Аймақтар • 11 Мамыр, 2018

Петропавлдағы аттракциондар әлемі

605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Аттракциондар әлемі» бүлдіршіндермен қатар ересектердің де сүйік­ті орны саналады. Неме­релерін ерткен ата-әже­лерді мұнда жиі кездес­тіруге болады.  

Петропавлдағы аттракциондар әлемі

Бүгінде қалалық демалыс және мәдени саябағында орналасқан әткеншектер кешені келушілерге өз есігін айқара ашып, маңай у-ду қызыққа толы. Биыл осы кезге дейін еш мүлтіксіз жұмыс істеп кел­ген «Тасбақалар» және «Ил­люзион» сынды нысандар «Ра­кетоплан» және «Бумеранг» деп аталатын әткеншектермен толықты. Алғашқысын отба­сылық карусель десе де жарасады. Әсіресе кішкентай бөбектер үшін таптырмас ойын құралы дерсің. Қуаныштары қойнына сыймай қайта-қайта серуендеу­ге құмар. Екіншісіне нағыз жүрек жұтқандар болмаса, екінің бірі тәуекел ете бермейді. Сегіз метрге дейін көтеріліп, ауада шыркөбелек айналғанда қанша қауіпсіз саналса да жақсы көңіл-күйден гөрі қорқыныш ұялап, құлын жүректің бір бүлк ете түсері анық.

– Бар жақсылық балаларға демекші, Беларусьтен әкелінген «Бумерангтің» бағасы 40 миллион теңге тұрады. Өйткені қалада мұндай экстремальды аттракцион жоқ болғандықтан, көп ойланбастан тапсырыс бердік. «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қоры арқылы жеңілдікпен несие алдық. Сұраныс өте жоғары. Қауіпсіздік шаралары барынша ескерілген. Аз жылдың ішінде жұмсалған қаражатты қайтарып алуға болады деген сенім зор, – дейді «Мир аттракционов» ЖШС директоры Александр Козлов.

Қазір саябақта 35 әткен­ше­к бар. Жыл өт­кен са­йын «аттракциондар әле­мі­нің» келбеті өзгеріп, жаңа құ­­ры­­лымдармен толығып келе­ді. Аума­ғы абаттандырылып, емен, қара­ғай, қайың көшеттері жай­қала өсіп тұр. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

ПЕТРОПАВЛ