Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Мәдениет және спорт министрлігі Заң жобаларын таныстырды

454 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптаның аяғында Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрлігінің заң шығармашылық қызметіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Мәдениет және спорт министрлігі Заң жобаларын таныстырды

Аталмыш министрлік тарапынан былтыр төрт, биыл бес заң жобасы әзірленген екен. Осылардың ішінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 27 сәуір күні қабылданған болса, дәл қазір «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», сонымен қатар «Кинематография туралы» заң жобалары Парламентте қабылданып, Мемлекет басшысына жолданыпты.

Басқосу барысында жоғарыдағы үш заң жобасы бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы сала мамандары баспасөз өкілдеріне түсіндірме жасап, журналистер сұрағына жауап берді.

«Кинематография туралы» заң жобасы бойынша таныстырылым жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова, бұл заңға өзгерістер енгізу заман талабынан туындап отырғанын айта келе, мұндағы басты мақсат: «Ұлттық фильмдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық кинотуындылардың халықаралық мәртебесін көтеру, ел аумағында көрсетілетін фильмдерді жүйелеу, оларды есепке алу, фильмдер прокаты мониторингінің ақпараттық жүйесін құру көзделуде», деді Сәуле Қарсақпайқызы.

Сондай-ақ, аталмыш заң аясында ұлттық киноны дамытудың мемлекеттік қорын құру арқылы кино өндірісіне, прокаттауға, көрсетуге қаржы бөлудің тетігі қаланбақ. «Ұсынылып отырған заң жобасы кинематография саласындағы қатынастарды тиімді реттеуге құқықтық негіз қалауы тиіс», деді департамент директоры.

Заңдағы тағы бір жаңалық: ескі құжаттағы «ел аумағында көрсетілетін барлық фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасау міндетті» деген норма күшін жойыпты. Неге олай деген сұраққа мамандар: «Елімізге жыл сайын орта есеппен 300-ге тарта фильм сырттан әкелінеді. Бұлардың дені интеллектуалды, әлеуметтік маңызы зор туындылар қатарына жатпайтындықтан олардың бәрін қазақшалаудың қажеті жоқ деген қорытындыға келдік» деді ол сөзін түйіндеп.

Келесі кезекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түсіндірме жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттама департаментінің директоры Әлия Мұстафина, бұл заң жобасы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап айтты.

Өйткені, 20 жыл бұрын қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң ескірген. Осы аралықта қоғам жаңаша сипат алды, экономика басқа арнаға бет бұрды, жаңа үрдістер пайда болды. Сөйтіп қолданыстағы заң нормаларын заман талабына сәйкестендіру қажеттілігі туындапты. «Жаңа заң жобасы – архив ісі саласының заңнамалық базасын жетілдіруге, жекелеген бағыттарының тиімділігін арттырып, қызметін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, құжаттарды рәсімдеу, сақтау бойынша талаптардың ведомствоаралық сипатын ескере отырып, оларды бірыңғай нормативтік актілерде бекіту жайын реттеу, жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қанағаттандыру мәселелері көзделіп отыр», деді Әлия Хұсайынқызы.

Үшінші құжат – «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға қатысты «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, археолог Ахат Оңғар мырза түсіндірме жасады. Еліміздегі тарихи-мәдени мұраларға қатысты бұл мәселе өте өзекті. Өйткені Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қасиетті Қазақстан» идеясын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ететін құжат осы. Сондықтан да 1992 жылы қабылданған аталмыш заңды өзгерту заман талабы.

Жаңа заң жобасы бойынша: еліміздің мәдени мұрасын жаңғырту, сақтау, дамыту және оның құқықтық негіздерін анықтау, бәрінен бұрын заңнамалық базаны кешенді жетілдіру ісін жолға қою нақтылауда. Сонымен қатар, тарихи-мәдени объектілерін анықтау, есепке алу, сараптама жүргізу, нысандарды паспорттау және уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы құзыреттің міндетін айқындау жайы қарастырылған.

Сол сияқты, жаңа заң бойынша археологиялық жұмыстарға лицензия беру тәртібі өзгерген. Ескі құжатта лицензия иесінің құзырлы орган алдында ешқандай міндеттемесі жоқ-тын. Қазір олай емес. Археологиялық қазба жұмыстары уәкілетті орган бекіткен жоспар негізінде жүзеге асырылады. Бұл заңсыз қазба жүргізуге шектеу қойылады деген сөз.

 – Жаңа жобаның артықшылығы, тарихи-мәдени мұраға археологиялық қазба жүргізу бекітілген ереже негізінде іске асады, – дейді Ахан Оңғарұлы. Сондай-ақ, жаңа заңда – қазылған нысандарға рекультивация және консервациялық жұмыстардың жасалынуы; табылған жәдігерлердің музейлерге өткізілуі; сараптамадан өтетін ғылыми есептің уақытылы тапсырылуы; есептердің ғылыми мұрағаттық қоры жасақталуы сияқты міндеттер жүктелген.

Қазіргі таңда республикалық маңызға ие 219, жергілікті санаттағы 11 942 ескерткіш ресми түрде бекітілген. Бұлар техногендік және антропогендік әсерлерден бұзылып жатыр. Осыларды сақтап қалу жайы да жаңа заңда қарастырылыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»