Аймақтар • 13 Мамыр, 2018

Өскеменде әкелер форумы өтті

1394 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде жақында әкелер форумы өтті. Бұл шара аталған білім ордасында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Өскеменде әкелер форумы өтті

Фото: Роза ҚҰМАРҒАЖИНА

Форумның ашылу салтанатында сөз алған мектеп директоры Күлфарида Бабақұмарқызы тағылымы зор, тәлімі мол жиынға былтыр 347 әке қатысқанын, биыл қатысушылар саны арта түскенін, шараның мақсаты отбасындағы әке рөлін көтеру екендігін атап өтті. «Отан отбасыдан басталады. Ұлттық тәрбие де отбасыдан бастау алады. Отбасы мықты болса елдің іргесі де мықты болады», - деді мектеп басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Телміретініміз - теледидар, ұстайтынымыз – ұялы телефон

Аты айтып тұрғандай әкелер форумына осы мектепте балалары білім алатын 400-ден астам әке жиналып, төрт топқа бөлініп, «Бала құлағымен емес, көзбен тәрбиеленеді. Естігенін емес көргенін істейді», «Отбасындағы әке көшбасшылығы» деген тақырыптар аясында бала тәрбиесіне қатысты ойларын, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Бірінші топ атынан сөйлеген Бердібек Бияров қазіргі ата-аналардың көбі баланың ішкі жандүниесіне үңіле бермейтінін, бұйыруға, ұрсуға бейім тұратынын, «жұрттың баласы анадай, сен мынадайсың» деп салыстыру арқылы баланың өзін төменшік сезінуіне жол беретінін, бұдан еш пайда жоқтығын, керісінше құрғақ ақыл айтқаннан гөрі іспен дәлелдегеннің маңыздылығына тоқталды. «Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев: «Бала жаман болып өссе тәрбиеші кінәлі» дейді. Яғни ортасы, қоғамы, ата-анасы кінәлі. Біз балаға «неге кітап оқымайсың?» деп ұрсамыз. Өзіміз кітап оқимыз ба? Қазір бәріміздің телміретініміз - теледидар, ұстайтынымыз – ұялы телефон. Бала да соны көреді. Егер үйде ара-тұра көркем әдебиет оқысақ бала да қызығар еді ғой. Бұл үшін ата-анаға жігер қажет.  Балалар айтқанды көп ұға қоймайды, іспен көрсеткенді жеңіл қабылдайды. Жасыратыны жоқ, жұмыстан шаршап, жүйкеміз жұқарып келіп, өшімізді баладан алып жатамыз. Біз жұмыстағы келеңсіздікті үйге әкелмеуіміз керек. Үйдегі қайшылықтарды жұмысқа апармауымыз керек», - дейді ол. Келесі болып пікірін білдірген ата-ана Арман Әлімхан әуелі залға жиналған әкелерге: «Сіздер қашан соңғы рет балаларыңызға сабаққа қатысы жоқ сұрақтарды қойып көрдіңіздер? Өзіміздің өміріздің жағымды сәттерін оларға әңгімелеп, сол әңгімеге балаларды араластырып көрдік пе? Кім өзінің балаларының достарын таниды?» деген сұрақтарды қойып, «балам, тым ауыр көтерме, баламның қарны ашып қалады» деп тым өбектей бермей, баланың бір мезгіл өздігінен шешім қабылдауына да мүмкіндік беру қажеттігін, бір мезгіл баламен сөйлесіп, оның пікірін тыңдап, санасып отырудың да артық етпейтіндігін тілге тиек етті.

Тергеуші ата-анасыз ба, дәрігер ата-анасыз ба?

Форумда сөз алған директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлшат Мұхтарханова бүгінгі ата-аналардың дені тергеуші мен прокурорға ұқсас екендігін айтып, мұндай әдеттен арылудың жолдарын ұсынды. «Барлығымызда тергеуші деген сертификат бар. Кімде жоқ? Айтыңыздаршы. Үйге келе сап: «неше алдың? Сабақ қарадың ба? Ыдыс-аяқ жуылды ма?» деген сұрақтардың астына аламыз. Мұнымен қоймай «сен андайсың, сен мұндайсың» деп кәнігі прокурорлардай кемшіліктерін бетіне басып, дәлелдейміз келіп. Бүйткен сайын бала қылмыс жасағандай ыңғайсызданады. Егер ауырып дәрігерге баратын болсақ дәрігер бізге: «неге ауырып қалдың?» деп ұрыспайды ғой. Сол секілді біз тергеуші, прокурор ата-ана емес, дәрігер ата-ана болуымыз  керек. Қателігі, кемшілігі болса бетіне баспай, жазғырмай, жекірмей керісінше білмегенсіп дәрігер секілді білдірмей емдеп, баланы өзімізге жақындатқанымыз жөн екен», - деген ол ата-аналарға ой саларлық төмендегі мысалды айтып берді.

Жұмыстан қолы босамайтын, бала тәрбиесіне жөнді көңіл бөлмейтін бір ағамыз психологтың семинарына қатысыпты. Психолог: «дүние күйіп кетсе де балаңызбен күніне бір сағат ойнаңыз» деп кеңес беріпті. Үйге келгеннен кейін осыны жұбайына айтса, жолдасы: «баланың ойнайтын уақыты жоқ, кешке сабағын қарауы керек. Не айтып тұрсың өзің?» депті. Содан не керек, жұбайын ақыры көндіріп, күнде кешке жақын баласымен сабақтан келген соң ойнауды әдетке айналдырыпты. Баласымен жаңбырдың астында да қалып, батпақты да бірге кешеді. Үйге кіріп, баласының киіміне жұққан балшықты түсіріп, бірге жуынады. Өмірінде бірінші рет баласының үстін сүлгімен сүртіпті дейді. Арада бір апта өткенде баласы: «Әке, бұрын мен сіз үйге кіріп келгенде бөлмемнің есігін жауып алып, қашуға бейім тұратын едім. Ал қазір мен сізді асыға күтемін. Мен сізді жақсы көремін» депті дейді. Бір күні ағамызды сынып жетекшісі мектепке шақырыпты. «Құдай-ау, мен не бүлдіріп қойдым? Күнде уақыт тауып, баламды ойнатып жүрмін. Мен осыны істемей-ақ баламның сабақ қарағаны дұрыс па еді? Енді қайттім?» деп уайымдап, мектепке барып, ең соңғы партаға отырыпты. Сынып жетекшісі: «аға, сіз не істедіңіз» деп сұрақ қойыпты. Ағамыздың түрі бұзылып: «ойбай, мен не бүлдірдім? Әйелімді неге тыңдамадым екен?» деп жүрегі дүрсілдеп, мазасы қашыпты. Сонда сынып жетекшісі: «сіз не істедіңіз? Қазір балаңыз өзін еркін сезінеді. Білімге деген құштарлығы артты. Достарымен де емен-жарқын сөйлесетін болды. Иығын тік ұстап, еңсесін көтеріп жүретін болды. Сізге рахмет» депті.

Екінші топ атынан сөз алған ата-ана Алмас Солтанғалиев мектептің оқушылары арасында «мәселе туындаған жағдайда қалай шешесің?» деген тақырыпта сауалнама жүргізілгенін, сауалнама барысында оқушылардың 20 пайызға жуығы ата-анасымен, 40 пайыздан астамы достарымен, психологпен, басқа адамдармен ақылдасамын деп жауап бергенін айта келіп, осы мәселеге байланысты өзінің ойын айтты. «Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің баланың сұрағына дайын емес екенімізді, баланың өтінішіне көп құлақ аса бермейтіндігімізді аңғартады. Біз отбасындағы, жұмыстағы кейбір мәселелерді баламен ақылдасып, пікірін сұрауымыз керек екен. Сонда ертең бала да өзінде мәселе туындағанда сізбен ақылдасады. Ашық сөйлеседі.  Үйіңізге қарапайым бір зат алар кезде де баланың пікірін білу артықтық етпейді. Сонда бала отбасында өзінің орны бар екенін, қажет екенін сезінеді. Болашақта өзінің мәселесін, уайымын да сізге айтатын болады», - деді ол. Ал екі баланың әкесі Василий Андрущак баланы өмірге ерте бастан тәрбиелеу қажеттігін, мәселен, кішкене кезінде дүкенге жұмсап, кейін коммуналдық төлемдерді төлету секілді жұмыстарға бейімдеудің бір қарағанда білінбегенімен маңызы зор екендігін алға тартты.

Бала тәрбиесіне қатысты қанша кітап оқыдыңыз?

Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының әкелері арасында сауалнама ұйымдастырылып, оған білім ордасындағы 512 әкенің 247-сі қатысыпты. «Бала тәрбиесіне қатысты қанша кітап оқыдыңыз?» деген сауалға 22 пайызы 1, 17 пайызы 2, 14 пайызы 3-тен астам кітап оқыдым, 47 пайызы «мүлде оқымадым» деп жауап беріпті. «Биылғы оқу жылында мектептегі шараларға қанша рет қатыстыңыз?» деген сұраққа 17 пайызы 1, 13 пайызы 2, 9 пайызы 3 рет қатыстым, 61 пайызы мүлде қатыспадым деп жауап қайтарыпты. «Балаңыздың сабағына күніне неше сағат уақытыңызды жұмсайсыз?» деген сауалға 38 пайызы 1 сағат, 6 пайызы 1-2 сағат, 1 пайызы 2-3 сағат, ал 50 пайызы «мүлде уақыт бөлмеймін» депті. Ал «балаңыздың тәрбиесіндегі мәселені анықтап, шешу жолдарын іздестіріп көрдіңіз бе?» деген сұраққа әкелердің 21 пайызы «ақылмен  шешемін», 14 пайызы «әңгімелесу арқылы», 7 пайызы «ешқандай проблеманы байқамадым», 63 пайызы «оны анасымен шешеді, менің бұған қатысым жоқ» деп жауап беріпті.

Сауалнама қорытындысын оқып берген Рашат Шериязданов көпшілік әкелердің жұмысты, ананы-мынаны сылтауратып, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті өзінен ысырып тастауы дұрыс емес екендігін атап, керісінше кешегімізден үлгі алып, балаларды бабалар жолымен неге тәрбиелемеске деген ойын жеткізді. «Көпшілігіңіз «Абай жолы» романын кеңестік дәуірде оқып, Құнанбайға сол заманның, сол дәуір саясатының көзімен қарағандарыңыз анық. Қазір сіздер әйгілі туындыны қайта бір парақтап, Құнанбайға бүгінгі заман тұрғысынан, тәуелсіз елдің азаматы ретінде зер салып көрдіңіздер ме? Құнанбайдың даналығын, көрегендігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Құнанбай бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Не күтсем де осы жаман қарадан күтем» деп Абайды 9 жасынан білімге баулып, қасына ертіп жүріп, ел басқару ісіне үйреткен. «Балаларым көрсін, көкейіне түйсін» сол кездің мықты ақындарын, жыршыларын үйіне шақырған. Ұлдарын анасын құрметтеуге, елін, жерін сүюге тәрбиелеген. «Сондай қиын заманда Құнанбай балаларына осындай тәрбие берсе, азат елде өмір сүріп жатқан біз еліміз үшін әке ретінде не істеп жатырмыз?» деген сұрақ туындайды. Айтайын дегенім, бәрімізге Құнанбай, Абай болу шарт емес шығар. Десек те осындай дара тұлғалардың өмір жолын өнеге ретінде ұстанып, балаға өз тәрбиемізбен үлгі болғанымыз жөн», деді ол.

Азамат ҚАСЫМ

ӨСКЕМЕН