Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаевтың айтуынша, былтырғы жылы өткен «Ұлытау қымызы» этнофестивалі мен биылғы «Көкмайса» осы ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. Сонымен қатар бұл шаралар аудан көлемінде бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан, қазақтың «бие байлау», «айғыр қосу», «қымызмұрындық» сияқты ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін «Терісаққан көктемі» этнофестивалінің бір бөлігі деуге болады. Аталған дәстүрлер материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізіміне енген.
«Көкмайсада» ақшаңқан киіз үйлер бой көтеріп, әжептәуір жәрмеңке ұйымдастырылды. Жергілікті халық өз қолымен жасаған қымызы мен қаймағын, құрты мен майын, еті мен сүтін саудалап, бір жасап қалды.
Әсіресе сырттан келген қонақтарға бәрі таңсық – көпшілік атқа мініп, қайықпен серуендеп, алтыбақан теуіп, тамаша сауыққа кенелді. Ұлытаудың қасиетті тауларын жаяу-жалпы аралаған жұрттың да қарасы көп. Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне бір күндік сапар ұйымдастырылып, бірнеше топ Теректі әулиенің басына, Алтыншоқыға тәу ете барды.
Шараның бір мақсаты – атакәсіпті жарнамалап, жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету. Фестиваль аясында аспаздық өнер байқаулары, ағаш өңдеуден, қамшы өру мен арқан есуден шеберлік сабақтары, сазгерлік пен ұлттық әндердің, би өнерінің байқаулары ұйымдастырылды. Әлбетте, ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар да аз болған жоқ.
Қызық-думанға толы «Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастырушылар оны бұдан былай жыл сайын өткізіп отырмақшы. Дәстүрлі «Терісаққан көктемі» өңірге келген шетелдік қонақтардың қай-қайсысының да көңілінен шыққан, халықаралық ЮНЕСКО мен ИСЕСКО (Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ислам ұйымы) ұйымдарын да қызықтырып отыр. Этнофестиваль барысында өтетін ұлттық салт-дәстүр көріністері мен қазақтың ас мәзірі, бай дастарқаны ешкімді таңдандырмай, тамсандырмай қоймайды. Барған сайын молыға түскен этнофестиваль – қазақ жеріне туристер тартудың аса бір тиімді де ұтымды жолы. Сондықтан ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз мол.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы