Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Экономиканың барлық салаларын қатар дамыту көзделеді

312 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың алғашқы 4 айындағы елдегі әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы, төртінші деңгейдегі бюджет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін енгізу барысы,  2017-2018 жылдарғы жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Экономиканың барлық салаларын қатар дамыту көзделеді

Экономикалық өсім байқалады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндамасында ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі − 3,8 пайызды құрап отырғанын айтып, елдегі экономикалық ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. Тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған ин­фля­циялық қысымның төмендеуі мен инвестициялық белсенділіктің артуы. Инфляция жыл басынан бері 2,2 пайызды құрап, өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендегені анықталып отыр. Ал жылдық инфляция 6,5 пайыздық деңгейінде сақталады деген сенім бар. Соған қарамастан елде өсімі кері кетіп отырған салалар да анықталып отыр. Әсіресе құрылыс және металлургия саласында өсім өткен жылмен салыстырғанда төмен. Мысалы, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті келтірген мәлімет бойынша, өңделмеген және жартылай өңделген кү­міс­тің немесе ұнтақ түріндегі өндірістер көлемі 334 194 килоны құраған, бұл − алдыңғы жылдағы көр­сеткішпен салыстырғанда 6,5 пайызға төмен болып отыр.

Сонымен қатар Т.Сүлейменов жылдың бірінші тоқсанында елдің халықаралық резервтері 1,8 пайызға артып, 90,7 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайғанын, алтын-валюта резервтері 3,4 пайызға өскенін, Ұлттық қордың активтері 0,9 пайызға артып отырғанын жеткізді.

Жыл басынан бері Қазақ­стан­дағы сыртқы сауда айналымы да артып, 24,3 пайызға өсім көр­сетіп отыр. Бұл нәтижені Ұлт­тық экономика министрі атал­ған саласындағы іскерлік бел­сенділікпен байланыстырып, ел экспортының 27 пайызға өс­кенін сыртқы нарықтағы жағдайдың жақсара бастауымен сабақтастырды. Сыртқа шы­ға­рылған шикізаттық емес тауар­лардың өсімі 11,2 пайызды құ­рап отыр. Бұл ретте импорт көлемі де 19,4 пайызға арт­қан. Сонымен қатар министр еңбек нарығында тұрақтылық сақ­талып отырғанын, ағымдағы жыл­дың басынан 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылғанын айтты.

«Ағымдағы жылғы сәуірде жұ­мыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды және 4,9 пайызды құрады. Айтарлықтай ұзақ мерзімнен кейін, үстіміздегі жылдың басынан бастап нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2 пайызды құрады. Қаңтар-сәуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңге болды», деді Т. Сүлейменов.

Жиында сөз алған Энерге­тика министрі Қанат Бозымбаев ағымдағы жылдың 4 айында Қазақстанда газ өндіру көле­мі 18,7 млрд текше метрді құра­ғанын мәлімдеді. Оның айтуын­ша, газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қара­ғанда 6 пайызға өсім көрсеткен. Ал газ экспортының көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,1 пайызға жоғары. Осы жылдың 4 айының ішінде сұйытылған газ өндірісі 1,24 млн тоннаны құрады. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,5 пайызға артық.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 4 айының ішінде отын-энергетика саласы бойынша оң көрсеткіштер динамикасы жалғасын тауып отыр. Мұнай және конденсат өндіру көлемі 29,9 млн тоннаны құрады. Яғни, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өсім көрсеткен. Соның ішінде министрдің дерегінше, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 17,9 млн тоннаны  құраған. Атап айтар болсақ, Қа­шағанда – 3,8 млн, Теңізде – 9,9 млн, Қарашығанақта 4,2 млн тонна мұнай өндірілді. Ал, мұнай экспорты көлемі 24,1 млн тоннаны құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес  кезеңіне қарағанда 4,3 пайызға артық.

Сонымен бірге уранның әлем­дік нарықтағы бағасының төмен­деуіне байланысты сұра­ныс кеміп, жылдың бірінші тоқса­нында небәрі 7 137 тонна уран өндірілген. Сол сияқты көмір өндіру көлемі 36,8 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Ішкі нарыққа 26,8 млн тонна көмір жеткізілгені және 8,6 млн тонна экспортқа шығарылғаны анықталып отыр. Осы ақпараттан кейін Премьер-Министр Б.Сағынтаев орталық және жергілікті атқарушы ор­ган­дарға алдағы уақытта көмір тапшылығын болдырмауды қатаң тапсырды.

Жылыту маусымына дайындық – ерте бастан

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алдағы 2018-2019 жылдары жылыту маусымына уақытында және сапалы дайындалу мақ­сат­ында Инвестициялар және даму министрлігінің жылыту мау­сымына дайындық жөнін­дегі жұмыс жоспарын бекіт­кенін атап көрсетті.

Жоспарға сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдік­теріне 2018 жылдың 1 қыркүйе­гіне дейін білім беру нысан­дарының 100 пайыз дайындығын, 2018 жылдың 15 қазанына дейін барлық коммуналдық ша­руа­шылық, әлеуметтік сала ны­сандарының, тұрғын үйлер­дің дайындығын аяқтап, автономды қазандықтарды отын­ның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет екенін жеткізді. Министрдің баяндамасынан кейін Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жылыту кезеңінің тұрақты өткенін, енді алдағы күзгі, қысқы кезеңдерге орталық және жергілікті атқарушы органдар дайындықты ерте бас­тап, қамдануы керектігін айтты. Сонымен қатар Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктеріне жылыту кезеңіне дайындықтарды орындау барысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Өз кезе­гінде әкімдер жылумен, энергия­мен жабдықтаудың, комму­налдық сектор мен әлеуметтік сала­ның барлық нысандарына жоспарланған жөндеу жұмыс­тарын қамтамасыз етуі тиіс екенін шегелеп айтты.

Барлық өңір қамтуы тиіс дербес бюджет

«100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 98-қадамы аясында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ дең­гейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді көздейтін жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды. Осыған орай елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дер­бес бюджеті енгізілмек. Осы жайында кеңірек баяндаған Ұлт­тық экономика министрі Т.Сү­лейменов келтірген ақпарат бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын 1062 ауылдық округте енгізілген, ал келер екі жылда бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірлерін қамтымақ.

Министрдің айтуынша, дер­бес бюджетті енгізу ауылдық округ­тердің қаржылық мүмкін­дік­терін кеңейтуге және салық­тар­ды тікелей өз бюджетіне алуы арқылы жергілікті маңызы бар мә­селелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшей­туге мүмкіндік берді. Биылғы жыл­ғы жергілікті өзін-өзі басқа­ру бюджеттер кірістерінің жоспары 113,8 млрд теңгені құрамақ.

Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне жергілікті өзін-өзі басқару мәсе­лесіне тұрақты монито­ринг пен талдау жүргізуді жүк­теп, сонымен қатар Қаржы минис­трлігі ауылдық округтер бюд­жетінің ақпараттық жүйелерде толыққанды жұмыс істеуін қам­тамасыз ету бойынша барлық дайын­дық іс-шараларын аяқтауы қажеттігін баса айтты. Ауыл тұрғындарына кейбір қызмет­терді жеңілдік шарттарымен ресімдеуге мүмкіндік беру қажет­тігі жайында айтылған ұсыныс­тың орынды екенін жеткізіп, мәселенің жіті қадағалауда болатынын айтты.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»