Григорий МАРЧЕНКО: «НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ НАРЫҚТЫҚ ҚАРЖЫ САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЫҚПАЛЫНДА ҚАЛЫПТАСТЫ»
![071211-12](http://old.egemen.kz/2011img/071211-12.jpg)
ЖОСПАРЛЫДАН НАРЫҚТЫҚҚА…
– Григорий Александрович, экономикамызды тәуелсіз етуде теңгені енгізу айтулы оқиға болды. Алайда экономистердің, қаржыгерлердің өте үлкен, тіпті аса жария болмаған жұмысы бұл күнге жетуімізге ықпал етті. ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» 1990 жылғы 7 желтоқсандағы Заңды банк тәуелсіздігінің, тіпті Қазақстан Тәуелсіздігінің жаршысы болды деп санауға болады. Қазір, жылдар өте келе, сол құжаттың еліміздің банк жүйесінің қалыптасуына және Қазақстанның нарықтық экономикасының дамуына қосқан үлесін қалай бағалар едіңіз? – Расында, Қазақстан тәуелсіздігін алған және оның экономикалық жүйесі нарықтық қатынастарға өткен сәттен бастап өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында банк жүйесін реформалау қажеттігі туындады. 1990 жылы «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» Заңның қабылдануымен заңнамалық негіз құрылды. Осы заң арқылы тұңғыш рет коммерциялық банктің анықтамасы бекітілді және өзге де кредиттік мекемелерді, оның ішінде өзара кредиттеу қоғамдарын, кредиттік кооперативтерді, зейнетақы және инвестициялық қорларды, ломбардтарды құруға рұқсат берілді. Жеке банктер, сондай-ақ шетелдік капитал қатысқан банктерді ашуға рұқсат етілді. Екі деңгейлі банк жүйесі 1991 жылы қалыптасты, мемлекеттік салалық банктер қайта ұйымдастырылды және КСРО Мембанкінің республикалық бөлімшелеріне Тәуелсіз мемлекеттер орталық банктерінің функциялары берілді, сондай-ақ алғашқы коммерциялық банктер құрылды. Жаңа банк жүйесінің бірінші деңгейін ҚР Ұлттық Банкі білдіреді. Банк жүйесінің екінші деңгейін жеке және заңды тұлғалардың бастамалары бойынша жаңадан ұйымдастырылған банктер, сол сияқты бұрынғы КСРО шеңберінде болған мамандандырылған банктер негізінде құрылған банктер қалыптастырды. Екінші топқа атап айтқанда, Промстройбанк (Тұранбанк), Казвнешэкономбанк (Әлембанк), Жилсоцбанк (Кредсоцбанк), Казсбербанк, Агропромбанк кірді. 90-шы жылдардың басы түрлі қаржы ұйымдарының, негізінен ұсақ және орташа коммерциялық банктер санының өте тез өсуімен сипатталды. 1994 жылғы желтоқсанда коммерциялық банктер саны 184-ке жетті, олардың көбісі қаржылық тұрғыдан дәрменсіз болды.…ОДАН ӘРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА
– Көптеген банктердің қаржылық дәрменсіздігі жас қаржы жүйесінің үлкен проблемасы болды, алайда оны Ұлттық Банк жедел шешті. Банктер саны 4 есе азайды, бір банкті капиталдандыру деңгейі өсті. 2000 жылға қарай 48 банк қалды. Бұл ретте, Сіздің бұдан бұрын берген сұхбатыңыздан келтірсем, орташа банктің «көрші елдердегі орташа банк капиталының көлемінен төрт есе артық капиталы» болды. Бұл қаржы секторын реформалаудың бастамасы ғана болатын. Сол кезде тағы қандай міндеттерді шешу керек болды? – Иә, сол кезеңде Ұлттық Банктің алдында банк секторын сауықтыру мәселесі өте өткір тұрды. Банктерді құруға және олардың қызметіне қойылатын қатаң талаптар, сондай-ақ ҚР ҰБ-ның банк қызметін реттеу жөніндегі мол өкілеттіктері Мемлекет басшысының «ҚР банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Заң күші бар Жарлығында бекітілді. Ол банк қызметін және банктік қадағалауды жүзеге асырудың халықаралық стандарттары негізінде әзірленді. Жаңа заңға сүйене отырып, 1995 жылы банктік реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган ретінде Ұлттық Банк банк жүйесін қайта құрылымдауды бастады. Реформаның басты міндеті ақша ресурстарын орталықтан қайта бөлуді барынша қысқарту болды. Банк жүйесін реформалау барысында ақша-кредиттік реттеудің әдістері мен құралдары одан әрі жетілдірілді, банктерді қайта қаржыландыру тетігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Банктер халықтың жинақ ақшасын, шаруашылық жүргізуші субъектілердің бос қаражатын және сыртқы заемдарды өз бетінше тартуы арқылы экономиканы кредиттеуді қамтамасыз етуі тиіс болды. Банк секторын нығайту және одан әрі өсіру мақсатында 1996 жылдың соңында Екінші деңгейдегі банктердің халықаралық стандарттарға өту бағдарламасы қабылданды, оның шеңберінде банктердің капитал жеткіліктілігі, активтердің сапасы, менеджмент деңгейі, бухгалтерлік есепті жүргізу, ақпарат енгізу және беру бөлігінде халықаралық стандарттарға кезең-кезеңімен қол жеткізуі көзделді. Банктерді инвестициялық және депозиттік ретінде бөлу өз күшін жойды, банк қызметінің түрлерін кеңейту көзделді. Банктерді ашуға және оларды лицензиялауға, ішкі бақылауына және банктердегі рәсімдерге барынша жоғары талаптар енгізілді, банктің қаржылық жай-күйіне CAMEL жүйесі бойынша рейтингілік бағалау енгізілді. Кейіннен жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктердегі салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру жүйесі енгізілді. Бұл салымшылардың мүдделерін қорғау деңгейін және кемшілігі банк секторының одан әрі институционалдық дамуына кедергі болатын негізгі проблема болып табылатын халықтың банк секторына сенімін айтарлықтай көтерді. Банк заңнамасын жетілдіру шеңберінде шоғырландырылған банктік қадағалауды, сондай-ақ ішкі бақылауды басқару және тәуекелдерді басқару жүйесін ұйымдастырудың қағидаттары мен әдістерін енгізу үшін қажетті заңнамалық жағдайлар жасалды, бұл банктердің, оның ішінде үлестес тұлғалардың тарапынан ұшырайтын тәуекелдерін бағалаудың объективтілігін көтеруге және артық тәуекелдерді шектеуге мүмкіндік берді. Осылайша, Қазақстан Тәуелсіздігі жылдары ішінде республиканың банк секторын реформалау жөнінде айтарлықтай жұмыс жүргізілді және қазіргі уақытта оның дамуы ондағы орын алған тәуекелдерді есептегенде халықаралық стандарттарға жақындатылды. Қазақстанның қаржы секторын одан әрі дамыту оның сапалық жетілдірілуіне, оның ішінде қаржы нарығының секторларын дамыту жөніндегі тиісті бағдарламалық құжаттарда айқындалған міндеттерді шешуге, қаржы қызметтерінің сапасын, сондай-ақ отандық қаржы нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ҚАТАҢ САЯСАТ
– Жақында теңге өзінің «кәмелеттік жасын» атап өтті. Алайда, бұрынғы республикалар экономикаларының және халқының экономикалық, адамдар арасындағы көпжылдық байланыстарын ескере отырып, Қазақстан өзінің валютасын 90-шы жылдардың басында енгізуге асықпағаны белгілі. 1992 жылы алғашқы болып ұлттық валюталарын Балтық елдері, Әзербайжан, Украина, уақытша ақша белгілерін – Молдова және Беларусь, 1993 жылғы мамырда Қырғызстан енгізгенін оқырмандардың естеріне түсіре кетсем. Ресей рублін 1992 жылдың соңында енгізіп, 1993 жылғы шілде-тамызда кеңестік рубльдің айналыста болуын толық тоқтатқан ақша реформасын жүргізді. Рубль аймағынан теңгенің ығыстырыла бастағанын түсінген кезде республика билігі қысқа мерзімде теңгені енгізді. Бұл қадам экономиканың қандай өзекті міндеттерін шешуге мүмкіндік берді? – Инфляцияның төмен қарқынын және тұрақты айырбастау бағамын қамтамасыз ету Ұлттық Банктің аса маңызды міндеттерінің бірі болды. Ұлттық валюта енгізілген алғашқы күндерден бастап-ақ Ұлттық Банк теңгенің орнықтылығына қол жеткізу және қолдау көрсету үшін қатаң ақша-кредит саясатын жүргізді. Дәл осы саясат 5 жылдың ішінде инфляцияны төрт таңбалы саннан бір таңбалы цифрға дейін: 1993 жылғы 2165%-дан 1998 жылы 1,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бюджет тапшылығын өтеуге және экономиканы кредиттеуге кредиттер беру тез арада тоқтатылды, кредиттік аукциондар жүргізіле бастады. 1995 жылдың соңында кредиттік аукциондардың өтімділікке қысқа мерзімді сұранысты қанағаттандыру жөніндегі функциялары даму барысындағы банкаралық ақша нарығына өтті. Экономиканы кредиттеу функциялары біртіндеп толығымен коммерциялық банктерге өтті, ал Ұлттық Банк орталық банктердің айрықша функцияларына күш салды. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты біртіндеп жетілдірілді және оның құралдары кеңейтілді. Ақша-кредит саясатының теңге енгізілген сәттен бастап пайдаланылатын, қайта қаржыландыру ставкасы, міндетті резервтердің нормалары және ішкі валюта нарығындағы интервенциялар сияқты құралдарына жаңа құралдар қосылды. Ұлттық Банк меншікті бағалы қағаздарын – қысқа мерзімді ноттарды шығарып, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, банктерден депозиттер тарта бастады. Ақша-кредит саясатын жүргізу тиімділігіне «ҚР Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы Заң ықпал етті, оған сәйкес ҚР ҰБ өз қызметінде тәуелсіз болып, Президентке ғана есеп беретін болды. Саяси қысымнан босаған соң Ұлттық Банк тиімді банк жүйесін құру жөніндегі ауқымды жұмысқа кірісті. Коммерциялық банктерді қадағалауды күшейтуге және олардың сенімділігін көтеруге баса назар аударылды. Банк жүйесін реформалаудың бірнеше бағдарламасы орындалды. Өте қысқа мерзімде Қазақстан ТМД-да бірінші болып жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Құрамында айналыс мерзімі 3 айдан 10 жылға дейінгі түрлі құралдардың жеткілікті саны бар мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы күшті дами бастады. Бүгінгі күні еліміздің қаржы нарығында Қазақстан қор биржасы (KASE); Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы (ҚБЕО), Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ), «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) және т.б. жұмыс істеуде. Теңге енгізілген күннен бастап өткен уақыт ішінде еліміз жалпы экономикалық дамуында да қомақты нәтижелерге қол жеткізді. Өндіріс те тұрақты қарқынмен дамуда. Үстеме кірістер есебінен мемлекеттік жинақ қаражатын құру мақсатында 2000 жылы Ұлттық қор құрылды. Қазір өткенге көз сала отырып, ұлттық валюта ретінде теңгенің қалыптасуы оңай болмады деп пайымдауға болады, алайда Ұлттық Банк іс-қимылдарының экономикалық талаптарға сәйкес болғанын уақыт көрсетті.БАРТЕРГЕ ЖӘНЕ ӨЗАРА ЕСЕПКЕ ҚАРСЫ
– Қазіргі ұрпаққа «өзара есеп», «бартер» деген сөздер таныс емес, алайда 90-шы жылдардың ортасында теңгенің енгізілген сәтінен бастап жеті айдың ішінде сегіз рет девальвацияға ұшырауына көбіне осы көріністер себеп болды. Бұл ахуалды қалай өзгерттік, мұндағы Ұлттық Банктің рөлі қандай болды? – Расында да, 1993 жылы ұлттық валютаны енгізгеннен кейін теңге тез әлсірей бастады, ал экономика болса құлдыраған күйде болып, қаржы нарығы дамыған жоқ. Бұдан басқа ұлттық валюта қалыптасқан алғашқы жылдары шетел валютасын ұсынудың ішкі көздері едәуір тапшы болды. Соның салдарынан валюта қаражатының елден әкетілуі теңгенің айырбастау бағамына қысым көрсетті. Ал 1994 жылғы наурызда жүргізілген өзара есеп бағамды 4 есе дерлік құлдыратты. Экономиканы, қаржы нарығын тұрақтандыру, инфляция деңгейін төмендету мақсатында 1994 жылғы жаздан бастап Үкімет пен Ұлттық Банк қатаң макроэкономикалық саясат жүргізу бағытын алды. Ұлттық валютаның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету, яғни инфляцияның төмен қарқынын және тұрақты айырбастау бағамын қамтамасыз ету Ұлттық Банктің негізгі міндеті болды. Өндірістің дамуына, елге шетелдік капиталдың келуінің ұлғаюына, отандық ірі инвесторлардың пайда болуына қарай ұлттық валюта және тұтастай алғанда валюта нарығы нығайды. Сонымен қатар ұлттық валютаға деген сенім артты. Нәтижесінде айырбастау бағамының теңгені енгізу кезінде қабылданған реттелмелі өзгеру режімі 1999 жылғы сәуірде еркін өзгермелі бағам режіміне ауыстырылды, ол валюта нарығының тұрақтануына және қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарда бағаның бәсекеге қабілетін сақтауына ықпал етті.ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ЖҰМЫС…
– Ұлттық Банк екі жақты мақсатты: нашар кредиттер үлесін төмендетуді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік қызметін жандандыруды өткен жылдың маңызды міндеті деп атап өтті. Банк секторы жүргізген жұмысты қалай бағалайсыз? – Бұл бір күннің жұмысы емес, сондықтан аралық қорытындылар туралы ғана айтуға болады. Жалпы алғанда банк жүйесі бойынша кредиттік портфельдегі жұмыс істемейтін заемдардың үлесі (5-ші санатты заемдар, үмітсіз заемдар және біртекті кредиттер бойынша провизиялар) ағымдағы жылғы қыркүйектің басындағы жағдай бойынша 35,57% құрады. 2008-2009 жылдары банктер проблемалық заемдарды қайта құрылымдау арқылы кредиттік портфельдің сапасын басқарудың қолда бар ресурсын пайдаланды. Банктердің бұл бағыттағы одан кейінгі қадамдары ҚР Салық кодексінің үмітсіз кредиттерді баланстан есептен шығару нәтижесіндегі провизиялар мөлшерін төмендетуден түскен кірістерге салық салу жөніндегі талаптармен, сондай-ақ үмітсіз заемдарды баланстан есептен шығарғаннан кейін кепіл заттарын екінші деңгейдегі банктердің пайдасына иеліктен шығару нәтижесінде қалған салалық емес активтерді (оның ішінде жылжымайтын мүлікті) басқаруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымының болмауымен шектелген болатын. Банктердің кредиттік портфелі сапасының төмен болуы проблемасын шешу мақсатында олардың сапасын жақсарту тұжырымдамасы әзірленген болатын, оны ҚР Қаржылық тұрақтылық және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес ағымдағы жылғы 11 наурызда мақұлдады. Тұжырымдама Ұлттық Банктің екінші деңгейдегі банктердің проблемалық кредиттерін (жылжымайтын мүлікпен байланысты кредиттерді қоспағанда) сатып алатын және олардың құнын қайта қалпына келтіру жөнінде жұмыс жүргізетін мамандандырылған ұйымды құруын көздейді. Жақын уақытта бұл ұйым мемлекеттік тіркеуден өтетін болады. Одан басқа Тұжырымдама жылжымайтын мүлікпен байланысты стресстік активтерді басқару жөніндегі екінші деңгейдегі банктердің жанынан олардың еншілес ұйымдары нысанында ұйымдар құруды ұсынады. Кредиттік белсенділікті арттыру міндеті туралы айтар болсақ, жылдың 9 айында банктердің кредиттік портфелінің өсуі 11% құрады. Демек, міндет шешілуде. Бұл мәселе тоқсан сайын жүргізілетін «Кредит нарығының жай-күйі және өлшемдерінің болжамы» мониторингінің режімінде қарастырылады. Атап айтқанда, уақыты бойынша соңғы жүргізілген екінші деңгейдегі банктерді тоқсан сайынғы зерттеудің қорытындылары бойынша ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында банктердің тәуекел-менеджмент жүйесін жетілдіру және несие портфелінің сапасын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырғаны атап өтіледі. Банктердің көпшілігі заемдарды қайта құрылымдау көлемінің және проблемалық кредиттер бойынша кепіл мүлкін сату жөніндегі операциялар санының төмендегенін де атап өтуде. Бұл ретте, банктердің көпшілігінің пікірінше, жеңілдікпен салық салу және проблемалық активтер қорын іске қосу мәселелері бойынша қаулыны жылдам қабылдау несие портфелінің сапасын жақсартудың маңызды факторы болар еді.… ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ТОПТАМА
– Грекиялық-римдік бюджеттік борыш мәселесі сыртқы ортаны дүрліктіріп, жаһандық экономика бойынша болжамдарға теріс ықпалын тигізді. Мәселен, жақында Алматыда таныстырылған Халықаралық валюта қорының есебінде әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсіп бара жатқандығына байланысты алаңдаушылық бар. Соған байланысты Халықаралық валюта қоры Қазақстанның экономикалық билігіне банк секторындағы проблемаларды шешумен қатар әлемдік экономикадағы ахуалдың нашарлауынан туындайтын салдарларға дайын болуға кеңес береді. Бұған байланысты Сіз не айтар едіңіз? – Бірінші кезекте, Халықаралық валюта қорының ұсынымдары іс жүзінде Қазақстан билігі қолданып қойған шараларды қайталайтынын атап өткім келеді. Халықаралық валюта қорының соңғы есебі де ерекшелене қойған жоқ, онда сарапшылар Қазақстанға әлемдік экономикадағы ахуалдың нашарлауынан туындайтын салдарларға дайын болуға кеңес береді. Сонымен қатар 2012-2015 жылдары тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет пен Ұлттық Банк әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды әзірлеуде. Ұлттық Банк жұмысты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүргізетін болады: • қысқа мерзімді өтімділікті икемді реттеу кіретін қаржы жүйесін контрциклдік реттеу, қажет болған жағдайда пайыздық ставкаларды төмендету және ең төмен резервтік талаптарды жеңілдету, макропруденциалдық реттеу жүйесін енгізу; • ақша нарығындағы өтімділік көлемін икемді реттеу арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету; • банктерді қорландырудың ішкі көздерінің тұрақтылығын арттыру; • ұлттық валютаның нақты бағамының айтарлықтай ауытқуына жол бермеуге бағытталған валюта саясатын жүргізу, сондай-ақ ең төменгі мөлшері тауарлар мен қызметтер импортының кемінде 3 ай деңгейінде ұстап тұратын Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері азаюының алдын алу жөнінде шаралар қабылдау арқылы елдің ұлттық валютасы мен төлем балансының орнықтылығын көтеру. Төлем балансының орнықтылығына қолдау көрсету мақсатында ішкі валюта нарығындағы алыпсатарлық операцияларды шектеу, капиталдың әкетілуімен байланысты операцияларды шектеу жөнінде, ішкі валюта нарығында шетел валютасына деген ұсыныс көлемін көтеру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Тұтастай алғанда Ұлттық Банктің болашақта да Қазақстанның макроэкономикалық дамуына әлемдік нарықтардың теріс әсерін төмендетуге бағытталған ықтимал шараларды әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыратынын атап өту қажет. – РБК журналынан бір дәйектемеде: «қыркүйек айының өзінде доллардың рубльге қатысты бағамы 13%-ға өскен. Егер, банкирлердің айтуынша, екі ай бұрын америкалық және еуропалық валюталарды ауқатты клиенттер ғана сатып алса, енді оны бүкіл халық дерлік істей алады. Бұл 2008 жылдың күзін еске салмай ма?». Қазақстандықтарға бұл рубльдің 2008 жылдың күзіндегі кезеңдік құнсыздануынан кейін теңгенің де бір сәтте құнсызданғанын еске түсіреді. Оны Қазақстанның Кеден одағына кіруі күшейте түсуде, бұл экономикалық үдерістерді байыппен түзету қажеттігін білдіреді. Теңге үшін бір доллар үшін 40 рубль бұрынғысынша бағам индикаторы болып қала береді, Ресей валютасының мұндай әлсіреуі Қазақстанның валюта нарығына қалай әсер етеді? – Ең алдымен, қыркүйек айында рубль АҚШ долларына қатысты 10%-ға әлсірегенін атап өткім келеді, ал кейін қазанда ол 6%-ға нығайды. Жалпы алғанда бағамның жоғары құбылмалылығы рубльге тән құбылыс. Соған байланысты белгілі бір қысқа уақытты алып, соның негізінде асығыс қорытынды шығаруға болмайды. Америкалық және еуропалық валюталарды ауқатты клиенттер ғана сатып алған жоқ. Халық та шетел валютасын әрқашан да сатып алып отырды. Қазақстан аумағындағы айырбастау пункттерінің саны оған дәлел. Тәуекелдерді төмендетуге ұмтыла отырып адамдар жинақтаған қаражаттарын әртараптандырды. 2008 жылмен ешбір ұқсастығы жоқ. Мұнай мен шикізаттың әлемдік нарықтардағы бағасы қазір айтарлықтай жоғары, ал бұл бағалардың құлдырауы 2009 жылы теңгенің девальвациясын жүргізудің негізгі факторларының бірі болды. Бұдан басқа бір АҚШ доллары үшін 40 рубльге тең келетін бағамның теңге үшін қауіпті екендігін ешкім ешқашан айтқан жоқ.ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ, САУДА КӨЛЕМІНІҢ, ҚАРЖЫЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРДІҢ БЕЛСЕНДІ ӨСУІ
– Григорий Александрович, Сіз жақында ғана Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Президентті ағымдағы қаржы-экономикалық ахуал туралы хабардар еттіңіз. БАҚ-тағы хабарлар бойынша, Сіз, егер мұнайдың, астықтың, металдардың әлемдегі жоғары бағасы сақталса, макроэкономикада, валюта нарығында және банк секторында тұрақтылық сақталады деп мәлімдепсіз. Экономикада қазір басым үрдістер бұл болжамды қамтамасыз ете ала ма? – Еліміздің экономикасында Халықаралық валюта қорының баяндамасында атап өтілген оң үрдістер басым. Ең маңызды сипаттама: 2011 жылғы 9 айда өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі 18,0 трлн. теңгеге жетті және 2010 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көрсеткішпен 7,0%-ға ұлғайды. 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнеркәсіп 4,3%-ға өсті, бұл ретте оның құрамындағы өңдеуші сала 7,0%-ға, тау-кен өндіру 2,4%-ға ұлғайды. Ішкі сауда, яғни бөлшек тауар айналымы 12,8%-ға ұлғайды, көлік саласының жүк айналымы 15,4%-ға, байланыс 18,0%-ға, ауыл шаруашылығы 11,0%-ға, құрылыс 2,9%-ға өсті. Экономикадағы басқа оң жағдай – сыртқы сауда көлемінің өсуі. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте 41,3%-ға өсті, бұл ретте экспорт 49,9%-ға, импорт 23,5%-ға ұлғайды. Қаржы нарығының да көрсеткіштері жақсы. Жылдың тоғыз айында резиденттердің банктердегі депозиттері 16,7%-ға 8,6 трлн. теңгеге дейін өсті. Заңды тұлғалардың депозиттері 16,5%-ға 6,0 трлн. теңгеге дейін, халықтың салымдары (резидент еместердің шоттарын есептегенде) 15,8%-ға 2,6 трлн. теңгеге дейін өсті. Кредиттеу 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте 10,9%-ға 8,4 трлн. теңгеге дейін көтерілді. Заңды тұлғаларға кредиттер 12,5%-ға 6,2 трлн. теңгеге дейін, жеке тұлғалардікі 6,9%-ға 2,3 трлн. теңгеге дейін өсті. Бұл цифрлар – экономиканың белсенді өсуінің көрсеткіштері.2012: ЕЛДЕРДІҢ БОЛЖАМДАРЫ ОҢ
– Ұлттық Банктің келесі 2012 жылға арналған жоспарлары, міндеттері мен болжамдары қандай? – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты қысқа мерзімді кезеңде айтарлықтай өзгерістерге ұшырамайды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету оның негізгі мақсаты болып қала береді, бұл инфляцияны орта мерзімді кезеңде жылдық көрсеткішпен 6-8% шегінде ұстауды болжайды. Негізгі мақсатын іске асырумен қатар Ұлттық Банк теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын және елдің қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қолданатын болады. Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының сипаты ішкі және сыртқы экономикалардағы ахуалға байланысты болады. Бұл ретте Ұлттық Банктің жеткілікті құралдар тізбесі бар, ол экономиканың жұмыс істеу талаптарының өзгеруіне жылдам жауап қатуға және жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына белгілі бір түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты елде макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталуына және ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 7% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.БІЛІМ – БЕРЕКЕ НЕГІЗІ
– Қаржы тақырыбы қарапайым тақырыпқа жатпайды. Сондықтан да халық нарықтық қатынас ойындарының ережелеріне, жаңа қаржы өнімдеріне өте баяу бейімделді. Қаржы институттарының орташа статистикалық клиентінің дайындық деңгейі, Сіздің ойыңызша, екі онжылдық ішінде қалай өзгерді және Ұлттық Банк қаржылық жаппай оқытуды басқаратындықтан, бұл мәселеде қандай міндеттерді шешпексіздер? – Тұтастай алғанда соңғы жылдары еліміздің экономикалық дамуында айтарлықтай ілгері жылжу байқалды. Өткен жылдармен салыстырғанда қаржы нарығындағы ахуал едәуір өзгерді: отандық қор нарығының инфрақұрылымы жақсарып, жетілдірілуде. Халықтың барлық қаржы ұйымдарына деген сенім деңгейі күн сайын өсіп жатқаны сөзсіз, хабардар болу деңгейінің және түрлі қаржы құралдарын пайдалану тәжірибесінің оң үрдісі байқалады, бұл бағалы қағаздар нарығына ғана қатысты емес, сондай-ақ банк жүйесіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына, сақтандыру ұйымдарына да қатысты. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде қаржы нарығында қалыптасқан ахуал халықтың экономика және қаржы саласындағы білімін көтеру қажеттілігін және маңыздылығын тағы бір еске салды. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде қаржылық сауаттылықты көтеру мәселелері жөніндегі жобалар ұлттық маңызы бар міндет ретінде бағаланып, ұзақ мерзімді сипатта болатындығы белгілі. Бүгінгі күні Ұлттық Банктің алдында маңызды міндет тұр – адамдардың менталитетін өзгерту, оларды өз капиталдарын сауатты басқаруға, қолжетімді қаржы құралдарын сақтап, оларды тиімді инвестициялауға, өз тәуекелдерін бағалауға, түрлі қаржы алаяқтарынан қорғауға және олардың құрбаны болмауға үйрету. Біз, өз кезегімізде, халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру жөніндегі жұмысты жалғастыру қазақстандықтарға қосымша табыс табудың, белсенді әрі сауатты инвестициялаудың үлкен мүмкіндіктері туралы білуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Мұның бәрі еліміздің адам әлеуетін сапалы дамытуда көрініс тауып, бүкіл мемлекеттің барынша серпінді дамуына әкеп соғады, оның гүлденуіне негіз болары сөзсіз.– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Алла ДЕМЕНТЬЕВА.
–––––––––––––––––––––––––
RSS Григорий Марченко: Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты елімізде макроэкономикалық
тұрақтылықтың сақталуына және ІЖӨ-нің жыл сайын 7% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
TW Ұлттық Банктің 2012 жылға арналған болжамы: инфляция жылдық көрсеткішпен 6-8%, ІЖӨ өсуі 7% деңгейінде