Экологиялық науқанға Астана әкімі Әсет Исекешев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Нығматулин, «НұрОтан», «Ақжол», ҚКХП партиялары парламенттік фракцияларының депутаттары, Мәжіліс аппаратының қызметкерлері де қатысты. Олар Орынбор көшесінде орналасқан «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені ауданында ағаш отырғызды.
«Бүгін барлығымыздың көңіл-күйіміз жақсы. Сенбілік Астананың 20 жылдығы сияқты тамаша мерекенің қарсаңында өтіп жатыр. Әрине, мұндай шараға өз үлесімізді қуана қосқымыз келеді. Қаламызды абаттандыру, оның көркін келтіру жұмыстарында сенің де кішкентай еңбегіңнің бар екендігін білу ерекше күйге бөлейді емес пе?!» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
Науқанға қатысушылар 120-ға тарта ағаш көшеттерін отырғызды. Енді Астананың сол жақ жағалауына терек, шаған, шефердия сияқты ағаштар көрік бермек.
Кең ауқымды сенбілікті өткізуге қатысты бастаманы еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін қолдады. Қала көшелерін тазартуға көптеген отбасылар, ұжымдар шықты. Олардың арасында мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері, әлеуметтік желілердегі «Астана – Что? Где? Когда?», «Астана, хочу похвалить/ хочу пожаловаться» атты қауымдастықтардың жазылушылары да бар.
Экологиялық науқан барысында барлығы 17 313 ағаш егіледі деп жоспарланған.
9 сәуір мен 10 мамыр аралығында елорда аумағынан 4 227,74 тонна қалдық шығарылып, 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында 8 065 ағаш отырғызылды.