Маған сенбесеңіз, Монтайға келіп көріңізші; Досқара көкемнің аяқ-қолы балға... жо-жоқ, жай балғаны айтайын деп отырғаным жоқ, нағыз куәл (кувалда) балғадай. Тұла бойы құм толтырған қап секілді – қап-қатты, шып-шымыр. Ал жүгірген кезде, оның шаңына өзіңіз тұрмақ, көзіңіз де ілесе алмай қалады.
Футбол алаңында қарсыластарын ережеге сай иықпен қаққанда, кейбіреулері тәлтіректеп, жиектегі сызықтың сыртына шығып кетіп жатады. Оның үстіне шашы да бұйра. Өңі болса, қараторы. Бір сөзбен айтқанда, әлемге әйгілі аргентиналық футболшының біздің Монтайда туған бір үлгісі. Сыңары. Әріптесі.
Сондықтан Досқара көкем футбол ойнағанда аузымыз ашылып, көзіміз бақырайып, айқайлап-шулап нағыз фанат жанкүйерге айналып кетеміз. Ол да соны байқап, кейде біздің көңіліміз үшін бір алдап өткен қарсыласын бірнеше рет алдап, әртүрлі финттер жасап, есінен тандырып кетеді. Ондайда алаң шетіндегі жанкүйерлер мәз болып, ішек-сілесі қата күліп, «әне, көрдің бе» дегендей бір-бірін бүйірден түртіп жатады.
Досқара көкем әуелі көшенің, содан соң ауылдың, сонсоң барып, небары он алты жасында бүкіл кеңшардың құрама командасының капитаны болды. Ол ойнаған команданың сөзсіз жеңетініне біз ешқашан да күмәнданбайтынбыз.
Бірақ сона-а-ау шөлейт даланың бір түкпіріндегі алақандай ауыл – айналайын Монтай – Аргентина емес қой. Сондықтан оның футболының мынау айдай әлемге таныла қоюы қиын. Сол себепті Марадонаға бұйырған бақтың Досқара көкеме бұйырмасы да анық...
Ал уақыт, шіркін, кім-кімге де өз шартын қояды. Тамақ ішкің келе ме, еңбек ет. Ұрпақ сүйемін дейсің бе, үйлен. Шаңырақ көтер. Бала-шағаңды асыра.
Міне, соны орындау үшін Досқара көкем талай-талай жұмыстың басын шалды. Дәлірек айтсақ, трактор айдады, шөп шапты, мал бақты, қора тазалады. Тек футбол ойнауға мұршасы, уақыты болған жоқ.
Себебі біздің Монтай, шынында да, Аргентина емес қой.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»