Сот шешімі бойынша Шамсулло Файзиев есімді жанкүйер «Астана» клубына 1 968 150 теңге төлеуі тиіс.
Айта кетейік, 2017 жылы 23 қазанда Еуропа Лигасы топтық кезеңінің аясында «Астана Арена» стадионында «Астана» мен «Вилльярреал» арасында матчында Шамсулло Файзиев бұзақылық ниетпен алаңға жүгіріп шығып, матчқа кедергі келтірмек болған.
Осы оқиға үшін УЕФА «Астана» футбол клубына 5 мың еуро көлемінде айыппұл салды. Ал елорданың футбол клубы осы соманы өндіріп алу үшін Файзиевтің үстінен талап-арыз берді.
Іс материалдарын қараған Астана қаласы Алматы аудандық соты Ш.Файзиевтен «Астана» клубына 1 968 150 теңге өндіру жөніндегі шешім шығарды.
«Егер осындай оқиғалар елорда клубының еуропалық клубтық турнирлерінде және Қазақстан біріншілігінің ойындарында қайталанса УЕФА немесе ҚФФ «Астана» клубына аталған сомадан көп айыппұл салады. Сондықтан елордалық футбол клубы сот органдары арқылы бұзақылардан айыппұлға кеткен шығындарын толық көлемде өндіріп алуды талап етеді», - делінген клубтың сайтында.