Аймақтар • 13 Мамыр, 2018

Қостанайлық полицейлер үздік көкпаршылардың қатарынан көрінді

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таран ауданында «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының қолдауымен өткен көкпарға 150 көкпаршы қатысты. Облыстық ішкі істер департаментінің командасындағы жігіттер епті де мықты көкпаршы екенін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. 

Қостанайлық полицейлер үздік көкпаршылардың қатарынан көрінді

Команда капитаны, департамент қызметкері Бақдәулет Асановқа аударыспақта қарсылас шақ келмеді, ол бірінші орынды алды.  

Ат спорты ойындары, әсіресе, көкпар соңғы жылдары Қостанай өңірінде кең тарап келеді. Полицей Бақдәулет Асановтың айтуынша, облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы ұлттық  ат спорты ойындарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Екі жылдан бері полицейлер командасы көкпардан үзбей жаттығулар өткізеді.

«Көкпар мен аударыспақ ойындары жігіттің бойында ептілік пен мықтылықты қалыптастырады. Командадағы полицейлердің бәрі ат спортымен бала кезден айналысқан жігіттер. Көкпар біздің қанымызға сіңген, аталарымыз аттың құлағында ойнаған ғой», дейді Бақдәулет.

Ал спорт, оның ішінде көкпар қазақ халқының, Орта Азия халықтарының ең сүйікті ұлттық ойыны болып саналған. Елін, жерін жаудан қорғаған батырларымыздың барлығы да осы көкпар мен аударыспақта шыныққан. Ал елдің тыныштығын қорғайтын полицейлер ат спорты нағыз шынығу екенін айтады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»