Мектеп директорының орынбасары Мейрамгүл Алашбаеваның айтуынша, аталмыш шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ойшыл, ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы аясында жүзеге асқан.
«Бұл орталықта ақынның еңбектері орналастырылды, Семей қаласынан арнайы журналдар әкелінді. Мектебіміздегі Шәкәрімтану үйірмесінің жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Төлеубаева орталықтың жоспарын құрып, сайтын ашты. Осы жерде оқушылар өз білімдерін шыңдай алады. Біздің мектепте Шәкәрім оқуларында, ән байқауларында жеңіске жеткен оқушыларымыз бар», - дейді Мейрамгүл Алашбаева.
Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпағы Құралай Уақбаева орталықтың ашылуына қолұшын созған облыс әкімі Болат Бақауовқа және бірқатар зиялы қауым өкілдеріне алғысын айтты.
«Өткен жылдың 17 ақпан күні осы шараны жүзеге асыру жұмыстарын қолға алдық. Бір жыл бойы қажетті құжаттар мен материалдарды жинадық. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет пен Жидебайдағы Абай мұражайында болып, деректер мен кітаптарды алып келдім. Құнды дүниенің бәрі өскелең ұрпаққа мол пайдасын тигізеді деген үміттемін. Елім, жерім деп өткен Алаштың арысына қарап жас буын бой түзеу керек. Орталықты ашу үшін көп адам көмек қолын созды. Барлығына шексіз ризамын», - дейді ақынның шөбересі.
Іс-шара барысында Құралай Уақбаева «Қарт өлімі» әнін тарту етіп, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновпен бірге орталықтың лентасын кесті.