Өнер • 14 Мамыр, 2018

Әуезов театрының Ақ Жайықтағы күндері өтті

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Батыс Қазақстан облысында бір апталық гастролдік сапарда болды. Танымал өнер ұжымының өнерін Орал қаласы ғана емес, Сырым, Теректі және Зеленов аудандарында тұратын көрермендер де тамашалады.

Әуезов театрының Ақ Жайықтағы күндері өтті

Әуезов театрының жыл сайынғы дәстүрлі жазғы гастролі биыл Батыс Қазақстан облысынан басталды. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ұжымының Д.Темірсұлтанова, Д.Ақмолда, А.Сатыбалды секілді танымал өнерпаздары И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М.Омарованың «Ақтастағы Ахико», Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Ғ.Есімнің «Таңсұлу», А.Володиннің (аударған А.Маемиров) «Қоштасқым келмейді...» қойылымдарын сахналады.

Бір ерекшелігі, бұл жолы Әуезов театры театр жанындағы музей қорынан қызықты жәдігерлер әкеліп, көшпелі көрме де ұйымдастырыпты. Жарты ғасырлық тарихы бар театр музейінде алғашқы театр әртістерінің киімдері мен фотосуреттері, афишалары, бағдарламалары, өмірден озған театр артистерінің өмірбаяндары, жеке материалдары, қолжазбалары, алған сыйлықтары сақталған. Театр музейінің жетекшісі Наргиз Асанжанова оралдықтарға әрбір жәдігердің тарихын әсерлі әңгімелеп берді.

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр гастролі өңірлерде бұдан былай да жалғасады. Бұған қоса біздің театр биыл Францияда өтетін дүниежүзілік «Авенью» театр фестиваліне Қазақстаннан тұңғыш рет қатысайын деп отыр. Біз бұл додаға ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Қорқыт» драмасын әзірлеп жатырмыз, - дейді өнер ұжымының болашақ жоспарларымен бөліскен театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Алматылық өнер ұжымының гастролдік сапары жексенбі күні Р.Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарих драма қойылымымен аяқталды. Бейбарыс Сұлтанның бейнесін актер Азамат Сатыбалды ойнады. Қорытынды кешке Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, СССР, ҚазССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Асанәлі Әшімов, ҚР халық әртісі Есмұқан Обаев қатысып, тілек білдірді. Театр директоры Асхат Маемиров әр қойылымды құшақ жая қарсы алған көрермен қауымға, театр артистерін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен облыс басшыларына алғысын айтты.

Әуезов театрының гастролі Қостанай облысында, Арқалық қаласында жалғаспақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы

Суретті түсірген Рафхат Халелов