Аймақтар • 12 Мамыр, 2018

Сыр өңірінде бірнеше нысан бой көтерді

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Туған жерге тарту» идеясымен жиын өтті.

Сыр өңірінде бірнеше нысан бой көтерді

Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып, мол қаржы тапқан азаматтар пайдасының бір бөлігін туған жерін дамытуға жұмсап жатыр. Жиынға сондай меценат азаматтармен қатар өсіп келе жатқан жас жеткеншектер де қатысты.

Аудан әкімдігі туған жерді түлетуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді жастармен таныстырып, олардан үлгі алуға шақырды.

- Бүгінде Шиелі ауданының дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар азамат бар. Мәселен, ауданымыздың тумасы Ербол Жеңсікбаев көп қабатты үйлердің сыртын әрлеп берсе, Дәулет Жұмабеков 70 млн. теңгеге, Ерболат Машрапин Алғабас ауылынан 100 млн. теңгеге спорт кешенін салып берді. Соның арқасында балалар бос уақыттарын спорт кешенінде өткізіп, ауыл спортының дамуына үлес қосуда. Алғашқы нәтижелер де бар. Олардың алды облыстық, республикалық жарыстарда аймағымыздың атын шығарып жүр. Сонымен қатар, меценаттардың көмегімен аудан орталығында 30 млн. теңгеге аллея салынды. Ауданда «Мектебіме тағзым» акциясы аясында да көптеген шара атқарылып жатыр. Әр жылғы түлектер арнайы оқу кабинеттерін ашып, мектептегі кітап қорының толығуына үлес қосуда, - деді аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әбілқасымұлы.

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында кәсіпкерлердің өз туған жеріне үлес қосуын ерекше атап еді. Туған жерге тұғырын тіккен бұл азаматтар жастарға әрдайым үлгі болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»