Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысына сапары барысында осы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Алдымен ол Көкшетау қаласы орталығында орналасқан М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясында болып, ІТ-сыныптың қазіргі жағдайын көріп білді. Аталған білім шаңырағына Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинмен бірге келді. Айта кету керек, бұл оқу ордасында партияның балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныптар ашу жобасы бойынша арнайы сынып жұмыс істейді. Оқушылар бұл күнде «Pascal», Java», «PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тетігін игеріп, робот-техникасына қатысты білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алып отыр. Бұл үшін мектеп қабырғасында барлық жағдай жасалған. Партия бастамасымен елімізде мыңға тарта ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот-техникасын игеру машықтары бойынша тереңдетілген білім алатын болады.
Бұдан басқа, өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйірмесі ашылғаны белгілі. Онда жеткіншектер ІТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білімдерін толықтыра алды. Соның арқасында мектеп түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, оқушылар жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Айта кету керек, 9, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтиханға және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған веб-сайтты осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапқан. Міне, осындай ауқымды жұмыстардың табысты жүзеге асырылуы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екені сөзсіз.
Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіндегі ІТ-орталықтың жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл орталық партияның ІТ-мамандар даярлау жобасы аясында ашылған. Енді бұл жерде уақытша жұмыссыз жүрген және өзін өзі жұмыспен қамтығандар бағдарламалау негіздері бойынша білім алып келеді. Олар «Java», «PhP», «Delphi», «C++3D», «Max3D», «Studio», «MaxFoxPro», «Corell3» сияқты бағдарламалармен танысып ғана қоймай, соларды пайдалану арқылы жұмыс істеуге машықтанады. Жалпы, ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындары базасында осындай 20 ІТ-орталық ашылып, оларда жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр. Ел тұрғындарының цифрлы сауаттылығын арттыру бағытында қазіргі таңда көптеген жұмыстар атқырылуда. Әсіресе жастарды бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыру ерекше назарда. Сондықтан да алдағы уақытта жастардың қабілеттерін шыңдау мақсатында партия айтарлықтай күш салатын болады.
Сапар барысында М.Әшімбаев өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесіп, осы саладағы партиялық жобалар жайын кеңінен талқылады. «Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды қолға алып, онда бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнес шығындарын азайту көзделген. Сонымен қатар бұдан былай кәсіпкерлердің коммерциялық мақсаттағы жер телімдеріне қатысты толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандарттарын енгізу жайынан хабардар болуына мүмкіндік жасалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен басқосуда өңірдің бас жоспары енгізілген интерактивті карта даярлау бастамасы талқыланды. Осы карта арқылы ақмолалық кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, бос жер телімдері туралы толық мәліметтер ала алады.
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына ат басын бұрған партия Төрағасының бірінші орынбасары қазіргі таңда еліміздегі кітапханалардың заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру жұмыстары басталғанына тоқталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру бастамасы партия жобаларының қатарында.
«Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы да өз қызметін жаңғырту бойынша нақты жұмыстарды қолға алды. Ақмола облысындағы игі бастамалар соның жемісі. Алдағы уақытта да партия қазақстандықтардың заман талаптарына бейімделген, инновациялық жетістіктерді еркін меңгерген, ІТ саласында бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бастаған жұмыстарын лайықты жалғастырады», деді М.Әшімбаев партиялық жобалардың маңыздылығы туралы айта келіп. Сапар соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясы облыстық активімен кездесіп, партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін жан-жақты талқылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы