Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

SANTO мен ҚазҰМУ ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде SANTO компаниясы мен аталмыш университет Ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл рәсім «SANTO академиялық бағдарламасы» білім беру жобасы аясында жүзеге асты.

SANTO мен ҚазҰМУ ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Салтанатты шараға жиналғандар алдында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Нұрғожин мен SANTO компаниясының бас директоры Ижи Урбанец құттықтау сөз сөйледі.

Меморандумға қол қойып жатып, екі тараптың өкілдері теңдей құқық және өзара пайда болу қағидасына сәйкес, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытып және оны жүзеге асыру үшін ұйымдастыру жағынан да қаржылай қолдау тұрғысынан да жағдай жасауға ықыласты екенін білдірді.

Атап айтқанда, білім беру аясындағы ынтымастық аясында бірлесе білім беру бағдарламасын дайындау жоспарланған. Өз тарапынан SANTO компаниясы университет студенттеріне тағылымдамалар ұйымдастыруды, тәжірибелік семинарлар мен конференцияларды, ғылыми зерттеулер өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, меморандум аясында халықаралық журналдарда зерттеу нәтижелерін жариялау, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру мен заманауи медицинаның өзекті мәселелерін шешу үшін өзара күш біріктіру көзделген.

«Қазақстанның жетекші медициналық университеттерінің бірі бүгін біздің серіктесімізге айналып отырғанына мен аса қуаныштымыз, – деді Ижи Урбанец мырза. – Сондай-ақ, университеттің баскетбол және волейбол командаларына арнап спорт киімдерін, спорт жабдықтарын сатып алуға көмектескенімізді де қуана жеткізгім келеді. Ынтымақтастыққа бастаған осы алғашқы қадамымызды ары қарай да жемісті түрде дамытуға дайынбыз. Бүгін жаңа меморандумға қол қойып отырғанымыз – біз үшін айтулы оқиға, өйткені биыл біздің «SANTO академиялық бағдарламамызға» 5 жыл толды. Осы кезеңде біз Астана медициналық университетімен, Назарбаев Университетімен, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясымен, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығымен, Оңтүстік Қазақстан облысы өңіріндегі Кәсіпкерлер палатасымен табысты ынтымақтастық орнаттық. Меморандумдар аясында студенттер, мектеп оқушылары, ғалымдар компанияның Қазақстандағы және Польшадағы өндірістік қуаттылықтарын, зерттеу жүргізетін зертханаларын көріп қайтуға мүмкіндік алып, келешегі мол ғылыми жұмыстары үшін гранттарға ие болып отыр».

Орайы келіп тұрғанда, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жүзеге асыру үшін 2013 жылы компанияның «SANTO академиялық бағдарламасы» атты басты білім беру жобасы қолға алынғанын айта кетуге болады. Жоба ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 22 мамырындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінде белгіленген бағытқа сәйкес, фармацевтикалық өнеркәсіп сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне дейін көтеруді көздейді. Елбасы өз сөзінде инновацияларды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету, халықаралық деңгейдегі біліктілігі бар инженерлік, техникалық кадрларға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін білім беру жүйесін икемдеу қажеттігін, сондай-ақ, оқу жоспарлары мен әдістемелерді қалыптастыруға бизнесті қатыстыру, жергілікті мамандар қатарынан жоғары кәсіби кадрлар құрамын қалыптастыру үшін шетелдік мамандарды тарту қажет деген ойды ерекше атап өткен болатын.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»