Жолдас Сәдуақасов «Еңбекшіл қазақ» газетінің 160-ші санында «Ленин Һәм ұлт мәселесі» деп жазған мақаласында жолдас Ленинді ұлтын сүюші ұлтшыл етіп шығарып, кейбір ұлтын сүймейтін қазақ коммунистерін ұлтын сүймейді, өз ұлтынан безеді, коммунист емес дегенге келтіреді.
Жолдас Лениннің ұлтын сүймейтінін, қысқартып айтқанда, ұлтшыл екендігін ыспат ету үшін Лениннің сөзі деп мынандай сөзді мысалға алады: «Біз орысты, орыс халқын сүйеміз. Сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз. Жақсы көрген сайын еркін, іргелі халық болуын тілейміз» және орыстың халықшыл Чернышевский деген марқұмның «Сорлы ұлт, бейшара халық шетінен құл халық» деп 50-ші жылдың турасында айтқан сөзін мысалға алып, біздің қазақ коммунистері де соны айтсын дегенге келтіреді. Мұнысы Сәдуақасовтың коммунистіктің не екендігін білмейтін соқырлығы, болмаса теріс бағытқа айдаушылығы.
Себебі ұлт деген, қысқаша айтқанда, жері бірге, тілі бірге адамдардың шаруашылық, мәдени, саяси тұрмыс реті бойынша бірлігі. Орысша айтқанда (объединение). Солай болғанда бұл бірліктің ішінде байы да, жарлысы да, төресі де һәм неше түрлі сұмқылдары – бәрі де бар. Теп-тегіс бір таптан деуге болмайды. Әр таптың адамдарынан болады. Егер де біз коммунистер ұлтты сүйеміз десек, байды да, төрені де һәм неше түрлі сұмқылдардың бәрін де сүюші болып шығамыз.
Біз, коммунистер, тек қана жалпы һәм шын бейнетқорларды сүйеміз. Байларға, төрелерге қарсымыз.
Егер де Ленин ұлтшыл, ұлтын сүйеді десек, онда ол капиталшыларды да, жуан жұдырықтарды да, байларды да сүюші болып шықпақ.
Лениннің қанша байларға, жуан жұдырықтарға қарсы болғандығын көп ыспат келтірмей-ақ, көзі ашық, саңлауы бар адамның өзі-ақ түсінер деп ойлаймын. «Марксшілдік қай түрлі ұлтшылдықтың болса да дұшпаны һәм кімде-кім ұлт мәдениетін қуаттаса, оның орны ақсүйек байлардың ішінде. Біздің марксшілдің арасынан аулақ жүрсін», деп айтқан. Жолдас Лениннің өзі тап жолдас Сәдуақасовқа арнап айтқан сияқты. Міне, осының өзі-ақ көрсетеді: жолдас Лениннің ұлтшылдыққа қай көзбен қарағандығы, бұл бір.
Екінші, жолдас Сәдуақасовтың: «Біз орыс халқын сүйеміз, сүйген сайын біз орыстың патшасына, төрелеріне қарсымыз. Біз орыс жұртын жақсы көреміз», деп Ленин айтты деген сөзі жолдас Ленинге үлкен пәле жабу болып шығады. Себебі Ленин олай деп айтқан жоқ, айтқаны мынау: «Біздер өзіміздің тілімізді, туған жерімізді сүйеміз. Сүйген сайын еңбекшілдерді (халықтың оннан тоғызын) оятып, социал-демократ һәм социалистердің саналы тұрмысына жеткізуге көбірек қызмет етеміз. Біздің туған жерімізді патшаның қандыбалақтары, ақсүйек капиталшылары қанша езіп, зорлық етіп, масқаралап жатқанын көріп һәм сезіп, бек қатты жүрегіміз ауырады». Міне, осы сөзден ұлтын сүюшілік шыға ма? Шықпайды. Бұл сөзде жолдас Ленин ұлтқа қай көзбен қарайтындығын көрсетіп кеткен. Жоғарыдағы қоршауда тұрған оннан тоғыз дегеннің өзі-ақ көрсетіп тұр.
Ұлтты сүймейтіндігін және бұл сөз заманына қарай үкімет патшалар, байлардың қолында болып, жарлыларды езіп тұрған уақытында айтқан сөз. Жолдас Сәдуақасовтың қисық көшіруі һәм қоршауда тұрған «онның тоғызы» деген сөзді тастап кетуі таңғаларлық іс.
Көрмей кетті ме екен, болмаса жорта тастап кетті ме екен, Лениннің бұл сөзін қазіргі уақытта бізге үлгіге алуға болмайды. Себебі үкімет қазірде жарлылардың қолында. Бұл сөзді айтуға мүмкін тек жарлылар үкіметіне риза болмаған байлар һәм ақжағалылар. Ал енді халықшыл Чернышевскийдің «Сорлы ұлт, бейшара халық» дегеніне келсек, бұдан бізге еш мағына тумайды. Неге десеңіз, қазіргі біздің коммунистердің жолы мен халықшылдардың жолының арасы жер мен көктей және Чернышевскийдің ерте уақытта, социалистер жаңа ғана оянып, халық патша қоластында езіліп тұрған уақытында айтқан сөзі. Бұл сөзді мысалға алуға қазірде келмейді.
Жолдас Лениннің әр ұлттың ықтиярын өзіне беру керек деген сөзінен ұлтты сүйеді екен деп ұғыну керек емес. «Әр ұлттың ішіндегі жарлы- жалшылардың ықтиярын өзіне беру керек һәм жарлы, шын бейнетқорларды сүю керек деп айтты» деп ұғыну керек. Қазіргі қазақ сияқты уақ ұлттарға беріп отырған ықтияр, бостандық жалпы халықтың, яки ұлттың ішінде адамдардың бәріне беріліп отырған емес, тек қана жарлы һәм шын бейнетқорларына беріліп отырған бостандық. Бұл бостандықты беріп отырған ұлтшылдар емес, Россияның шын коммунист жұмыскерлері бұларға басшы болып, түзу жол сілтеген жолдас Ленин.
«Бүкіл дүние жалшылары, бірігіңіздер!» деген коммунистердің ұранынан-ақ көрініп тұр – коммунистердің кімді сүйетіндіктері. Қай түрлі ұлтшыл болса да, езілген тапқа бостандық алып бере алмайды.
Ұлтшыл болып, езілген тапқа қызмет етем деу – езілген тапты езуші, алдаушы болам деушілік. Езілген таптың қамқоры, жол басшысы болатын тек шыны қосымшасыз коммунистер. Ұлтшылдар – езілген таптың дұшпаны. Ұлтшыл кісі – ортақшыл емес.
Серікқали ЖАҚЫПҰЛЫ
Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»