12 Мамыр, 2018

Жаңақорғанда малшылар слеті өтті

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңақорған ауданында VI облыстық малшылар слеті өтті.

Жаңақорғанда малшылар слеті өтті

Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылары, республикамыздың белгілі ғалымдары, республикалық палаталар мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.

Елбасымыз бір сөзінде «біз басқа мемлекеттермен «Боинг» ұшағы, «Мерседес» көлігі сияқты кереметтерімізбен жарыса алмаймыз. Оның есесіне Қазақстанда ауыл шаруашылығын өркендетуге мол мүмкіндік бар» деген. Яғни, Қазақстанның әлемдік нарыққа бау-бақша өнімдерінен бөлек, төрт түлік малды өсіріп экспортқа шығаруға жағдайы әбден жетеді. Кейінгі жылдары Қызылордадағы малшылар слетіне өзге облыстан өкілдер жиі қатысатын болды. Осыны ескерген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келер жылы облыста бірінші республикалық жиын өткізуге ұсыныс білдірді.

- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қыруар қосымша шаралар қарастырылуда. Осы орайда, жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып, Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылы біздің облыста «Бірінші республикалық малшылар слетін» өткізуді ұсынамын. Ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, қатысып отырған өңірлердің және республикалық палата өкілдері қолдайды деп ойлаймын», - деді Қырымбек Елеуұлы.

Жиынға қатысқандар бұл ұсынысқа қолдауларын білдірді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»