Осы орайда Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен Ташкент қаласында бірқатар маңызды ғылыми-мәдени іс-шаралар легін өткізді. Атап айтқанда, мамырдың 11-12 күндері Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті, Өзбекстан Республикасы Өнер музейі, Өзбекстан Жазушылар одағымен бірлескен шаралар бауырлас халықтардың рухани сабақтастығын жаңа мазмұнмен байыта түсті.
Академия Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университетімен бірлесіп «Халықаралық түркологиядағы өзбек тілінің рөлі мен ынтымақтастықтың келешегі» атты ғылыми-конференция ұйымдастырды. Жиынды ұйымдастыруға келген Халықаралық Түркі академиясы делегациясы сапарын ұлы ақын, ғұлама ойшыл Әлішер Науаи ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастады.
Аталмыш конференцияда күллі түркі әлемінің рухани дамуына қатысты ауқымды мәселелер жүйелі талқыланды. Ғылыми жиынға Әзербайжан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей секілді елдерден келген ғалымдар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Ғылыми-конференцияда құттықтау лебізін білдірген Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев мұндай алқалы жиындар мемлекеттер арасында барлық сала бойынша табысты ынтымақтастықтың алғышартын жасайтынын ерекше атап өтті.
«Бүгін біз Жібек жолының, жаһандану процестерінің қайта өрлеп келе жатқанын айта аламыз. Мен конференцияға қатысушылардың барлығына үлкен жетістіктер тілей отырып, басқосуларыңыз табысты болсын деп тілеймін. Біздің кездесулеріміздің барлығы өзара ынтымақтастықтың берік іргетасын қалайды. Ең бастысы, өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің халықтардың рухани байланыстарына бұрыннан терең мән беріп, үнемі назар аударып келеді. Сондықтан менің ойымша, осы конференция оның «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты толағай еңбегінде айқын көрсетілген негізгі бағыттарымен үйлесетіндіктен, осы концепциямен жақын танысасыздар», – деді елші.
Түркі дүниесінің ғалымдары бас қосқан алқалы жиында түгел түркі жұртының тұтастығы мен тәуелсіздігін ұран еткен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліне аударылған «Танланган асарлар» атты таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылым салтанаты өтті. Бұл жинаққа ақын М.Жұмабаевтың өлеңдері, поэмалары, сонымен бірге зерттеу мақалалары енген.
Жинақты өзбек тіліне Қарақалпақстанның халық ақыны, белгілі сөз зергері Мұзаффар Ахмад аударса, кітапқа ғылыми түсініктер мен ақын туралы зерттеу мақаланы жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Насимхан Рахманов.
Кітаптың салтанатты таныстырылымын Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университетінің ректоры Шухрат Сирожиддинов өткізіп, сиясы кеппеген жаңа кітапты оқырманға тарту етті. Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі Мағжан Жұмабаев жинағын аударғаны үшін өзбек тарапына зор алғысын білдіріп, аудармашы, ақын Мұзаффар Ахмад пен профессор, мағжантанушы Нәсімхан Рахмановты арнайы медальмен марапаттады.
Конференцияда түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары, көркемсөз шеберлері Әлішер Науаи, Мағжан Жұмабаев, Шыңғыс Айтматов тағылымы әр қырынан сарапқа салынып, жалпы адамзаттық ақыл-ой қазынасына қосылған бірегей қазына екендігі дәйектеле түсті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижанов «Науаи мен Абай үндестігі: өткені мен бүгіні» деген тақырыпта баяндама жасап, даңғайыр даналардың ой ұшқындары жас ұрпаққа мәңгілік нәр болатынын байыптады.
Қырғызстандық белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадырәлі Қоңқабаев түркология ғылымының алдында тұрған міндеттер мен мақсаттар туралы тұжырымды пікір өрбітсе, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек түркі әлемі мен түркі зиялыларының тағдыры мен танымына Ташкент шаһарының тигізген шарапатты ықпалын терең саралап, өрелі ойларын ортаға салды.
Конференция барысында Халықаралық Түркі академиясы мен Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті мемлекеттік университеті арасында ынтымақтық жөнінде Меморандумға қол қою рәсімі жасалды.
Түркі әлемінен келген ғалымдар Жібек жолы бойында терең тамырластықты тоғыстырып тұрған Ташкент шаһарында Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев бастаған даналардың ізі сайрап жатқанын, тұтастыққа ұйытқы болған осы қалада Абай мен Мағжанның толық шығармалар жинағының жарық көргенін, ал бүгінгі Ташкент басқосуы да бауырлас халықтарымыздың рухани түлеуіне жарқын жол ашатынын бірауыздан атап өтті.
* * *
Сондай-ақ ғылыми делегация Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде қазақтың ұлы ойшылы, классик ақын Абай Құнанбайұлына арналған рухани кешке қатысты. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев наурыз айында халқымыздың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығын насихаттау туралы қаулыға қол қойғаны белгілі. Осыған байланысты бауырлас елде игілікті шаралар жүйелі ұйымдастырылып жатыр. Тағылымды кеште Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, С.Сейфуллин атындағы музейдің директоры, ақын Несіпбек Айтұлы, «Мағжан» көркем-әдеби журналының бас редакторы Жарасбай Сүлейменов Науаи мен Абай, Чулпан мен Абдурауф Фитрат бастаған ұлы тұлғалардың рухани мирасына терең талдаулар жасап, ғұламалар өнегесі бауырлас елдерді жалғастыратын алтын көпір екенін дәйекті дәлелдеді.
Абайдың әсем әндерін шырқап, қазақтың халық күйлерін орындаған өзбекстандық дарынды жас өнерпаздардың концерті рухани кешті дүр сілкінтіп серпілтіп жіберді. Атап айтқанда, Өзбек мемлекеттік театрының актері Хамза Хасанов, Өзбекстан мемлекеттік Жастар театрының актері Малик Валиходжаев ұлы ақынның қарасөздерін өз тілдерінде мәнерлеп оқыды, ал Өзбекстан ұлттық консерваториясының бір топ жас өрендері Абай әндерін тамылжытып орындады.
Кеш соңында Абай Құнанбаев жайлы өзбек режиссері Гияс Шермухаммедов түсірген деректі фильм көрсетілді. Тағылымды кешке қатысушылар бірауыздан көне мұраның шырақшысы болып отырған Өнер музейінде өткен Абайға арналған кештің бауырлас халықтардың достығына үлесі мол екендігіне ерекше мән беріп, әріптестік байланыстардың көкжиегі бұдан әрі кеңи беретініне сенім білдірді.
* * *
Сонымен бірге Халықаралық Түркі академиясының делегациясы Өзбекстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Бехзод Юлдашевпен, Өзбекстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, жазушы Мирзо Минхожиддин бастаған қаламгерлермен де кездесу жасады.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Өзбекстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Бехзод Юлдашев жылы шырайда өткен сұхбат барысында түркі әлемінің ықпалдастығына ғылым мен білім, мәдениет пен өнердің іргетас болып тұрғанына тоқталып, заманауи жүйелі зерттеулерді қолдауға ықылас танытып, алдағы уақыттарда әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді. Халықаралық Түркі академиясының басшысы ортақ тарихты бірлесіп жазу, археологиялық біріккен қазба жұмыстарын жүргізу, киелі жерлерге экспедициялар жасау, архив деректерін бірлесе зерттеу ұтымды болатыны туралы пікірін білдірді.
Өзбекстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Мирзо Минхожиддин делегацияны одақтың заманауи жаңа ғимаратында қарсы алып, шын жүректен ыстық ықыласын білдірді. Екі елдің қаламгерлері бір мезгіл үзіліп қалған байланыстардың соңғы уақыттарда қайта жаңғырғанына ризашылық білдіріп, риясыз пікір алмасты. Кездесуде сөз алған Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев баурлас екі ел президенттерінің бастамасымен соңғы кезде қарқын алған ықпалдастықтың түпкі тамырында құнарлы да бай әдебиетіміз мен мәдениетіміз тұрғанын, Өзбекстанда Абай жылына орай 200-ден астам шаралар жоспарланғанын, оның тамыз айында тоқсандық есебі болатынына тоқталып, қаламгерлердің игілікті істерге белсенді араласуына, екі елдің ортасында әдеби байланыстар, өнер кештері, аударма саласы, архив деректерін зерттеуге арнайы жол картасын жасау маңызды екеніне, зерттеушілер мен қаламгер қауымға елшілік ғимаратында арнайы зертханалық кабинет ашу да пайдалы іс болатынын айтып, қаламгер қауымға шалқар шабыт тіледі.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет елімізде Қазақстан жазушыларының классикалық шығармалары соңғы кезде БҰҰ тілдеріне аударылып, әлемдік деңгейде насихатталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудармаға терең мән беріліп жатқанына тоқталды. Ол сонымен бірге екі елдің ақын-жазушылар антологиясын өзбек-қазақ тілінде шығаруға жоспар жасалғанын, тараптар арнайы жұмыс тобын құру керек екендігін білдірді.
Кездесуде сөз алған ақын Несіпбек Айтұлы Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын қазақ тіліне аударып аяқтауға жақын қалғанын айтса, ақын Музаффар Ахмад Абай жырларын тәржімалап жатқанын құлағдар етті. Халықаралық Түркі академиясы басшысы бауырлас халықтарға нәр беретін мұндай игілікті істерді қолдауға әрдайым әзір екендігін білдірді.
Кездесуді түйіндеген Халықаралық Түркі академиясының басшысы: «Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай ұлы тұлғаларымызды бірлесіп насихаттау, қасиетті жерлерге тағзым ету, латын әліпбиінің тәжірибесін бөлісу, қолжазба мен архив деректерін жүйелі зерттеу жобаларын жасасақ, екі халықтың да мүддесіне сай келеді. Академия жазып жатқан «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығына өзбек ғалымдарының араласқаны маңызды. Өзбекстан академияға мүше болатынына сенім білдіремін» деді.
Ұлы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталған ақ сапар Қазақстан елшілігінің әсем ғимаратының алдында қасқайып тұрған алтын хакім Абайдың алып ескерткішіне ұрпақтар тағзымымен аяқталды. Тағылым мен терең мазмұнға толы алқалы жиындар, әріптестік кездесулер, еркін сұхбаттар Алаш зиялыларының ізі айпарадай сайрап жатқан Ташкент қаласында нәтижелі өтуіне көптен бері қауыша алмай сағынысып қалған бауырластардың ыстық жүрегінің лебі қуат, дана бабалардың сара жолы шуақ бергені анық. Лайым, сол құдіретті сезім өшпей қайта лаулай берсін.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты