­ты ашы­лу рәсіміне Маңғыстау облы­сы­­ның әкімі  Ералы Тоғжанов, Олим­пи­ада чемпионы Жақсылық Үш­кем­пі­ров­пен бірге қатысқан  құр­мет­ті қо­нақтар қатарында Юрий Мель­ни­чен­ко, Бахтияр Байсейітов, Нұр­ба­қыт Теңізбаев, Әсет Иманбаев сын­­ды Олимпиада чемпиондары мен жүл­де­гер­лері бар. Ақтаудағы «Маң­ғыстау Арена» спорт кешенінде 4-6 мамыр күндері өткен турнирге әлем­нің 15 елінен 60 спортшы қа­тыс­ты.  

«Қос тойың қабат болсын» деген­дей, осы күні Астана қаласының 20 жылдығы, Ақтау қаласының 55 жыл­дығы аясында Ақтау қаласында зәу­лім спорт сарайының іргетасы қалан­ды. Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейти­нг Компани Н.В.» (НКОК) ком­па­­н­иясының қолдауымен салынатын спорт кешенінің құрылысы би­ыл басталады.  Үш қабаттан тұра­тын кешенде бокс және жекпе-жек күш сынасатын спорт түрлеріне ар­налған көрермендер залы, таэквон­до, дзюдо және ауыр атлетика жат­тығуларына арналған зал, үл­кен бассейн, дене шынықтыру мен сауықтыру шараларына, хореография мен гимнастикаға арналған бөл­мелер бар, сондай-ақ шағын фут­бол, баскетбол, волейбол, теннис жә­не жеңіл атлетикаға арналған көп қыз­метті ашық алаңдар да қарас­ты­­рыл­ған. 20 220 шаршы метр жер­­ге қазық қаққан жаңа  спорт орта­лығында 1500 орындық көп қыз­метті зал орналасады. Кәсіби спортпен шұғылдануды ұйым­дас­тыруға, дене шынықтыру және қала тұр­ғын­дарын сауықтыруға, сондай-ақ ауқым­ды спорттық және мәдени-көп­ші­лік іс-шараларды өткізуге арн­алып әйнек пен бетоннан заманауи үл­гіде жасалған әсем спорт ке­ше­ні­нің құ­рылысы әлеуметтік жә­не ин­фр­ақ­ұ­рылымдық жобалар  шең­берінде жү­зеге асырылады. 

− Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауында саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек және жастардың репро­дуктивті денсаулығын қорғау­ға, нығайтуға ерекше назар аудару керек­тігін атап өтті. Бүгін NCOC ком­­­­­паниясы әлеуметтік инфра­құ­ры­лым­­­дық жобалар аясында жүзеге асы­­рып жатқан «Спорт сарайы» жо­басы облыс тұрғындарының қызы­ғу­шылығын одан әрі арттырып, са­ла­матты өмір салтын ұстануға жағ­дай жасайды. Осы спорт сарайы ғи­маратында, еліміздің туын көк­ке же­л­­біретер ертеңгі чемпиондар шы­ға­­тынына сенейік, деді Маңғыстау об­лы­сының әкімі Ералы Тоғжанов спорт сарайының іргетасы қалану сал­­танатында. 

Ал ауқымды жобаға қолдау көр­се­туші «НКОК» компаниясының бас­қа­рушы директоры Бруно Жардэн жер­гілікті халықтың денсаулығын сақ­тап, нығайту мәселелерін шешу үшін компания кешенді тәсілді қол­данатынын айтып өтті. Ол осындай нысандар салу арқасында мықты спортшыларды даярлау үшін үлкен мүмкіндіктер ашылатынына ерекше назар аударды. Айта кету керек,  аталмыш компания Маңғыстау өңірінде ірі жобаларға қолдау көрсетіп келеді.  Сол­түстік Каспий консорциумының қар­жысына Ақтау қаласындағы бюд­жет саласының қызметкерлеріне арналған 500 орындық жатақхана, қала­ның 33 шағын ауданында орналасқан көп қызметті спорт кеше­ні, Маңғыстау облысына әртүрлі мем­лекеттік бағ­дар­ламалар, соның ішін­де ай­мақ­тар­ды индустрияланды­ру бағ­дар­ла­масы бойынша жұмыс іс­теу­ге кел­ген жұмысшы мамандарға ар­нап Қарақия ауданының Құрық ауылында салынған 500 орындық жа­тақ­хана секілді бірқатар маңызды әлеу­меттік нысан салынды. Бұл нысандар «НКОК» компания­сы үшін маңызды әлеуметтік және ин­фра­құрылымдық жобалар шең­бе­рінде салынып жатыр, себебі бұл құ­ры­лыстар консорциумға жергілікті жұрт­шылықтың қажеттіліктерін тіке­лей қамту мүмкіндігін береді. Кон­сорциум Маңғыстау және Атырау облыс­тарында әлеуметтік жобаларға үл­­кен қажеттілік бар екенін ескеріп, бір­­қатар қосымша жобаларды да жү­зе­ге асыруда. 

Спорт сарайының іргетасы қа­ла­­ну барысында Ақтаудың 100 жыл­­дығында ашылып оқылу үшін, яғ­ни енді 45 жылдан соң – 2063 жылғы жас спортшы буынға арналған бүгінгі аға буын өкілдерінің Аманат-хаты салынған капсула орналастырылды. 

Әсерлі шарадан соң  Олимпиада чем­пионы Жақсылық Үшкемпіров Маң­ғыстау облысының активімен кез­десіп, спорт саласындағы ел мақта­нышт­арын жастарға үлгі етті.

− Біздің жастарымыз бақытты өмір с­үруде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының арқасында елі­міздегі спорт саласы белсенді дамып келеді. Бүгінде оларда спортпен жас­тайынан шұғылданып, өз елін әлемге танытатын атақты спортшыға айналу мүмкіндігі бар. Саламатты ұлт болып қалыптасу үшін дені сау ұрпақ тәрбиелеу жолында біз де өз үлесімізді қосып келеміз. Әртүрлі жарыстар ұйымдастырып, аудандар мен  шалғай ауылдарға жиі келуге тырысамыз. Біз жастарымызға танымал спортшыларды үлгі ете отырып, табандылық пен еңбексүйгіштіктің арқасында бәріне қол жеткізе алаты­нын түсіндіргіміз келеді. Мен Маң­ғыстау жұртшылығына  жылы қа­был­­дағаны үшін ризашылығымды біл­діремін және бұл өңірде де Олим­пиада чемпиондары көп болсын! − деді Жақсылық Үшкемпіров. 

Бұл – Маңғыстаудың спорт сала­сын­дағы және спортсүйер қауым үшін есте қаларлық кездесу болды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы