Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Бұл шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар және Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының өкілдері қатысты. Қатысушылар алдында сөз алған Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті Серік Сейдуманов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы бір жылда атқарылған ауқымды істерге кеңінен тоқталып өтті.
«Бұл уақыт аралығында жоғары оқу орындарына арналған 11 гуманитарлық пән бойынша қазақ тіліндегі 18 жаңа оқулық жарық көрді. Философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология және журналистикаға байланысты қажетті әдебиеттер тәржімаланды. Биыл тағы да 30 кітапты аудару жоспарланып отыр. Бұл пәндерге қоса, Батыс философиясының тарихы, лингвистика, семантика, жаңа педагогика, интернет психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихын қамтыған тағы да 9 пәннен оқулықтар аудару кезекті жұмыс кестесінде тұр», деді С.Сейдуманов.
Сондай-ақ экономика мен кәсіпкерлік тақырыбында жазылған 6 оқулық MBA бағдарламасы негізіндегі бизнес-мектептерге пайдалануға жіберіледі. Әр оқулық баспа бетінен 10 000 данамен жарық көріп, республикадағы барлық мемлекеттік университеттерге тегін тарту етіледі. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бас-
тап жоғары оқу орындары үшін қажет осы оқулықтардың электронды нұсқалары Ұлттық аударма бюросының сайтында жарияланады.
ҚазМУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева бұл жобаның заманауи әлемдік білім беру ісімен қатар жүретін маңызды қадам әрі құрал екенін айырықша атап өтті. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері «Education» деп аталатын БҰҰ бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Бұл жастарды жаһандық қоғамдастықтың бір мүшесі, әлем азаматы болуға даярлаумен қатар, өз елінің нағыз патриоты болуға үйретеді.
«Таңдалған және аударылған оқулықтардың аудиториясына қарап, кітаптардың жалпы өркениетті білімнің көрінісі екеніне көз жеткізіп отырмыз. Ол шынында да сана шеңберін өзгертіп қана қоймай, бізді озық әрі жаңа біліммен жақындастырады. Біз қазірдің өзінде бұл оқулықтармен оқытуды бастап кеттік және оның қалыптан тыс ойлауды дамытуға көмегі барын байқадық. Оқулықтарды пайдаланатын студенттер өздерінің адамзат қауымдастығына қатысы барын сезіне түседі», деді проректор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі, қазақ тіліндегі басылымның ғылыми редакторы, Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабын аударған Кенжехан Матыжанов қоғамның барлық саласын қамтитын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының нақты көрсетіп отырған пайдасы мен руханият әлеміне қозғау салған тиімді тұсына тоқталды. Әсіресе «100 оқулық» жобасының мемлекеттік тілді жаңғыртуға бағытталған әсеріне көпшіліктің назарын аудартты.
Қатысушылардың пікірінше, жаңа жоба ең үздік әлемдік үлгі негізіндегі білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Бұл арада жаңа оқулықтарды қазақ тіліне аударуға атсалысып жатқан ҚазҰУ-дің ғалымдары мен оқытушыларының еңбегін атап өткен орынды. Алты жобаның әрбір қатысушысы аударма барысында кездескен қиын әрі қызықты сәттер туралы көбірек әңгімеледі. Әсіресе қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік, терең білу жобаның маңызды талабы болғаны айтылды. Оқулықтар тақырыпты дәл және қисынды баяндауымен ерекшеленеді.
Басқосуда мамандар қазақ тілінде сауатты, сапалы сөйлеген әдебиеттерді студенттердің гуманитарлық пәндер бойынша қазына жинақтауына көмектесетін «білім энциклопедиясы» деп бағалады. Жаңа оқулықтардың тәржімасы негізінде мемлекеттік тілдің терминологиялық қоры мен ғылыми лексиканы байытуға елеулі үлесі болған 3000 жаңа ұғыммен толықтырылды. Дөңгелек үстелде жаңа оқулықтарды алдағы уақытта оқу үдерісіне енгізудің кейбір мәселелері де сөз болды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ