Облыс қалалары мен аудандары әкімдерінің селекторлық мәжілісінде өңірді дамытудың 110 көрсеткішінің 82-сі базалық болып саналатын, оның 71-і табысты орындалғаны, қалған 11 – экономика мен әлеуметтік салаларда күрделі проблемалар бар екендігін көрсеткені айтылды. Өңдеу өнеркәсібінде, шағын және орта бизнесте көрсеткіш көңілдегідей болмаған. Өңдеу өнеркәсібіндегі төмен көрсеткішке «АгромашХолдинг» зауытындағы ауыл шаруашылығы комбайндарын шығару мен "ЕвразКаспианСталь зауытындағы болаттан құйылатын темір шыбықтар мен сымдарды өндірудің төмендеуі әсер еткен. Негізгі инвестициялардың бағытталуына қарамай ауыл шаруашылығында да индикатор 1,2 пайызға орындалмай қалды. Мал шаруашылығында уақ мал санының азайғаны айтылды. Сонымен қатар, облыста апат жағдайында жұмыс істеп тұрған үш мектептің, Қостанай қаласында әлі де балалар үш ауысымда оқитын мектептердің барлығына байланысты білім саласы да межеге жете алмады. Ал денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімінің тоқтамай отырғаны әлеуметттік саладағы проблемалардан хабар берді.
Аудандар арасынан Қамысты мен Ұзынкөл ауданындарында тапсырмалардың орындалу көрсеткіші 90 пайызды құрап, көш бастады. Амангелді, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарасу, Мендыкара, Сарыкөл, Федоров аудандарында салалар бойынша көрсеткіштер төмен болды. Науырзым ауданында өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан, қала басшыларына кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай