Кездесудің басты тақырыбы қоқыс шығару мен облыс орталығын абаттандыру мәселелері болды. Қоқыс шығару жұмыстарын жолға қою қажеттілігі - бүгінде бұл компаниялар үшін бірінші міндет.
- Бүгін және ертең ортақ күш-жігерімізбен қаланы тазалау қажет, бірде бір қоқыс алаңында қоқыс болмауы тиіс, - деді облыс басшысы.
Қала әкімінің міндетін атқарушы Қуандық Қасымов келісімге сәйкес, қала әкімдігі бір ай мерзімде мердігер ұйымдарға машиналармен, атап айтқанда, қоқыс тасушылармен көмектеседі, ал болашақта компаниялар өз жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыруы қажеттігін хабарлады. Айта кетейік, олармен жасалған келісім шарттар бес жылға жасалған.
Облыс әкімі қызмет көрсетуші объектілердің саны мен қолдағы бар техникалар туралы сұрады. Бір компания орта шамамен 500 контейнерлерге қызмет ететіні атап өтілді. «КамАЗ» көлігі 1 рет қатынағанда шамамен 100-110 контейнерлерді апарып тастай алады.
Олардың атынан тұрғындар тарапына да ескертулер айтылды, ақтөбеліктер қоқыс алаңына үлкен көлемді жиһаз және техникалық жабдықтарды әкеледі, бұл қызмет көрсетуші компанияларға бірқатар қиындықтарды тудырады. Бұл мәселені шешу жергілікті полиция қызметіне жүктелді.
Облыс әкімі мердігерлерді мұқият тыңдап, мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңнама аясында компанияларға қолдау көрсетуге тиісті тапсырма берді.
Темір Құсайын,
"Егемен Қазақстан"